Қоғам

Аустралияда әйел миынан алғаш рет тірі құрт табылды

Аустралиялық ғалымдар әйелдің миынан ұзындығы 8 см болатын тірі құрт тапты.Ол өткен жылы Канберрада ота кезінде науқастың миының маңдай бөлігінен алынған.

Аустралияда әйел миынан алғаш рет тірі құрт табылды

Бұл туралы bbc жазды.

Әйел 2021 жылдың қаңтар айының соңында іштің ауыруы мен диареяға, тұрақты құрғақ жөтелге, жоғары температураға және тершеңдікке шағымданып дәрігерлерге барған.

Келесі жылы әйел ұмытшақтық пен депрессияға шағымдана бастаған. Ол Канберра ауруханасына мидың МРТ-сына жіберілген. Дәрігерлер науқастан отаны қажет ететін «мидың оң жақ маңдай бөлігіндегі атипті зақымдануды» анықтады.

Ота кезінде нейрохирург Хари Прия Банди науқастың миынан 8 сантиметрлік қызыл құртты алып тастады.

Ми жейтін амеба Флоридада адамға жұқты

Канберра ауруханасының жұқпалы аурулар жөніндегі маманы және Аустралия ұлттық университетінің медицина кафедрасының ассистенті Санджай Сенанаяке адам миында мұндай құрт алғаш кездескенін айтады.

«Дәрігерлер науқас минына құрт табылады деп ойламаған. Нейрохирургтар мидағы инфекциялармен үнемі айналысады, бірақ бұл алғаш кездесіп отырған жағдай", — дейді ол.

Аурухана мамандары оның қандай құрт екенін, қайдан шыққанын және ең бастысы науқасты қалай емдеу керектігін білу үшін шұғыл жиналып, кеңесуге мәжбүр болған.

«Біз неврологиялық инвазиялар мен ауруларды тудыруы мүмкін дөңгелек құрттардың әртүрлі түрлерін қарастыра отырып, оқулықтарға жүгіндік», — дейді Сенанаяке.

Олардың іздеулері нәтиже бермей, үшінші тарап мамандарының көмегіне жүгінген.

«Канберра — кішкентай жер, сондықтан біз әлі тірі болған құртты тікелей паразиттермен тәжірибесі мол CSIRO ғалымының зертханасына жібердік», — деді Сенанаяке.

Олар бірден зиянкестің Ophidascaris robertsi екенін, әдетте жыландарда кездесетінін, Аустралияның көп бөлігінде кездесетін улы емес жыландарда болатынын анықтады.

Бұл паразит адамдарда алғаш рет табылды

Белгілі болғандай, науқас жыландар мекендейтін көлдің маңында тұрады. Жыландармен тікелей байланыста болмағанына қарамастан, адамдар тамақ дайындау үшін көлдің айналасында жергілікті шөптерді жиі жинайды.

Бұл іске қатысқан дәрігерлер мен ғалымдар паразит шөпке жылан нәжісімен енуі мүмкін деп болжайды. Олардың пікірінше, дернәсілдер жуылмаған қол, тамаққа немесе ас үй ыдыстарына, көкөністерге түседі.

«Бұл жағдай жануарлардан адамға аурулар мен инфекциялардың берілу қаупін көрсетеді», — деді Сенанаяке.

Дәрігердің айтуынша жануардан адамға жұғатын инфекция түрлері жиілеп келе жатыр.

«Кейінгі 30 жылда әлемде 30-ға жуық жаңа инфекция тіркелді. Дүние жүзінде кездесетін жаңа инфекциялардың 75%-ға жуығы зооноздық, яғни жануарлардан адамға жұғады. Олардың арасында коронавирустар бар», — дейді маман.

Тегтер: Без Тега
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз