Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:41, 18 Маусым 2024

Әуезовтің баласы, халықтың ұлы еді

Мұрат Әуезов
Фото: postfactum.kz

Дүниеге даңқты тұлғаның ұлы боп келіп, соған лайық ғұмыр кешіп, ақыры әкенің ғана емес, халықтың да ұлы боп өту барлық тұлғаның перзенттеріне бұйыра қоймаған бақыт. Күні кеше 82 жасында өмірден озған Мұрат Әуезовтің болмысына қарап, осыны ойладық. 

Ол өмір құшағына енген кезде әкесі маңдайы жарқыраған жазушы болатын. «Абай жолы» романының алғашқы кітабы шығып, тегіс қазақ оқырманы мойындаған, республика шартарабына аты кеткен мәшһүр қаламгер еді. Бірақ дүрбелең жылдардың дүбірі құлағынан кете қоймаған тұс. Отызыншы жылдардың қысастығын көрген, жақын дос, жанашыр ағаларынан айырылған Мұхтар Әуезов Фатима Ғабитованың жағдайын жақсы түсінді. Тіпті арадағы сүйіспеншілікті айтпаған күннің өзінде екі бірдей азаматынан айырылған Фатима Ғабитоваға қолдау керек болатын. Ол қолдауды Мұхтар Әуезов қапысыз атқарды.

Сөйтіп жұмыс таппай, қиналып жүрген Фатима Ғабитованы Меркіде мұғалім ғып ұйымдастырып, жанашырлық көрсетті. Мұрат Әуезов осы Меркі кентінде 1943 жылы 1 қаңтарда дүние есігін ашты. Тұтас халықтың басына ауыртпашылық түскен жылдарды көктей өтіп, өз бастарына түскен қайғыны да бөлісе көтерген әке мен ананың махаббатынан туған Мұрат Мұхтарұлы өмір бақи әке есіміне қарыздар болды.

Әкесінің ақылымен МГУ-дың қытай филологиясын бітірді. Мәскеуде әлем әдебиеті институтында филология бойынша кандидаттық диссертация қорғаған. Өмір бақи әке қағидасымен өмір сүрді. Ұлтын сүйді, ұлтына сүйікті ұл болды.

«Жас тұлпар» ұйымы 1963 жылы 6 қарашада Мәскеу энергетикалық институтының асханасында қазақстандық студенттердің тұңғыш басқосуында құрылды. Оның жетекшісі болып Мұрат Әуезов сайланған.

Мұрат Әуезов «Жас тұлпардың құрылуы туралы: «Біз өзіміздің кім екенімізді, тарихымызды білгіміз келді. Қазақ ұлтына жасалып отырған әділетсіздікті көрдік. Сол уақыттарда қазақ мектептері жабыла бастады. Семей полигонында ядролық жарылыс жүргізілді. Қазақстанның бес облысын қамтитын Тың өлкесі құрылып, оған сырттан неше түрлі адамдар әкелінді. Бес облыс үшін бір ғана газет шығарылды. Оның өзі орысша басылымның аудармасы. Ашаршылық туралы естігеніміз бар. Ешқандай деректер жоқ, бірақ ата-аналарымыздың, үлкендердің әңгімелерін тыңдағанбыз. Ақиқаттың ашылмай жатқанын ішіміз сезіп жүрді. Осының бәрі біз сияқты жалындап тұрған жас жігіттерді ойға қалдырды» депті.

Мұрат Әузезов осы жас күнінен қалыптасқан сенімінен айырылған жоқ. Дипломатиялық, ағартушылық қызметтер істеді. ҚХР-да елші болды, Сорос қорының директоры, Ұлттық кітапхана директоры болды.

Оның болмысында бір дегдарлық бар еді. Жанжалдасып, шайқасып жатқанын естімейсің. Бірақ ұлт құру идеясы жолында көптеген шаруалар атқарып жататын. Кейін де арнайы сұхбаттар ұйымдастырды. «Ділім» деп кітап жазды.

Әкесіне қатысты кез келген шараға үлкен құрметпен барды. Құрметпен қарады. Оны енді ұрпағы жалғастырады. Ал Мұрат Әуезов жолы ұлт тарихының бір жарқын беттері болып қала бермек.

Мұрат Мұхтарұлының қазасына байланысты отбасына, қалың еліне қайғыра көңіл айтамыз.

Жасалаштықтар

Тегтер: