Астаналық мұғалім 13,5 тонналық автобусты сүйреді
№50 мектептің ұстазы Айгүл Ержанова салмағы 13,5 тонна болатын автобусты сүйреп, әлемдік рекорд орнатты. Бұл көрсеткіш 50 жастан асқан әйелдер арасында алғаш рет тіркеліп отыр.
Айгүл Ержанова бұған дейін де рекорд жаңартқан. Өткен жылы ол жалпы салмағы сегіз тонна болатын екі пикапты 57 метрге сүйреп, көпшілікті таңғалдырған еді. Биыл ұстаз өз нәтижесін жақсартып, одан да ауыр көлікті таңдаған.
Оның айтуынша, бұл қадам арқылы мектеп бітіруші жастарға мотивация бергісі келген.
«Жастар өз армандарына сеніп, мақсатына табандылықпен ұмтылса деген ой болды. Ең бастысы, сенім мен еңбек», - дейді рекорд иесі.
Айгүл Ержанова спорт саласында да жоғары жетістіктерге жеткен. Өткен жылы Каирде өткен пауэрлифтингтен ашық әлем чемпионатында екі бірдей алтын медаль жеңіп алған. Енді оның есімі әлемдік рекордтар кітабына екінші рет енгізілмек.