Атырауда Жеңіс саябағында қыздың қаза болуына қатысты іс қайта қаралады
Атырау облыстық сотында жеті жасар Айарудың қазасына қатысты іс қайта қаралып жатыр.
Бұған дейін кассациялық сот алқасы мүсінші Дмитрий Баймұқашевке шығарылған айыптау үкімінің күшін жойып, істі жаңадан қарауға жіберген.
Еске салсақ, қайғылы оқиға 2024 жылдың маусым айында болған. Қатты жел кезінде Жеңіс саябағындағы Ұлы Отан соғысы батырларының біріне арналған салмағы шамамен 200 келі болатын бюст құлап, оның астында жеті жасар қыз қалып қойған.
Оқушы қыз жедел түрде облыстық балалар ауруханасына жеткізілгенімен, алған ауыр жарақаттарынан көз жұмды. Оқиға кезінде оның әкесі Айдос Сабыров пен ағасы да зардап шеккен.
Кейін белгілі болғандай, мемориалдық бюсттер 2020 жылы қалалық әкімдіктің бастамасымен демеушілердің қаржысына орнатылған. Алайда оларды орнатуға қажетті рұқсат құжаттары рәсімделмеген әрі ескерткіштердің теңгерім ұстаушысы да анықталмаған. Соның салдарынан төрт жыл бойы бұл монументтер іс жүзінде қараусыз қалып, оларды күтіп-ұстауға және техникалық жағдайына жауапты мекеме болмаған.
Өткен жылдың шілде айында Атырау соты Дмитрий Баймұқашевті кінәлі деп танып, оны бір жыл алты айға бас бостандығынан айырған. Сондай-ақ оған жәбірленуші тарапқа өтемақы төлеу міндеттелген. Кейін апелляциялық саты да бұл үкімді өзгеріссіз қалдырды. Ескерткіштерді орнату кезіндегі заңбұзушылықтар мен олардың теңгерім ұстаушысы анықталмағанына қарамастан, сот мүсіндердің авторын ғана жауапты деп таныған.
Алайда кассациялық сот алқасы істің мән-жайы толық зерттелмеген деген қорытындыға келді. Соттың пікірінше, алдыңғы сот талқылауларында нақты қандай құрылыс нормаларының бұзылғаны, бюстің құлауына не себеп болғаны және орнатылғаннан кейін оның техникалық жай-күйі мен қауіпсіздігіне кім жауапты болуы тиіс екені толық анықталмаған. Осыған байланысты бұрынғы үкімнің күші жойылып, іс жаңадан қарауға жіберілді.