Атырау облысында төтенше жағдай жарияланды
Атырау облысының Жылыой ауданында төтенше жағдай жарияланды.
Су тасқыны салдарынан Доссор – Құлсары – Бейнеу республикалық тас жолының бір бөлігі жабылған.
Өңір басшысы Серік Шәпкенов жедел штабқа техника санын көбейтуді, әр учаскеде кезекшілікті ұйымдастыруды, құтқарушыларды отынмен, азық-түлікпен қамтамасыз етуді тапсырды.
Құлсарыдағы жағдаймен танысқан Шәпкенов қаладан шығатын жолды жабуды ұйғарды.
Сонымен қатар, Жем өзеніне келген судың деңгейі 2 метр 53 см көтеріліп, Ақкиізтоғай ауылына қауіп төнді.
Осыған байланысты ауылға 11 техника жіберіліп, 100-шақты ерікті көмекке барды. Күн, түні жұмыс жасаған еріктілердің арқасында 1500 қап құм толтырылып, жағаларға төселіп, ауылды аман алып қалды, деп жазады АқЖайық.
Құлсары қаласындағы "Бесінші ауыл" мен Барлаушы ықшамаудандарын байланыстырып тұратын автокөлік көпірі жарамсызданған. Жылыой ауданында судың келуі бәсеңсіген жоқ.
Фото: azh.kz