Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 17:00

Ауылынан Арқадағы іздеп келген...

Балуан Шолақ
Ашық дереккөз

Балуан Шолақты кімдер зерттеді, кім не жазды, көзіқарақты оқырман біледі.

Әлбетте олар Балуанның үш-төрт әнін ең алғаш Александр Затаевичтің жазып алып, нотаға түсіргенін де, Сәбит Мұқановтың деректі повесін де, жазушы Естай Мырзахметовтің көркем шығармасын да, Ахмет Жұбановтың зерттеуін де, Борис Ерзаковичтің Балуанның он бір әнін Кененнің орындауында жазып алғанын да, Нысанбек Төреқұловтың, Мырзатай Жолдасбековтің, Зейнұр Қоспақовтыңғылыми ізденістерін де, кейінгі зерттеушілердің де не жазғанын, қай газет, қай журналда не басылғанын, телеарнада көрсетілгенін, радиода айтылғанын да қадағалап, қаттап отырады.

Ал шынымен де біз осы Балуанды толық танып болдық па? Әлі күнге бұл сұраққа толық жауап бере алмай келеміз. Толық жауап бере алмайтын себебіміздің тарихи-әлеуметтік себептері бар.

Бірінші себеп, Балуанның қасында көзі тірісінде бірде-бір зерттеуші болған жоқ. Кейінгі зерттеушілер өз көзімен көрмегеннен кейін көзі көргендердің естелігі бойынша тануға тырысты. Ал естеліктердің деректері кейде біріне-бірі қайшы келіп жатты.

Екіншіден, кеңестік идеология салқыны балуантануды да айналып өткен жоқ. Балуан көзі тірісінде қазақ даласына көшіп келіп қоныстанушыларға басы бүтін қарсы болатын. Бұл факт оның өз ұлтын сүйетін патриот екенін дәлелдейді. Ал ұлт патриоттарын патша өкіметі де, кеңес өкіметі жақсы көрген жоқ.

Үшіншіден, Ғылым академиясы жанындағы сол кездегі зерттеу институттары да, жекелеген зерттеушілер де Ресейге жақын аймақтарға көбірек көңіл бөлді. Өйткені бұл жақты зерттеу – кеңестік саясаттың ауанына сәйкес еді. Ал Қазақстанның Шығыс, Оңтүстік шығыстағы Қытаймен шекаралас аймағына бара қоймады. Затаевич те, академик Ахмет Жұбанов та Батыс, Солтүстік, Орталық Қазақстан атырабына ғана баруға мүмкіндік алды. Соның арқасында Балуан Шолақ аз да болса назарға ілінді. Бірақ оның Жетісу өңіріне сапары толық зерттелмей қалды.

Бір өзі 35 жасында 51 пұт (816 кг) кірдің тасын көтеріп, жұртты қайран қалдырса, араға 14 жыл салып, яғни 49 жасында 1 тонна 70 келі тартатын тасты көтеріп, әудем жерге апарып қойғандығы мүмкін еместей көрінді. Бірақ зерттеушілер мұның астарындағы ақиқатты ғылыми негізде анықтауды қолға ала қоймады. Біз әлі күнге ел аузынан естіген естеліктерді қанағат тұтып қана келе жатқан сияқтымыз.

Осы тұста Сәбит Мұқановтың «Балуан Шолақ» повесінде(1) балуанның тұлғасын суреттеуін келтіре кетейікші.

Онда – Балуан Шолақ:

а) «атан өгізді бұзаудай арқалап әкетеді» дейді. 816 килограмм тасты көтерген адамға 500-600 кг сөз боп па? 2004 жылы «Әлемдегі ең мықты адам» деген атаққа ие болған Василий Вирастюк деген украиндық спортсмен салмағы 101,5 тонна 5 трамвай вагонын тартқан; Бір минуттың ішінде салмағы 150 келі тұратын мұз текшесін 130 сантиметрлік тіреулерге көтерген. Оған дейін ешкім олай орната алмаған. Салыстырсақ, біздің Балуан Шолақ украин Василийге қарағанда әлдеқайда қуатты да қауқарлы екен.

ә) «етіне темір қысқаш батпайды» дейді. Бақсылар «қылыштың жүзімен жүреді. Шоқ темірді қолымен ұстап, тіліне қариды» дейді көзімен көргендер. Демек, оларда гипноздық (көзбайлау) қабілет болған. Егер Сәбеңе елдің айтқаны рас болса, онда Балуан Шолақтың да бойында көзбайлау қасиеті бар боп шығады. «Жоқ, ондай қабілет болған жоқ» десек, онда оның терісінің ерекше қалың әрі психологиялық қарсыласу қабілеті жоғары болғаны. Сондықтан да ол неге де болса, шыдамды, қандай ауыртпалық болса да төзімді.

б) «білектей темірлерді сымдай бұрайды» дейді. Саусақтарымен тағаны морт сындырғанда, қолының қуаты өгіздей тасты көтергенде, білектей темірді ию Балуан Шолаққа сөз емес, әрине;

в) «асау атты жалғыз ұстап, үйретіп мінеді» дейді. Асау атты жалғыз ұстаса, немен ұстады екен? Шалмамен бе, құрықпен бе? Әлде жалаң қолымен бе? Бәлки, асау аттың өзі Балуан Шолақ жақындағанда мысы басылып, жуасып қалатын шығар. Оның үстіне қуатты әрі салмағы да ауыр адамның тақымы қысқан сайын асаудың мөңкуге шамасы келмесі де анық.

г) «аттың үстінде зәулім қорғандардан мысықтай қарғиды» дейді. Аттың үстінде шауып келе жатып қорғаннан өзі ғана қарғып кете ме әлде атымен бірге секіре ме? Қалай болса да бұл жерде елдің де, Сәбеңнің де айтпақ болғаны – Балуан Шолақтың ептілігі, самдағайлығы, шапшаңдығы, икемділігі, шабандоздығы.

ғ) «ағаш үйдің қабырғасын басыман сүзіп құлатады» дейді. Киіз үй емес, ағаш үй. Оның қабырғасының қалыңдығы, биіктігі айтылмайды. Сүзу мен соғу бірдей емес. Соқса – ұрғаны. Сүзсе – итергені. Итерсе жалғыз қабырға, егер шегелері дұрыс қағылмаса, өзге қабырғаларға ұстатылмаған болса, құлауы кәдік. Елдің аузынан жазып алған Сәбеңнің сөзін тағы бір айтушы «бірнеше қабат ағаш есікті басымен сүзіп тасталқанын шығарған» деп қуаттайды. Соған қарағанда Балуанның бас сүйегінің ерекше мықты, мойнының қуатты болғаны.

д) «дария көлдерден үйректей жүзіп етеді» дейді. Дария болса, оның аумағы көлге қарағанда үлкен болғаны. Ал көл болса, оның диаметрі қандай? Хиросималық 73 жастағы Тошио Томинага 30 шақырымды 10 сағатта жүзіп өтіпті. Олай болса, Балуан Шолақ та жүзіп өте алады. Бірақ жүзіп өту үшін ол малтудың айла-тәсілдерін де жетік білуі керек. Жетік меңгеру үшін бала кезінен судың жағасында өсіп, үнемі малтып, машықтануы керек қой. Демек, Балуан бала күнінде өзі өскен жердегі көлден сан мәрте жүзіп өткен деп түсінеміз. И́ан Джеймс Торп – әлемнің бес дүркін чемпионы, ең күшті жүзушінің салмағы 104 кг екен. Ал біздің Балуан Шолақтың салмағы қандай болды екен? Жұмбақ. Жұмбақ болатыны – оның салмағын ешкім өлшемеген.

е) «жүгіргенде жөбішенді атқа жеткізбейді» дейді. Қазіргі ең жүйрік адам Хусейн Болттың бойы 195 см, салмағы 94 кг. Ол жүз метрді 9 жарым секундта жүгіріп өтеді. Ал біздің Балуан Шолақтың бойы мен адымы қанша болды екен? Ең шабан деген аттың шапқан адымына анау-мынау адам ілесе алмайды ғой. Мына Болттың адымы 2 метр 60 сәнті екен. Балуандікі қанша болған?

ж) «дауыс біткеннің әншісі» дейді.Бұл сөздіакадемик Ахмет Жұбанов: « Ол Біржанның, Ақанның әндерін бабына келтіре орындайды. Денесіне үні сай, дауысы аса күшті болды» деп айқындайды.(2) Шындығында, Арқаның сайын даласында дауысын алты қырдан әрі асыра шырқауға жететін асқақ әндерді өзі де шығарған. Өз әнін өзі айтып, әншілігін танытқан. Оның композиторлығы мен әншілігі кемелді болған соң да халық ерекше ден қойып, жадында сақтап, бүгінге жеткізген. Шолақ осындай дарынды композитор әрі әнші болмаса қазақ ән өнерінің алтын қорында «Ғалия», «Сұршақыз», «Жайқоңыр», «Талды көл», «Қос перне», «Кенже қоңыр», «Ащылы Айырық», «Құлан кісінес», «Ыңғайкөк», «Қосалқа», «Діңкілдек», «Желдірме», «Көкшетау», «Қос барабан», «Сентябрь», «Сарын» секілді әндер сақталмас еді. Әйгілі Кенен Әзірбаев жас күнінде Балуанның қасында жүріп әндерін үйренген. Ол әндердің ұзын саны оннан асады. Соның бәрін Борис Ерзакович Кененнің өзінің айтуынан жазып алып, нотаға түсірген.

Балуан Шолақтың даңқын асырған да, есімін ұмыттырмаған да осы әншілік-композиторлық өнері болса керек.

қ) «жүрген жері – ойын-сауық» дейді. «Қазақта салдық пен серілікті тек әншілер, ақындар ғана құрған, соларға ғана тән салт» десек, қателесеміз. Салдық, серілік жолын күйшілер де жалғастырған. Оны күйші Тәттімбет өмірі арқылы музыкантушылар айқындап берген. Біз енді Балуан Шолақ өмірі мен өнер жолына қарап, салдық, серілік салтты палуандар да сабақтастырғандығына әрі биік деңгейге көтергендігіне көзіміз жетеді. Қазақ даласында дара салдар да, топ салдар да болғандығына дәлел көп. Соның бірі – «Ашаның алты салы» деген атпен қалған Сауытбек, Қазақбай, Жидебайлар тобы. Енді біз Балуан Шолақтың да топ құрып, салдық салтанатын асырғанын білеміз. Ол топ «Шолақтың тобы» (А. Жұбанов) деп аталған. Оның айналасында тоғыз өнерпаз (Кенен) жүрген. «Сал мен сері екеуі де ескі дәуірден сақталып келе жатқан халықтың тіршілігіне көп жаңалық кіргізген, әдебиетке, ой-санаға көп әсер еткен қазақ мәдениетінің бір жарқын белгілері» дейді Ә. Марғұлан.

Ал А. Жұбанов: «Сері шын мәнісінде тек әдемі киюші, ала-құла ер-тұрманды ат мінуші, тек осылар арқылы көзге түсуші емес, бір жағынан үлкен өнер иесі» дейді. Балуан Шолақ та өз өмірінде салдық, серілік салтын ұстанған өнер иесі.

Енді жоғарыдағы айтылғандарды толықтыра түсу үшін көз көргендерден жазып алынған естеліктерге назар аударып көрелікші:

Естелік Ахметов Бекеннің айтуынан:

« ... Шауып бара жатқанда, тік түре келеді. Аяғын жоғары көтеріп, төбесінен шаншылады. Үзеңгіге аяғын іліп, басын салбыратып жатады. Аттың бауырынан айналады... Сырт білегін адамдарға тістетсе, ешкімнің тісі батпайды. ...Үлкен ағаш үйдің қалың қарағай есігін сыртынан бірнеше адамға бастырып қойып, ішінен басымен ұрып, сол қарағай есікті қақ жарып сындырады. Ақпанның қалшылдаған аязында басына бөрік кимей жалаңбас, 20-30 шақырым жерге жүре береді. Сол аяздарда жазғы жеңіл шапанмен түймесін салмай желбегей жүретін болған...» (6) (Бұл деректі 1939 жылы Еркімбек Дүйсенбеков деген кісі Ахметов Бекеннің айтуынан жазып алып, қорға тапсырған.)

«Менің Балуан Шолақты бірінші көруім...шамасы 1910 жылдары болуы керек. ...болыстық сайлау орны Шабаққала-Жаңасу деген жерге белгіленді. Бір кезде ақбоз ат мінген, салдарша киінген, қасында бір топ адам бар Шолақ келді.

...ойын да басталды. Алдымен бір үлкен тасты көтеріп, ол тас жұмыр, ұстауға ыңғайсыз болған соң Шолақ атынан түсе қалып, қыл шылбырды шолақ қолына орап жіберіп, «әуп!» деп жіберіп, тасты тізесіне дейін көтеріп алып, ілгері ырғытып тастай берді. Жұрт айғай салып, «Алланың арыстаны ғой» деп бүкіл даланы басына көтерді. Қасына жақын келіп, Шолақтың шолақ қолын, сом қара денесін сонда бірінші көріп, қайтып анау тасты өзім көтергендей, елдегі кім болса соған айтып, мақтаныш еттім». ( Мәтінді қорға тапсырған – Жақыпов Сайлаубек.)

Сабыр Шәріпов естелігінен: «...Өмірі жүген, құрық тимеген бесті асауларды Шолақ жүгенсіз ұстап мініп, оп-оңай үйретіп отырған. Қандай асауды болсын үстіне ырғып мінеді де, дала-жонға еркімен жіберіп шапқылайды. Аспанға қарғып туласа да, жерге жатып қалып шыңғырса да, асауды бірде-бір босатпайды, қамшымен сауырлатады да отырады. Сілесі қатып, болдырған асау біраздан соң ырқына көніп жүре береді».

Әйгілі палуан Қажымұқан естелігінен: «...Шолақпен талай кездестім, ол менен күшті еді. Ақмола мен Көкшетаудың жәрменкелерінде екі дуанның басты адамдары екеумізді екі жақтан айдап салып, үлкен бәйгі тігіп, күрестірмекші болған жерде, мен: «Шолақ өзіме жақсы ықыласты батасын берген ұстаз ағам, мен қол көтермей-ақ бәйгемді ағама ұсынамын», – деп күрестен бас тартқанымда, Шолақ құшақтап бетімнен сүйген еді. Шортан қаласында оңаша бір үйде күтпеген жерден кездесіп, екеуміздің бір күш сынасып қалған жеріміз болатын. Сонда мен оның алып батырлығына қайран қалғанмын.

Шолақ белбеусіз, французша жалаңаш күреске жарамайтын еді. ... Егер, он саусағы бүтін болса, оның даңқы да дүниежүзіне мәлім балуан болар еді». (Естеліктерді ұсынған Нұржұма Елесбай – М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері.)

Келесі сөз балуан Шолақтың Іле алабында болғандығы туралы бір дерек жайында. Балуан Шолақ Арқада жүргенде сексен өгіз жаласымен біраз қудаланды болады. Бір жағынан патшалық билік құрығынан бойтасалай тұру, екінші жағынан бабаларының атамекені – Жетісу жерін аралап көру мақсатында 1900 жылдан бастап біраз жыл осы өлкеге арнайы атбасын бұрады. Осы сапарда Кененді жолықтырады. Кенен ол кезде 15 жас шамасында екен. Өнерін ұнатады. Жас өнерпаздың өтінішін жерге тастамай, қасына ертіп алады. Кенен Балуанның әндерін үйренеді. Бұ жөнінде Б. Ерзакович өзі кезінде жазып, тасқа басты. Балуанның қырғыз ағайындар айылдарын аралағаны да жазылды. Осы сапарда Балуан Шолақтың Асы жайлауында болғандығын айғақтайтын ақпарат кезінде газеттерде, журналдарда жарияланды. Кітапқа да шықты. Содан бері де ширек ғасыр уақыт өтті. Кейінгі Балуан Шолақ өмірі мен шығармашылығын зерттеушілердің назарынан бұл ақпарат тыс қалып қойып жүр. Балуан Шолақ Асыға барса оның ар жағындағы Қарқара, Шалкөде жайлауларына да барған шығар. Бірақ шекаралық аймаққа аса сақтықпен қарау жөнінде ауызша партиялық нұсқау берілгендіктен, бұл өңірдегі тұнып жатқан ұлттық құндылықтар дер кезінде жиналмай, жарияланбай, зерттелмей қалды. Әйтпесе, өз заманының дәулескер күйшілері – Қожеке, Шалтабай, Мергенбай, Қосдәулет, Сыбанқұл, ақын-жыршылары – Құлмамбет, Бөлтірік, Мейірман, Майлы, Әбен, Қапез, Көдек, Рыскелді, Албан Асан, Шарғындарды қазақ ерте танитын еді. Бұлар туралы, олар араласқан адамдары туралы толыққанды зерттеулер дер кезінде жүргізілмегендіктен де көп шындық желмен бірге келмеске кетті.

Біз ұсынғалы отырған дерек мынау: Балуан Шолақтың елуге жақындаған, Бөлтіріктің қырықтан асқан шағы. Асы жайлауында «Балуан Шолақ келіпті» дегенді естіп Бөлтірік сол отырған үйге жақындайды. Дауысы керегені керіп, түндікті түріп тастаған Балуан ән салып жатыр:

Еліме, жеріме де сәлем бердім,

Аулымнан Арқадағы іздеп келдім.

Елден шеттеп жүргенде сөкпеңіздер,

Аға, жеңге, қарындас, інілерім...

Қазақ үйдің іші-сыртына сыймаған ел. Бәрі де Балуанның сөзін естуге құмар.

Асының батысында – асау Түрген,

Шығысы – мөлдір бұлақ жіңішке өзен.

Қос Қараш, Үш Қасқасу, Қызыл күнгей,

Аққия, Байсауырмен көмкерілген.

Мәуелі естен кетпес Алатауым,

Қош боп тұр, көріскенше, жалпы қауым.

Жеріне жастай барып, өскен елдің

Мен айтып берейін кеп есен-сауын.

Мақсатым – қайта оралу Жетісуға,

Саяңда көңілім толған шаттық нұрға.

Асқақтата шырқаған ән мен өлең –

Тартуым кейін қалған ұрпақтарға.

Балуан Шолақтың туып-өскен еліне қайтайын деп тұрған беті екен. Сырттан айғайды салып, қыран дауысымен Бөлтірік те саңқ ете қалады:

Уай, ассалаумағалейкум, Шолақ палуан,

Еліне, жеріне кеп қонақ болған.

Арқадан арқандалып келген тұлпар

Секілді туған жерге көңілі толған.

Қазығы сол арқанның Жетісуда

Ат айналып қазығын табар болған, – дегенде жұрт елең етеді.

Бөлтірік келді, Бөлтірік, – дейді.

Бөлтірік үйге кіргенде Балуан:

– Уағалейкум, Бөлтірік – Қызылбөрік,

Жататын қызын алып, қызын беріп.

Арқандалған тұлпармын, жүрмін елде

Тәңірдің алға тосқан тұзын теріп, – деп домбырасын керегеге сүйеп, Бөлтіріктің қолын алып, қасынан орын береді. Бұл айтылған өлеңдегі кей ақпарат көңіл аудартады. Әсіресе екінші шумақта бірқанша жер, су аттары аталады. Демек, Балуан ол жерлерде де болып, өз көзімен көрген. Балуан атап-атап өткен жерлерді қай зерттеуші әдейі барып көрді екен? Ол жерлер Жетісудың қай өңірлерінде? Ал енді «Жеріне жастай барып, өскен елдің» дегенде ол өзін айтып отыр ма, әкесін айтып отыр ма? Егер Балуанның туған жері Ақмола облысы болса, онда ол әкесін айтып отырғаны. Оны Бөлтіріктің: «Қазығы сол арқанның Жетісуда» деген сөзінен аңғарамыз. Әсте бұрынғы халық ақындарының сөздік қорынан «туған жер» деген тіркесті кездестіру қиын. Бұл отарлаушылар орнықтырған отырықшылық сана келгеннен кейін қалыптасқан ұғым секілді. Айтпағымыз – бұл тіркес өлеңді естіп, жадында сақтап қалған жеткізуші түсінігі бойынша айтылған болса керек. Әу баста Балуан басқаша айтқан болуы мүмкін. Олай болса, өлеңнің мәтіні толық емес, кей жолдары ұмытылған деп қабылдаймыз. Мұның өзін Балуанның Жетісу өңірін аралауының арнайы зерттелмей қалғанының салдары деп түсінеміз.

Қорыта айтқанда, бұл дерек Балуан Шолақтың Жетісу өңірін аралағандығының бір айғағы ғана. Қаншама шындық айтылмаған күйі желмен ұшып, тарих қойнауына сіңіп кетті десеңізші.

Сағатбек Медеубекұлы,

филология ғылымдарының кандидаты,

халық өнерін зерттеуші

Тегтер: