Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:10, 18 Шілде 2024

АШМ қытайлық компаниямен 75 млн долларға келісім жасады

x
Фото: АШМ

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров қытайлық CITIC Construction және Beijing Capital Agro компанияларының басшылығымен кездесті.

Кездесуге сондай-ақ қазақстандық «Meat processing and Servis company», «Елімай Көкпекті», «Астана Агро Продукт» ЖШС, Agro Silk Way, «Жаке» ШҚ, «Қазақстан ет одағы» қауымдастығының өкілдері қатысты.

"Қытай ауыл шаруашылығы саласындағы біздің ірі сауда серіктестеріміздің үштігіне кіреді. 2023 жылы ҚР мен ҚХР арасындағы АӨК өнімдерінің тауар айналымы 1,3 млрд АҚШ долларын құрады, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 67% -ға артық. ҚХР-ға ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау көлемі 2 есеге өсіп, 1 млрд, АҚШ долларына жетті. Қытайға экспорттың негізгі көлемі дәнді және майлы дақылдарға, түрлі майларға тиесілі, бірақ біз мал шаруашылығы өнімдері есебінен экспорт көлемін ұлғайту үшін үлкен әлеуетті көріп отырмыз ", - деді министр.

2024 жылдың ақпанында ҚХР Үкіметі Қазақстанның оңтүстік-шығыс өңірлерінен ет өнімдерін экспорттау бойынша шектеулерді алып тастады. Сапаровтың сөзінше, бұл жоғары сапалы азық-түлік өнімдерінің экспортын жаңғыртуға мүмкіндік беріп, сиыр етінің бірінші партиясы маусым айында ҚХР-ға экспортталды. 

Ал, 17 шілде күні 75 млн АҚШ доллары сомасына үш жаңа шартқа қол қойылды.

Экспортталатын өнім номенклатурасын ұлғайту бойынша жұмыс жүргізілуде. АӨК өнімдерінің тағы 10 түрі әзірленуде.

Министрдің айтуынша, бірлескен инвестициялық жобалар негізінде майлы дақылдарды қайта өңдеу, құрғақ сүт өндіретін кәсіпорындар жұмыс істейді, бидайды, жүгеріні терең қайта өңдеу зауыттарын, мал шаруашылығы кешенін салу жоспарланған.

Өз кезегінде қытайлық компаниялардың өкілдері Қазақстанмен сиыр еті мен тірі мал сатып алу тұрғысынан ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа қызығушылық танытты.

Мәселен, Beijing Capital Agro компаниясы 2030 жылға дейін етті мал шаруашылығы саласына 600 млн доллардан астам инвестиция салуға ниетті. Жоба аясында бордақылау алаңдары құрылады, 600-ден астам фермерлік шаруашылық пен жұмыс істеп тұрған бордақылау алаңдары іскерлік әріптестікке тартылады.

3500-ден астам жұмыс орны құрылады деп күтілуде.

Кездесу қорытындысы бойынша «Meat processing and Servis company», Agro Silk Way, «Астана Агро Продукт» ЖШС ҚХР компанияларымен ет экспортына, сондай-ақ тірі мал жеткізуге үш келісімшартқа қол қойды.