Оқиғалар

«Ауыл» партиясының бағдарламасында өңір тұрғындарының 75 мыңнан астам ұсынысы топтастырылды

«Ауыл» партиясының XXVI съезінде партия алғаш рет сайлауалды науқан аясындағы тек аграрлық күн тәртібімен шектелмей, саяси қарсыластарына тікелей жауап берді.

1

Сөз сөйлегендер бірден екі бағыттағы қарсыластарын сынға алды: бірі – жәрдемақыларды көбейтуді ұсынатын солшылдар, екіншісі – нарықтық либерализмді жақтайтын оңшылдар. Партияның негізгі ұстанымы бір тұжырымға тоғысты: «Жәрдемақымен ел дамымайды».

Ең өткір пікірді партияның бұрынғы төрағасы әрі экс-депутат Жигули Дайрабаев айтты. Ол өзін еңбекші халықтың қорғаушысы санайтын солшыл күштердің шынайылығына күмән келтірді.

 «Кейбір партиялар өзін социализм мен пролетариаттың қорғаушысы деп таныстыруын тоқтатар емес. Бірақ олардың саяси құрылымы барған сайын логикалық қайшылыққа ұқсап барады. Егер буржуазияға қарсы күрес идеясын табысты кәсіпкер әрі ірі бизнес өкілі насихаттаса, онда заңды сұрақ туады: идеология қай жерде аяқталып, саяси маркетинг қай жерде басталады?»

Осылайша Дайрабаев қарсыластарының идеологиясы шынайы сенімнен емес, саяси имидж қалыптастырудан туындағанын меңзеді. Ол нақты партияның атын атамағанымен, «солшыл партияны басқаратын табысты кәсіпкер» деген сипаттама арқылы кімге бағытталғаны аңғарылады.

Либералдық бағыттағы партияларды сынаған адам – партия Саяси кеңесінің мүшесі Ольга Клишина болды. Бизнестен саясатқа келген Клишина нарықтық реформаларды жақтайтын күштердің ауыл мәселесіне нақты шешім ұсынбайтынын айтты.

 «Нарықты ырықтандыру ресурстардың бірнеше ірі ойыншының қолына шоғырланып, шағын шаруа қожалықтарының ығыстырылуына алып келмеуі тиіс», – деді ол.

Оның пікірінше, экономикалық өсім өңірлердегі халықтың өмір сапасын жақсартуға қызмет етпесе, оның мәні жоқ. Сондықтан Қазақстанды тек қаржы орталықтары мен мегаполистер арқылы бағалауға болмайды. Елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған мыңдаған ауыл мен миллиондаған еңбеккерді де ұмытпау қажет.

Партияның жастар қанатының төрағасы Даурен Рахымбек те әлеуметтік уәделерге сүйенетін саясаткерлерді популизмге жол беріп отыр деп сынады. Оның айтуынша, «бәріне зейнетақы мен жәрдемақыны көтереміз» деген ұрандар жұмыспен қамту мәселесін шешпейді, керісінше өңірлердің бюджетке тәуелділігін күшейтеді.

«Жәрдемақыны үздіксіз көбейту жұмыспен қамту мәселесін шешпейді. Ауылдағы отбасы үшін қайсысы маңызды: кезекті жәрдемақы ма, әлде тұрақты жұмыс пен тұрақты табыс па?» – деді Рахымбек.

Қорытындысында «Ауыл» партиясы өз ұстанымын екі саяси бағыттан да бөлек екенін мәлімдеді. Партия өкілдерінің айтуынша, солшылдар бюджетті таратуды ұсынады, либералдар нарықты монополияларға беруге бейім, ал «Ауыл» барлық өндірушілерге әділ ереже орнатуды және елдің әл-ауқатының негізі жәрдемақыда емес, еңбек пен өндірісте, ауылды дамытуда екенін алға тартады.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз