Әлеумет

Атырауда пәтерлерді заңсыз бөлген экс-шенеунік сотталды

Атырау қаласының №2 соты қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің тұрғын үй секторының бұрынғы басшысы Гүлжамал Жолдасованы қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және қызметтік жалғандық жасау бойынша кінәлі деп таныды.

сот

Сот анықтағандай, 2024-2025 жылдары Жолдасова қалалық тұрғын үй комиссиясының мүшесі бола отырып, заң бойынша тұрғын үй алуға құқығы жоқ азаматтардың пәтер алуына ықпал еткен.

Атап айтқанда, тұрғын үйлер үшінші топтағы мүгедектігі бар азаматтарға берілген. Ал бағдарлама талаптарына сәйкес баспана бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға арналуы тиіс болған.

Кейбір жағдайда пәтер алған азаматтардың жеке меншігінде тұрғын үй болған немесе белгіленген талаптарға сай келмеген.

Тергеу материалдарына сәйкес, шенеунік әкімдік ресми шешім қабылдамай тұрып-ақ пәтер кілттерін табыстап отырған. Кейін құжаттарға жалған мәліметтер енгізген.

Тұрғын үй алушылар тізімінде азаматтар бірінші және екінші топтағы мүгедектер ретінде көрсетілгенімен, шын мәнінде олардың бір бөлігі үшінші топтағы мүгедек болған немесе мүлде мұндай мәртебеге ие болмаған.

Тергеу органдарының пікірінше, мұндай әрекеттер нәтижесінде kezekte.kz жүйесі арқылы заңды түрде кезекте тұрған азаматтардың құқықтары бұзылған.

Сот Гүлжамал Жолдасованы Қылмыстық кодекстің 361-бабы («Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану») және 369-бабы («Қызметтік жалғандық жасау») бойынша кінәлі деп таныды.

Оған 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Сондай-ақ сот үкімімен Жолдасоваға мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Қазақстан Ұлттық Банкі жүйесінде, мемлекеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік секторда қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынды.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ және оған шағым түсіруге болады.

Тегтер: Атырау
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз