Ауыл шаруашылығын цифрландыру жаңа деңгейге көтерілуде
Қазақстанда агроөнеркәсіптік кешенді жаңғырту бағытындағы жұмыстардың маңызды бөлігі цифрлық технологияларды енгізумен тығыз байланысты.
Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласында мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіру, деректерді талдау жүйелерін пайдалану және жасанды интеллект мүмкіндіктерін енгізу жұмыстары қарқын алып келеді. Бұл фермерлер үшін мемлекеттік қолдау тетіктерін жеңілдетіп, саланың тиімділігін арттыруға бағытталған.
Осы мақсатта шілде айында Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Halyk арасында агроөнеркәсіптік кешеннің цифрлық экожүйесін дамытуға арналған стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Құжат ауыл шаруашылығын цифрлық трансформациялауды жеделдетуге, ақпараттық жүйелерді жетілдіруге және аграршыларға арналған жаңа электрондық сервистерді әзірлеуге негіз қалайды.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Таласбек Қанафиннің айтуынша, министрлік саланы цифрландыру бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастырып келеді. «Halyk-пен әріптестік жаңа цифрлық шешімдерді енгізуді жеделдетуге, деректерді талдау мен жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін пайдалануға, әкімшілік рәсімдерді қысқартатын және мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыратын сервистерді дамытуға мүмкіндік береді», – деді ол.
Келісім аясында ақпараттық жүйелерді жаңғырту, үлкен деректерді өңдеу технологияларын енгізу және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыру көзделген. Бұл аграршылардың қажетті ақпаратқа жедел қол жеткізуіне, құжат айналымын оңтайландыруға және мемлекеттік қолдау алу рәсімдерін жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Сарапшылардың пікірінше, цифрлық технологияларды кеңінен пайдалану ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттырып, басқару шешімдерінің сапасын жақсартады. Сонымен қатар, жасанды интеллект пен деректерді талдау құралдарын қолдану өнімділікті арттыруға, ресурстарды ұтымды пайдалануға және саланың бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге ықпал етеді.
Осылайша, агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыруға бағытталған жаңа бастамалар ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына, мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартуға және фермерлер үшін қолайлы цифрлық орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл Қазақстанның аграрлық секторын заманауи технологиялар негізінде дамытуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып саналады.