Атыраудағы жасөспірімнің өлімі: полиция неге күдіктілер жазадан құтылғанын түсіндірді
Атырау қаласында 2024 жылы Жайық өзеніне батып қаза тапқан 14 жастағы Мерланның туыстары істі қайта қарауды талап етіп отыр. Марқұмның анасы ұлының өлімі кездейсоқ емес, әдейі жасалған әрекет деп санайды. Бұл туралы Almaty TV хабарлады.
Марқұмның жақындары тергеу қорытындысымен келіспейді. Анасы Анаргүл Касантәева ұлын суға әдейі итеріп жібергенін айтып, істі ҚР ҚК 104-бабынан («Абайсызда адам өліміне әкеп соқтыру») 99-бапқа («Адам өлтіру») қайта саралауды талап етуде.
«Менің баламды Жайыққа итеріп жіберген, соның кесірінен қайтыс болды. Мұны жасаған бала қазір бостандықта жүр. Ол бар болғаны 60 мың теңге айыппұл төлеп, есепке қойылған. Ал куә болып, үндемей қалғандар да жауапқа тартылуы керек. Қолымызда олардың кінәсін мойындаған хат-хабарлар бар, бәрін сараптамаға жіберу қажет», – деді марқұмның анасы.
Отбасының адвокаты істі жан-жақты қайта қарау үшін материалдарды Бас прокуратураға жолдауға ниетті екенін мәлімдеді.
Полиция не дейді?
Атырау облыстық полиция департаменті бұл іске қатысты түсініктеме беріп, тергеудің не себепті тоқтатылғанын түсіндірді.
Ведомство мәліметінше, тергеу барысында барлық күдікті тұлғалар анықталып, жауаптары алынған, сараптамалар тағайындалған. Алайда іс қылмыстық-процестік заңнамаға сәйкес тоқтатылған.
«Іс ҚР ҚПК-нің 35-бабы («Қылмыстық істі жүргізуді болдырмайтын мән-жайлар») негізінде тоқтатылды. Себебі күдікті қылмыстық жауапкершілік жасына толмаған», – деді департаменттің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.