Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:35, 21 Мамыр 2024

«Ауыл аманаты» кәсіпкерлерге жетті

1

Елімізде өңдеуші өнеркәсіп, соның ішінде жеңіл өнеркәсіпті дамыту перспективалары жоғары.

 Әрі қажеттілік пен импорт көлемін есепке алсақ, бұл кезек күттірмейтін мәселе де. Алайда жеңіл өнеркәсіп қарқын алып кетті, бұрынғыдан қарағанда өсім жоғары деп айта алмаймыз. 

Бұл орайда әр өңір, облыстар мен қалалар бизнесті дамытуға, өнеркәсіп орындарының көптеп ашылуына, жеңіл өнеркәсіп үлесін арттыруға мүдделі. Мәселен, Алматы облысында өнеркәсіп саласының көлемі өткен жылы 6 пайызға өсіп, 1,7 триллион теңгеге жеткен. Оның ішінде өңдеу саласы 90,4 пайызды құрайды. Әсіресе қағаз және қағаз өнімдерін, сусындар мен тамақ өнімдерін өндіру саласында өсім байқалады. Бұған «Ауыл аманаты» бағдарламасының септігі тиіп отыр дейді жергілікті кәсіпкерлер.

Аталған жоба өңдеу саласына қатысты кәсіптерді, өсімдік шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау, мал шаруашылығын дамыту және тағы да басқа бизнес түрлеріне арналған. Ол бойынша ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда 2,5 мың айлық есептік көрсеткішке (шамамен 9 миллиондай) дейінгі сомада микрокредит беріледі. Ал номиналды сыйақы жүйесі 2,5 пайыздан аспайды. Осы мүмкіндікті пайдаланып, кәсібін кеңейтіп отырған кәсіпкерлердің бірі – Қарасай ауданы Еңбекші ауылының тұрғыны Амангелді Көжебаев. Ол өзінің кондитерлік цехын үлкейтіп, аудандағы жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің үлесін арттыруға атсалысып келеді.

Кәсіп тізгінін ұстаған азамат біраз жылдан бері шағын кондитерлік цехқа иелік етіп, жұмысын жүйелі түрде жүргізіп келген. Ол алғашында кәсіпті өз үйінің ауласында бастап, дамытқан. Сөйтіп, жақында мемлекеттік бағдарлама бойынша 8 миллион теңге көлемінде қаражат алып, бизнесін кеңейтіп отыр. Өзінің айтуынша, ең алдымен жұмысшылардың қатарын көбейтуге көңіл бөлінеді екен. Сәйкесінше, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту жағы да ескеріледі. Алғашында кәсіпорында төрт адам қызмет етсе, қазір олардың саны оннан асқан. Кадр артқан соң ізінше өндіріс көлемі де артып жатыр. Кондитерлік цехтан шығатын тәттілердің сапасын арттыру үшін өндіріс орнын кеңейтумен қатар қажетті технологиялар мен құралдарды алдыруға мүмкіндік туыпты. Бұл туралы кәсіпкердің өзі айтты.

«Бағдарламаға қатысуға құжат жинау көп уақыт алғанымен, өз нәтижесін беріп отыр. Қолыма тиген 8 миллион теңгеге пеш, арнайы кондитерлік үстелдер, тоңазытқыш сынды ең қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдық. Өнім көлемін еселеу үшін кадрды да көбейтуге назар салудамыз. Бүгінде жұмыс істеуге ниеттеніп келген мамандарды 2-3 ай көлемінде үйретіп, артынша сынақ мерзімін белгілейміз. Қабілеттері мен шеберліктері үйлесім тауып жатса құжаттық негізде, ресми түрде жұмысқа аламыз. Осылайша, өз тұрғындарымызды жұмыспен қамту жағына назар аударып жатырмыз. Болашақта жұмысшы санын 30-40-қа көбейту жоспарлануда», – дейді.

«Ауыл аманаты» бойынша сауда-саттық бизнесіне несие берілмейді. Негізінен өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығына арналған бағдарлама. Сондықтан бұл орайда ауыл шаруашылық өкілдері белсенді. Ол орынды да, себебі облыс халқының 84 пайызы ауыл тұрғындары. Әрі ауыл шаруашылығы өңірдегі экономиканың негізгі драйвері болып табылады.

Балауса Ділдәбек

Алматы облысы

Тегтер: