Саясат

«Атырауға қытайлардың келуіне болады»

Нұрлан НОҒАЕВТЫҢ есеп беру жиынында көп уақытты жиырмаға жуық адамның әкімді мақтауы алды.

«Атырауға қытайлардың келуіне болады»
Әрине, сұрақтар да қойылды, бірақ, көтерілген мәселелер мақтаудан әлдеқайда аз болғанын айтпай кетуге болмайды. Алдымен, көтерілген мәселелерге аз-кем тоқталсақ.Атырау облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВТЫҢ есебінде өңірімізге қытайлар келе ме деген сұрақ көлденең қойылды. 2016 жылы жер митингісіне шыққан атыраулықтардың бұндай сауалды қоюы да заңды. — «Қақпақты қара қазан» атанып, кезінде полигонға айналған Тайсойғанымыз қытайларға берілді деген әңгіме желдей есіп тұр. Ол қаншалықты рас?Қала тұрғыны Ғұбайдолла ШОЛАҚОВТЫҢ сұрағына жауап берген Нұрлан Ноғаев: — Ол жерде мұнай-газ кен орны болуы ықтимал деген болжам айтылуда, оны «Қазмұнайгаз» мекемесі зерттеп жатыр, мердігері – қытайлық компания. Бұл жөнінде бұрын да түсінік берген болатынбыз. Бізде жыл сайын он мың шетелдікке жұмыс істеуге рұқсат етілген. Біз өз тарапымыздан қолданыстағы заң аясында заңсыз келгендер болса кері қайтарумен айналысамыз. Бұған қобалжудың қажеті жоқ, — деп түсіндірді. Мұнайлы өлкенің жұрты жер деп сотталған азаматтарын да ұмытпапты. Минал КЕНЖЕБЕКОВ есімді азамат облыс әкімімен кездесуде министрліктер өкілдері мен депутаттардың отырғанын пайдаланып, үш жыл бұрын жер дауы бойынша сотталған Макс БОҚАЕВТЫ босатуды талап етті. Бұдан бөлек, ол Астанаға былтырғыдай «көрімдік» (жаяу жүргіншілер көпірі) бере бермей, сол қаражатты әлеуметтік әлсіз топтарды қолдаса қайтеді деген ойын жеткізді. — Келесі мәселе тікелей Нұрлан Асқарұлы сізге емес, мына жерде даму министрі Дархан ҚАЛЕТАЕВ келіп отыр екен, залда Атырау облысынан сайланған, өздері АҚШ доллары сияқты көп көрінбейтін сенаторлар Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВ пен Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ отыр. Соны пайдаланып, құлаққағыс қылайын деп отырғаным, жердің жаппай сатылуын кідірту туралы дүрбелеңде Макс БОҚАЕВ пен Талғат АЯН сотталды. Талғат бостандыққа шықты, Макс әлі қамауда отыр. Одан бері миллиондап, миллиардтап ұрлаған, пара алған, кісі өлтірген адамдар да бостандыққа шығып жатыр. Сіздер Президент пен Жоғары сот төрағасына шығып  Максты босатуды жәрдемдессеңіздер. Оны шығарып жібер деген сөз емес, жазасының қалған бөлігін шартты түрде өтеуге болады ғой, — деді Минал Кенжебеков.Облыс басшысы, министр Дархан Қалетаев, қос депутат та Макс Боқаевқа қатысты ұсынысты естісе де естімеген сынай танытты. Тіпті астаналық мәртебелі меймандардың біреуі ел алдына шығып жауап қатпады. Ноғаевтың есебі болған соң әкім үнсіз қала алмады. Бірақ ол тек Астанаға жасалатын қымбат сыйлыққа қатысты ғана жауап берді.  — Биыл Астанаға сый тарту мәселесі көтеріліп отырған жоқ, бірақ, жаңадан құрылған Түркістан облысына тарту жасауымыз мүмкін, — деді Нұрлан Ноғаев. Жұртшылық арасынан өзіне үй, жұмысына кабинет, баласына жұмыс сұраған, тергеудің дұрыс өтпей жатқанына наразылық танытқан, басқалай да жеке сауалын қойғандардан бөлек, көптің көкейіндегі мәселелерді алға тарта келгендер де болды. Баспанасыз жүрген халыққа тым болмаса жер телімдері неге берілмейді дегендер де болды. — Жер телімі әлі күнге 2004 жылы арыз бергендерге үлестіріліп жатыр. Қазақтың кең-байтақ жерін неге беріп тастамайды, тым болмаса, бір бөлмелі баспана тұрғызып алар едік. Сосын жергілікті әкімдер неге үйіп-төгіп уәде беруге құмар? Өткенде ауылдың әкімінен «сіз былтыр да осындай уәде бергенсіз, биыл да беріп отырсыз, келесі жылы да бересіз бе?» деп сұрадым. Ауылда тротуарлар жоқ, көшелерде жарық жоқ, сұрасақ, биыл жарықтандыруға бөлінген қаражатты көрші Ақжар ауылына бөліп жіберіпті, -деді Талғайраң ауылынан келген Қалиева деген тұрғын. Ноғаев бұл