Live

Ауыл баласының ағылшыны

Кезінде ауылдағы қарапайым мектепте оқып жүрген бозбаланың әлеуметтік желі арқылы әлемге танылатынын ешкім елестете қоймаған шығар.

Әділет Сапарғали

 Бүгінде 22 жастағы Әділет Сапарғали – миллиондаған көрерменге қазақтың ұлттық ойындарын, салт-дәстүрін, ауыл өмірі мен табиғатын ағылшын тілінде таныстырып жүрген санаулы жастардың бірі. Оның видеоларын әлемнің әр түкпіріндегі адамдар тамашалайды. Бір қызығы, ағылшын тілін ол қымбат курстарда емес, өз бетінше меңгерген.

Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданындағы Балуан ауылында дүниеге келген Әділет өзін ешқашан әлеуметтік желінің жұлдызы ретінде көрмейді. Ол үшін ең бастысы – Қазақстанды, қазақтың болмысын өзгеге дұрыс жағынан таныту. Сондықтан оның парақшасынан сән-салтанатты өмір емес, ауылдың қарапайым тіршілігі, ұлттық тағамдар, киіз үй, атқа мінген балалар немесе ләңгі ойнап жүрген жасөспірімдер жиі көрінеді.

Бір қарағанда қарапайым ғана осы көріністердің өзі шетелдік көрермен үшін мүлде жаңа әлем. Әділеттің жетістігінің сыры да осында. Ол Қазақстанды өзгелерге ресми жарнамамен емес, шынайы өмір арқылы таныстырып жүр.

Виртуалды ойыннан басталған мүмкіндік

Әділеттің ағылшын тілін меңгеру тарихы көпшілікке таңсық. Ол арнайы тіл орталығына барып оқымаған, репетитор жалдамаған. Бар болғаны қызығушылық пен табандылықтың арқасында жаңа тілді игерген.

Оның айтуынша, бәрі мектеп қабырғасында компьютердегі Age of Conquest IV стратегиясын ойнаудан басталған. Ойынға әлемнің түкпір-түкпірінен адамдар қатысатын. Ортақ тіл – ағылшын тілі. Алғашында аудармашының көмегіне жүгінгенімен, уақыт өте келе ойыншылармен сөйлесу қажеттілігі оны жаңа сөздерді жаттап, сөйлем құрауға мәжбүрледі.

Ол тіл үйренудің ең тиімді тәсілі – теориядан бұрын тәжірибе екенін айтады. – Көп адам кітап оқып, грамматиканы жаттаумен шектеледі. Ал тіл үйрену үшін ең алдымен орта қажет. Менің ортам – ағылшын тілінде сөйлейтін ойыншылар болды. Күн сайын тыңдайсың, жауап бересің, қателесесің, қайта үйренесің. Осылайша тіл өздігінен қалыптаса бастайды, – дейді ол.

Бұл тәжірибе кейін оның өмірін түбегейлі өзгертті. Ағылшын тілінің арқасында АҚШ-тың Work and Travel бағдарламасына қатысып, бірнеше ай бойы америкалық ортада жұмыс істеді. Кейін Түркиядағы жоғары оқу орнына грант жеңіп алып, халықаралық ортада білім алды. Әрбір жаңа сапар оның тілдік деңгейін ғана емес, дүниетанымын да кеңейтті.

Саяхатшы Әділеттің пікірінше, Қазақстандағы шет тілін оқыту жүйесінде ойланатын мәселелер бар. Оның айтуынша, бұл жерде барлық жауапкершілікті оқушыға арту дұрыс емес.

– Егер оқушының ынтасы мен мұғалімнің әдістемесі үйлессе, нәтижеге тез жетуге болады. Мәселен, Нидерландыда халықтың басым бөлігі ағылшын тілінде еркін сөйлейді. Себебі қоғамның өзі тілдік орта қалыптастырады. Бізде де сондай мүмкіндік көбейсе, жастардың ағылшын тілін меңгеруі әлдеқайда жеңіл болар еді, – дейді ол.

Соған қарамастан Әділет қазақ жастарының қабілетіне күмән келтірмейді. Оның пікірінше, бірнеше тілде сөйлеп өскен қазақ баласының жаңа тілді меңгеру әлеуеті өте жоғары. Ең бастысы – тұрақты тәжірибе мен қызығушылық.

Ағылшын тілі – қазақты танытудың құралы

Әлеуметтік желідегі алғашқы танымалдылық Әділетке күтпеген жерден келді. Моңғолияда қазақ балаларының ләңгі ойнап жүрген сәтін түсіріп жариялаған видеосы миллиондаған қаралым жинады. Бейнежазбаны көргендердің көбі оның мінсіз ағылшын тіліне таңырқап, өзін Моңғолия немесе Қытай қазағы деп ойлаған. Тіпті видео жасанды интеллект көмегімен жасалған деген пікірлер де жазылды.

Алайда Әділет мұндай әңгімелерге аса мән бермейді. Ол өзін Солтүстік Қазақстандағы қарапайым ауылдың баласы екенін мақтанышпен айтады.

Қазір оның әлеуметтік желідегі парақшаларында қазақтың ұлттық тағамдары, дәстүрлері, атқа міну мәдениеті, киіз үйдің ерекшелігі, ауыл тіршілігі мен табиғаты туралы ондаған бейнеролик жарияланған. Әрбір видеода ол күрделі ғылыми тілмен емес, қарапайым әрі түсінікті ағылшын тілінде әңгімелейді. Соның арқасында Қазақстан туралы бұрын естімеген шетелдік көрерменнің өзі қазақ мәдениетіне қызығушылық таныта бастайды.

Бір қызығы, пікір қалдырушылардың көбі бастапқыда ұлттық дәстүрден бұрын оның ағылшын тіліндегі еркін сөйлеуіне назар аударған. Бірақ уақыт өте келе қазақтың тұрмысы мен мәдениетіне қатысты сұрақтар көбейе бастаған. Мұны Әділет өз еңбегінің алғашқы нәтижесі деп бағалайды. Оның ойынша, ағылшын тілін білу – мақсат емес. Бұл тек ұлттық құндылықтарды әлемге жеткізетін көпір ғана. Сондықтан алдағы уақытта қазақтың салт-дәстүрі, ұлттық ойындары, ауыл өмірі мен табиғаты туралы ағылшын тіліндегі контентті одан әрі көбейтуді жоспарлап отыр.

Туризм ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға қызмет етсе деймін 

Бүгінде Әділет Сапарғали досы Рамазан Қасымовпен бірге жиырмадан астам елді аралап үлгерген. АҚШ, Түркия, Моңғолия және өзге мемлекеттерге жасаған сапарлары оған әр халықтың тұрмыс-тіршілігін, мәдениетін және туризмді дамытудағы тәжірибесін көзбен көруге мүмкіндік берді. Осы сапарлардан кейін оның Қазақстанға деген көзқарасы да өзгере түскен.

«Әлемді аралаған сайын өз еліңнің қадірін тереңірек түсінеді екенсің. Қазақстанның ең үлкен байлығы – табиғи ландшафты ғана емес, ғасырлар бойы сақталған ұлттық болмысы мен ауыл өмірінің ерекшелігі. Өкінішке қарай, бұл құндылықтардың көбі өзіміз үшін үйреншікті болғандықтан, олардың туристік әлеуетін толық пайдалана алмай келеміз», – дейді ол.

Әділет соңғы кезде ауыл туризмі туралы жиі айтып жүр. Оның ойынша, ауылды дамыту тек мал шаруашылығы немесе егіншілікпен шектелмеуі керек. Әлемнің көптеген мемлекеті ауыл мәдениетін экономиканың тиімді бағытына айналдырып үлгерді. Кішкентай ғана ауылдардың өзіне жыл сайын мыңдаған турист келеді. Олар жергілікті халықтың тұрмысымен танысып, ұлттық тағамнан дәм татып, қолөнерді тамашалап, табиғат аясында тынығады. Осындай тәжірибені Қазақстанда да кеңінен дамытуға толық мүмкіндік бар.

«Біздің әр өңірдің өз ерекшелігі бар. Бір жерде бүркітшілік, бір жерде жылқы мәдениеті, енді бір өңірде көне дәстүрлер жақсы сақталған. Мұның бәрі – шетелдік турист үшін өте қызық дүние. Біз көбіне табиғатты ғана көрсеткіміз келеді. Ал табиғатпен бірге мәдениет пен дәстүрді ұсына алсақ, Қазақстанға деген қызығушылық бірнеше есе артар еді», – дейді ол.

Саяхатшының пікірінше, туризм ең алдымен ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға қызмет етуі керек. Қонақжайлылық, ұлттық тағам дайындау, атпен серуен ұйымдастыру, гид қызметін көрсету секілді кәсіп түрлері ауыл тұрғындарына қосымша табыс көзі бола алады. Бұл өз кезегінде жастардың туған жерінен жаппай көшіп кетуінің алдын алуға да ықпал етеді.

Алайда туризмді дамытудың екінші жағы да бар. Турист көбейген сайын табиғатты қорғау мәселесі де өзекті бола түседі. Әділет бұл мәселеге де ерекше мән береді. Оның айтуынша, табиғатты қорғау мен туризмді дамыту қатар жүруі тиіс. Егер көрікті жерлердің тазалығы сақталмаса немесе экожүйеге зиян келсе, туризмнің өзі ұзаққа бармайды. Сондықтан ол экологиялық мәдениетті қалыптастыруды, табиғатты ұқыпты пайдалануды және климаттың өзгеруіне бейімделуді де маңызды міндеттердің бірі деп санайды. Бұл мәселелер туралы әлеуметтік желіде жиі айтып, жастарды жауапкершілікке шақырады.

Жақында Әділеттің есімі әлеуметтік желіде тағы бір мәрте кеңінен талқыланды. Бұған оның мектептегі ағылшын тіліне қатысты айтқан пікірі себеп болды. Ол өзі оқыған мектепте ағылшын тілі сабағы орыс тілінде өткенін, сондықтан мектеп бітірген кезде ағылшыннан бірнеше қарапайым сөз тіркесін ғана білетіндерін мысал ретінде айтқан. Кейбір желі қолданушылары оның сөзін қате түсініп, түрлі сын айтты.

Ә.Сапарғали бұл пікірін білім беру жүйесіндегі мәселені көтеру мақсатында айтқанын атап өтіп, өзінің ешкімді кінәлауды көздемегенін, тек білім беру жүйесіндегі өзекті мәселеге назар аудартқысы келгенін түсіндірді.

«Мәселе ашық айтылмайынша, оны шешу қиын. Мен өзім оқыған мектепті емес, жалпы жүйедегі кемшілікті айттым», – дейді ол.

Бұл ұстаным оның өмірлік қағидасымен үндеседі. Әділет үшін сын айту емес, шешім ұсыну маңызды. Сол себепті ол бүгінде әлеуметтік желіні танымал болудың құралы емес, жастарды шабыттандыратын және Қазақстанды әлемге танытатын алаң ретінде пайдаланып келеді. Ағылшын тілі оған жаңа мүмкіндіктердің есігін ашқанымен, сол мүмкіндікті туған елінің игілігіне жұмсауды жөн көреді.

Солтүстік Қазақстандағы шағын ауылдан басталған жол бүгінде әлемнің бірнеше құрлығына жалғасып жатыр. Бір кездері компьютер ойынында шетелдік ойыншылармен сөйлесу үшін үйренген ағылшын тілі бүгінде қазақтың мәдениетін, ұлттық дәстүрін және ауыл өмірін әлемге танытатын қуатты құралға айналды. Бұл – талап пен табандылықтың ғана емес, туған елге деген сүйіспеншіліктің де жемісі.

Әділет Сапарғалидың өмірі жастарға маңызды бір ойды ұқтырады. Яғни үлкен мүмкіндік әрдайым үлкен қаладан немесе қымбат курстан басталмайды. Кейде бәрі ауылдағы қарапайым үйден, компьютер алдындағы қызығушылықтан немесе бір тіл үйренуге деген талпыныстан тұтанады. Ал сол талпыныс дұрыс бағытқа ұласса, ол тек жеке жетістік болып қалмай, туған елдің мәдениеті мен ұлттық болмысын әлемге танытатын үлкен миссияға айналады.

Динара Мыңжасарқызы 

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз