Атырау әкімдігі 4 млн теңгеге 10 калькулятор сатып алмақшы болған
Атырау қалалық әкімдігінің кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі 10 калькулятор сатып алуға шамамен 4 миллион теңге бөлінгені туралы тендер жариялаған. Бұл туралы "Ақ Жайық" жазды.
Тиісті хабарландыру мемлекеттік сатып алу порталында 8 сәуір күні пайда болған. Бастапқыда бұл қарапайым бухгалтерлік калькуляторларды сатып алу сияқты көрінгенімен, бөлінген сома жұртты таңғалдырмай қоймады – 3 млн 925 мың 890 теңге. Яғни бір калькулятор шамамен 400 мың теңгеге бағаланған.
Мұндай қаржыға жай есептеу құралдарын емес, бірнеше қуатты, жоғары өнімді ноутбук сатып алуға болатыны белгілі.

Өтінім қабылдау үшін берілген қысқа уақыт ішінде конкурсқа екі әлеуетті жеткізуші қатысуға үлгерген. Алайда қазіргі уақытта бұл тендер күшін жойған ретінде көрсетілген.
Әлеуметтік желілерде бұл жағдай қызу талқыланып, «алтын калькуляторлардың» қандай ерекше мүмкіндіктері болуы мүмкін деген әзіл пікірлер де тарады.
Кейіннен қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарландыруда көрсетілген баға қате екенін мәлімдеді. Олардың айтуынша, бұл қате сандық мәндегі нүктенің дұрыс қойылмауынан туындаған.
«Қате дер кезінде анықталып, жарияланғаннан кейін келесі күні-ақ сатып алу туралы хабарландыру порталдан алынып тасталды. Нақтысында 10 калькулятор сатып алуға 39 мың 258 теңге қарастырылған. Бір калькулятордың бағасы – 3 925,8 теңге. Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу рәсімдері аясында жаңа хабарландыру жариялау жоспарланып отыр», – делінген әкімдік мәлімдемесінде.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: 100 МЛН ТЕҢГЕЛІК ТЕНДЕР ДАУЫ: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ БІР НӨЛДЕН ТАҒЫ ШАТАСТЫ МА?
Елімізде мұндай тендерлердің өткізіліп тұратыны бар. Мысалы, 2022 жылы Қызылорда облысы Шиелі аудандық білім бөлімі мемлекеттік сатып алу сайтында лот жариялап, онда бір литр сүттің бағасын 14,5 млн деп көрсеткен. Сол сияқты Қармақшы ауданындағы №275 мектеп қызметкерлері де 1 күртені 1,5 млн теңгеге бағалағаны белгілі болған еді.
Тіпті Түркістандағы дау тудырған тендер де алғаш рет өткізілген жоқ. Тамыз айында әлеуметтік желіде Түркістан қалалық мәслихаты 30 конференц-орындықты 30 млн теңгеге сатып алмақ болған. Лотта әр орындықтың бағасы 1 млн теңгеден шығып тұрғаны әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Абырой болғанда, дауға себеп болған лоттағы қателік уақытында анықталды. Мәслихат өкілдері «техникалық құжат толтыру кезінде бір нөл артық кетіп қалғанын» түсіндіріп, күн соңына қарай бағасын қайта түзеді. Жаңартылған сметаға сәйкес, бір орындықтың бағасы 100 мың теңгеден аспауы тиіс деп көрсетілді.