Атырауда ер адам азаматтық некедегі әйелін 3 жасар қызының көзінше пышақтап кеткен
42 жастағы әйел өз пәтерінде аса қатыгездікпен өлтірілді. Қылмысқа қатысты негізгі күдікті ретінде оның 38 жастағы азаматтық некедегі жұбайы ұсталды, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Марқұмның денесін үйге келген 16 жастағы қызы тапқан. Анасының жанында үш жасар сіңлісі болған. Туыстарының айтуынша, кішкентай қыз полицейлерге әкесінің анасына пышақпен бірнеше рет соққы жасап, кейін оқиға орнынан қашып кеткенін айтқан.
Жақындарының мәліметінше, әйелдің денесінен 28 пышақ жарақаты анықталған. Олар марқұмның бұған дейін де бірге тұрған ер адамның әрекеттеріне байланысты бірнеше мәрте полицияға жүгінгенін жеткізді.
Полиция күдіктінің ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады. Аталған дерек бойынша «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қайғылы оқиғадан кейін марқұмның туыстары оның кәмелетке толмаған балаларына қамқорлық жасауды өз мойындарына алатынын мәлімдеді.