Ауыр жол сынақ, жеңіл жол жүрдек
Биыл Қызылорда облысының құрылғанына 85 жыл, Қызылорда қаласына 205 жыл. Атаулы жыл болғандықтан шығар қалада жасалып жатқан жұмыстар жетерлік.
Дегенмен асыра орындап жатқандардың кей тірліктеріне қарның да ашады. Мәселен, бүтін жолдың үстіне асфальт төсеп жатқандардың жұмыстарына тұрғындардың наразылығы бар.
«Облыс орталығындағы кейбір көшелермен жүре қалсаң, көлігіңнің дөңгелектері шұңқырларды санап, ойлы-қырлы көшемен ытқып-ытқып жүреді. Ол көшелердің жөнделген уақытын есіне түсіре алатын адам бар ма екен? Сондықтан жөнделгеніне 5-10 жыл болған, жағдайы жаман емес көшелерді жаңалай бермей, шет аймақтарға, асфальттің не екенін білмейтін көшелерге де көз қырын салу керек. Тағы бір айтарым, жолды қабылдап алатын тапсырыс берушілер кәріз жүйесінің шұңқырлары жол жүруге кедергі келтірмейтіндей болса деймін. Айтып отырған сөзімді қаладағы Арай шағын ауданынан Тәуелсіздік даңғылына, Арай-2, Арай-3 мөлтек ауданының үстімен шығатын жол мен Жағалау жолы арқылы Батыс мөлтек ауданына қарай бағытталатын жолдар қуаттайды, – дейді қала тұрғыны Дәулет Тұрсынханұлы.
Қала тұрғындарының көкейіндегі сұрақтарға Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай мәселенің себебін былайша түсіндіреді.
«Облыс басшылығы елдімекендер мен шет аймақтарға көп көңіл бөлуде. Жолдардың 80%-дан астамы шет аймақтарға, яғни кенттер мен ауылдарға тиесілі екенін айтқым келеді. Қазір қала тұрғындары «асфальті бар көшені не себепті қайтадан асфальттап жатыр» деген сұрақ қоюда. Біз жолдарды уақытында осылай күтіп-ұстап отырмасақ, келесі жылы ол жолдарға күрделі жөндеу жүргізу керек болады. Сәйкесінше, оның бағасы 2-3 есеге қымбаттап, облыс бюджетін шығынға ұшыратады. Жолдардың көбі тамыз айының 20-нан кейін пайдалануға беріледі деп жоспарлап отырмыз», – деді ол.
Тағы бір айта кетер жайт, жол жөндеу жұмыстары күндіз жүріп жатқасын тұрғындар діттеген жеріне жете алмай жүргендерін айтады. Өйткені қалаішілік маршруттардың жол жүру бағыттары өзгерген.
Бұл уәжге жол жөндеп жатқан мекеме өкілі Самат Қарымсақов «тас төсеу тек күндіз ғана жүзеге асырылады. Түнде жасалған жұмыстың сапасы болмайды» дейді.
Биыл қаладағы жол жөндеу жұмыстарына 10 миллиард 541 миллион теңге бөлінген. Аталған қаржыға бас-аяғы 264 көшенің 185 шақырымға жуықтайтын жолы жаңармақ. Бұл күндері жолдың кейбірі пайдалануға беріліп те жатыр. Атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылығын білдіріп жатқан тұрғындар да бар.
Жалпы, тұрғындар жолдың жаңадан салынғанына қуанса да, сапасына алаңдайтынын жасырмайды. Себебі қала аумағында жап-жаңа асфальтті жолдың жыл өтпей сыр беретінін көзбен көріп жүр.
Ал сыртқы жолдарға келсек, Қызылорда – Жезқазған бағытындағы жол халықтың түйткілді армандарының бірі. Бүгінде бұл күрежолда да құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Қызылорда облысы мен Ұлытаудың Жезқазған аймағының арасы 216 шақырым. Биылғы жылы 140 шақырымы аяқталады деп күтілуде. Қалған бөлігі 2024-2025 жылдары аяқталмақ. Бұл төте жол жанданса Сыр мен Арқа жақындасады.
Елдің солтүстігі мен оңтүстігін байланыстыратын Қызылорда-Жезқазған күрежолы қатынауға қиын жолдардың бірі болатын. Жол бойында не байланыс, ағылып жатқан көліктер жоқ, тек жанкешті жүргізушілер болмаса. Қыста, әсіресе Бетпақдаланың үскірігі қысқан кезде көлігіңіз бұзылып, жолда қалсаңыз, барар жер, басар тау таппай, жолай кетіп бара жатқан көліктерден ТЖ шақырып қана жан шақырасыз.
Бүгінде жолдың Сыр өңіріне қарасты бөлігінде жол салушылар жұмыс істеп жатыр. Күрежолдың Ұлытау жағына тиесілі аумақ әзірге жұмыстарын бастаған жоқ.
Жобаның тапсырыс берушісі «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қызылорда облыстық филиалының басшысы Ерұлан Жүнісов, «күрежолдың 204 шақырымы (12-216 шақырым) Қызылорда облысының аумағында жатыр, жол бөлігі 6 лотқа бөлінген» дейді.
Бұл жолдың Қызылорда аумағында 46 дана су өткізетін құрылғы орнатылмақ. Одан бөлек, 5 демалыс алаңын орнату да көзделген, оларға күн батареялары орнатылады. Жолдардың қауіпті учаскелеріне жол қоршауы және жолға малдың шығуынан торлы қоршау қойылмақ. Қалың қар басқан жағдайда қар ағымын азайтатын арнайы қоршау да қарастырылған.
Күрежол Қызылорда облысының аумағымен ғана бітпейтіні белгілі. Ұлытау облысы аумағында 208 шақырым жолды жөндеу де маңызды. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін 90 миллиард теңге бағытталып отыр. Мемлекеттік сатып алу конкурсы аяқталып, мердігерлер анықталса, көп ұзамай жол құрылысы басталуы тиіс.
2025 жылға дейін жол құрылысы аяқталып, толық пайдалануға берілген жағдайда Астанадан таңертен шыққан көлік түс ауа Қызылордаға жететін болады. Осылайша қатынас мәселесі жақсарып, күрмеулі мәселе шешімін тапса, тұтас елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына әсер етері сөзсіз.
Өйткені жол жөнделсе, оның бойында кәсіпкерлік нысандар ашылып, жолаушыларға қызмет көрсететін сервистік орталықтар көбейіп, туризмге де жол ашылады. Нарықтағы бағаның тұрақтауына септігі тиіп, Оңтүстіктің жеміс-жидегі мұрты бұзылмай Солтүстік өңірлерге уақыт оздырмай, жылдам жетеді. Ал Арқа мен Сырдың төрт түлігінің еті ауылшаруашылық өнеркәсібінің дамуына сеп болып, табысын арттырмақ. Осылайша, Арқа мен Сырды жалғайтын күрежол елдің ортақ игілігіне кең жол ашпақ.