жолы да бірінші сұрақтан аттап өтіп кетті. Тіпті өкпелеп те қалды. — Орыста «көршінің шөбі шүйгін» деген сөз бар. Басқа ауылға бөлінсе, ол жақта да сіздердей адамдар тұрып жатыр, — деп ренішін жасыра алмаған аймақ басшысы «Әкімдер, уәдені байқап беріңіздер. Байқап отырсаңыздар, мен оңды-солды уәде беріп жатқан жоқпын, бұл ешқандай жұмыс жасалмайды дегенді емес, уәденің ауыр жүк екенін аңғартады. «Арық сөйлеп, семіз шыққан» дұрыс», — деген ескерту жасады. Сондай-ақ, инфроқұрылым мен шекара мәселесін көтергендер де болды. — Бізде жолдар нашар, кісі ауырған жағдайда, аудан орталығына қатынауымыз қиын, аяғы ауыр әйелдер босанатын мекеме жоқ. Содан да, ауылдан көшіп жатқандар көп. Азық-түлікті бізге жақын болғандықтан Ресейдің Астрахань облысына қарасты Харабали ауданынан таситын едік, енді шекарадан 36 келіден артық затты өткізбейтін болды. Осы мәселені облыс болмаса, республика көлемінде көтеріп, шешуге болмас па екен, — деген  Құрманғазы ауданы Сүйіндік ауылдық округі жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақтыгерей СЕЙІТХАНОВ Құрманғазы ауданындағы Ресеймен шекаралас ауылдардың мұң-мұқтажын қозғады. — Шекара мәселесі өзекті болып тұр, өкінішке қарай, Ресей тарапынан қолдау байқалып отырған жоқ. Сіз көтерген мәселелерді шешу үшін екі жақты келісімдерге өзгерістер енгізу керек, осы жерде Парламент мәжілісінің депутаттары отыр, осы іспен айналысады деп ойлаймын… Ал жүкті әйелдерге келсек, қазіргі талап бойынша, олар мамандандырылған орталықта босануы тиіс, сол себепті, уақыты жақындағанда Атырау облыстық перзентханасына келіп жатады, — деп нақтылады әкім.Әкім баяндамасынан белгілі болғаны, биыл Құрманғазы ауданы Ақкөл елді мекеніндегі су тазалау ғимаратын қайта жаңғырту, Дәулеткерей-Көнеу су құбырының құрылысы, Индер ауданы Кетебай, Қызылжар-Ақтан елді мекендеріндегі су құбырының құрылысы жалғаспақ. Асан және Үштаған елді мекендеріндегі су құбыры, Исатай ауданы Амангелді елді мекеніндегі су құбырын бюджет есебінен салу көзделіп отыр. «Астрахань-Ганюшкино-Маңғышлақ» су құбырынан Орлы, Нұржау, Кадырка, Жұмекен, Ганюшкино ауылдарында орналасқан су тазарту ғимараттарына қосу үшін су құбырларын тарту жұмыстарын бастау жоспарлануда. ​ — Осы ауқымды жұмыстарды атқарсақ, аймақ елді мекендерінің орталықтандырылған ауыз сумен қамтылу деңгейі 87 пайызға жетпек, сөйтіп, барлығы 143 елді мекен таза ауыз сумен қамтылады, — деп мәлімдеді Нұрлан Ноғаев.Бұдан бөлек, әкім балықтың қырылу дерегі бойынша жұмыстардың жіті бақылауда екенін айтты. Есеп беру жиынының соңы қалыптасқан «сценарийден» ауытқыған жоқ. Нұрлан Ноғаевтың жұмысына сәттілік тілеп, оң ықыласы мен пейілін білдіргендер табылды. Жиырмаға жуық атыраулық әкімді мақтады. — Құрметті Нұрлан Ноғаев мырза! Мен жеке шаруамды айтпаймын, сіздің жақсылығыңызды айтамын, бізге клуб, медпункт салып, ауылымызға түгел жарық жалғап бергеніңізге рахмет. Біздің үйімізде  бәрі бар, бақытты адам болып отырмыз. Ең бақытты адам Атырауда өмір сүрген адам деп білем. Мен көп жерге барып жүрмін, бізде жетпей жатқан зат, өртеніп жатқан бала жоқ. Ауылымның атынан айтсам, күнде милицияға түсіп жатқан бала да жоқ, тентек болса ешкімге көрсетпей өзіміз тәрбиелеп аламыз. Осының бәрі, әкім, сіздің арқаңыз! Мен жиналыстарға бара бермеймін, сіз жақсы жұмыс жасап жатсыз, соған сізден үлкен үміт күтіп, ешкім жоғары жаққа алдып кетпей, Атырауда тұра беруіңізді сұрау үшін келіп тұрмын… Хан болғанда артында қырық уәзірі болатын, сен сол уәзірлеріңді түзеп ал! Саған айтатын аналық тілегім осы! – деді Жаңаталап ауылының тұрғыны Зиба БАХИТОВА. Осылайша әкім есебі алғыстармен аяқталды. Былтыр Нұрлан Ноғаев 4 сағат 46 минут есеп берсе, биыл  46 минутқа қысқарды.Фотоларды автор ұсынды.
Тегтер: Без Тега
Қуаныш  Қаппас
Қуаныш Қаппас Қуаныш Қаппас

Оқыңыз