Саясат

Пашинян: ҰҚШҰ Арменияны ұйымнан шығарса, қуанамын

Армения алдағы бес жылда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) жұмысына қайта оралуды жоспарлап отырған жоқ.

Пашинян

 Бұл туралы 24 тамызда парламентте сөйлеген ел премьер-министрі Никол Пашинян мәлімдеді.

«Біз ҰҚШҰ аясындағы жұмысымызды жандандыруды жоспарлап отырған жоқпыз деп сеніммен айта аламын», – деді Пашинян.

Оның айтуынша, қазір ұйым ішінде Арменияға қатысты тиісті талқылаулар жүріп жатыр. ҰҚШҰ жарғысы мүше мемлекетті ұйым құрамынан шығаруға мүмкіндік береді.

«Егер ұйым Армения Республикасын құрамынан шығару туралы шешім қабылдаса, мен қатты қуанар едім. Өйткені бұл бізді “шығамыз ба, шықпаймыз ба?” деген дилеммадан құтқарады», – деді Армения премьер-министрі үкіметтің 2026-2031 жылдарға арналған бағдарламасына қатысты депутаттардың сұрағына жауап беріп.

Армения ҰҚШҰ-ға қатысуын 2024 жылдың ақпанында тоқтатқан. Сол жылдың мамырында ұйымды қаржыландырудан да ресми түрде бас тартты. Бұған ҰҚШҰ-ның Әзербайжанмен қақтығыс кезінде Армения күткендей араласпауы себеп болған. Кейін Пашинян ұйымды «көпіршік одақ» деп атап, оның кейбір мүшелерін Бакуді іс жүзінде қолдады деп айыптаған.

Армения Еуроодаққа өтініш беруге дайындалып жатыр

Пашинян парламенттегі сөзінде Арменияның Еуропалық одаққа қосылу перспективасына да тоқталды.

«Армения ең алдымен ЕО-ға мүшелікке қабылдау туралы ресми өтініш беруі керек. Бұл да ауқымды жұмысты қажет ететін процесс. Бәлкім, жақын арада осы процесті бастаймыз», – деді ол.

Премьер нақты мерзімдерді атаған жоқ. Сонымен бірге ЕО мен Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) бірін таңдау мәселесі бойынша референдум өткізу мүмкіндігін жоққа шығармады. Оның сөзінше, мұндай референдум Еуроодаққа ресми өтініш беріліп, Брюссельден жауап алынғаннан және ықтимал мүшелік бойынша «жол картасы» пайда болғаннан кейін өткізілуі мүмкін.

Маусымда Пашинян басқаратын «Азаматтық келісім» партиясы парламент сайлауында жеңіске жетті. Ал оған дейін, 5 мамырда Ереванда Армения мен Еуроодақ арасындағы тарихтағы алғашқы саммит өткен. Тараптар қауіпсіздік пен қорғаныс, энергетика, көлік және цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге уағдаласты.

Арменияның ЕО-мен жақындасуы Мәскеудің наразылығын туғызды. Мамырдың соңында Ресей, Беларусь, Қазақстан және Қырғызстан Армениядан ЕАЭО құрамында қала ма, әлде Еуроодаққа қосылу бағытын жалғастыра ма – осы мәселені референдум арқылы шешуді талап еткен бірлескен мәлімдеме жасады.

Ресей президенті Владимир Путин мен басқа да ресейлік шенеуніктер Арменияның бір мезгілде ЕО мен ЕАЭО құрамында болуы мүмкін емес екенін бірнеше рет мәлімдеген.

Пашинянның бүгінгі мәлімдемесіне Кремль де жауап берді. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Армения ЕО-ға мүшелікке өтініш берген жағдайда еуропалық стандарттарға көшуі керек екенін, ал олардың ЕАЭО стандарттарына қайшы келетінін айтты.

ҰҚШҰ мәселесіне қатысты Песков Мәскеудің бұған дейін Ереван әзірге ұйымнан шығуды жоспарламайтыны туралы мәлімдемелерді естігенін атап өтті.

«Егер Ереван өзінің ұлттық мүдделері тұрғысынан өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ететін осындай маңызды ұйымға мүше болуды қажет деп таппаса, тиісті шешім қабылдап, ұйымнан шығуға ерікті», – деді Кремль өкілі.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз