Sarqyt қалай пайда болды?
Күн сайын кафе, мейрамхана, наубайхана мен кофеханаларда сатылмай қалған қаншама тағам қоқысқа тасталады.
Әдетте оның арасында бұзылмаған, тұтынуға жарамды өнімдер де болады. Бұл мәселенің бір жағында, күн соңында өтпей қалған тағамын не істерін білмейтін кәсіпкер тұрса, екінші жағында, күнделікті ас-ауқатқа кететін шығынын азайтып, сапалы тағамды қолжетімді бағамен алғысы келетін тұтынушы бар. Бірақ осы уақытқа дейін Қазақстанда осы екі тараптың арасын жалғайтын жүйе кең тарай қоймаған-ды. Әсіресе студенттер мен жастар үшін күнделікті тамаққа жұмсалатын қаражат аз шығын емес. Ал тамақтану орындары үшін сатылмаған әр өнім жұмсалған шикізат әрі еңбек пен қаражаттың желге ұшуы іспетті.
Алматыда іске қосылған Sarqyt жобасы дәл осы мәселенің жауабын тапқандай. Сервис кафе, кофехана, наубайхана секілді орындарда күн соңында сатылмай қалған, бірақ тұтынуға жарамды тағамды арнайы боксқа жинап, төмен бағамен сатып алуға мүмкіндік береді. Былайша айтқанда, ысырапқа жол бермейтін жоба. Мұнда кәсіпкер өтпей қалған өнімінен қосымша табыс табады, ал тұтынушы тағамды әдеттегіден тиімді бағаға алады. Ең қызығы, жобаның идеясы студенттің "жақсы тамақты арзанырақ қайдан алуға болады?" деген қарапайым сұрағынан басталған.
Sarqyt жобасының авторы – 21 жастағы Қараұл Шыңғыс. Қарағанды қаласының тумасы қазір Алматыдағы Нархоз университетінде IT саласы бойынша 4-курста оқиды. Оқуымен қатар мамандығы бойынша жұмыс істеп, бағдарламалау және деректермен айналысады екен. Шыңғыстың айтуынша, Sarqyt – өзі күнделікті өмірде қажеттілігін сезініп, кейін қолға алған жоба. Студент болғандықтан, тамаққа кететін шығынның бюджетке қалай әсер ететінін жақсы біледі. Сондықтан технологияны адамдардың күнделікті өмірінде нақты пайдасы тиетін құралға айналдырғысы келген.
"1, 2-курста оқып жүрген кезімізде тамақты қолжетімді бағаға қайдан алуға болатыны туралы сұрақ жиі туатын. Күн сайын түрлі мекемелердегі арнайы жеңілдіктерді іздеу де осылай басталды. Бір жағынан, адамдар ақшасын үнемдеуге тырысады. Екінші жағынан, тамақтану орындарында күн соңында сатылмай қалған тағам болады. Бұл өзі, екі бөлек мәселе сияқты көрінгенімен, шын мәнінде бірінің шешімі екіншісінде жатыр. Биыл тамызда Алматыдағы кофеханалардың бірінде осы жағдайға ерекше назар аудардым. Тамақтану саласында жұмыс істейтін достарым да кешке қарай сатылмай қалған тағамды тастауға тура келетінін айтып жүрген. Яғни бір жерде әлі жеуге жарамды тағам бар, ал екінші жерде оны тиімді бағаға сатып алғысы келетін адам бар. Бірақ екеуін байланыстыратын бір құрал әлде жоба жоқ еді. Осыдан соң екі тарапты байланыстыратын сервис жасау идеясы пайда болады. Жобаны ойластыруға әлемнің бірқатар елінде жұмыс істейтін Too Good To Go сервисінің тәжірибесі де әсер етті. Осылайша, Sarqyt сатылмай қалған, бірақ тұтынуға жарамды тағамды ысырап етпей, оны сатып алғысы келетін адамға қолжетімді бағамен ұсынатын платформаның негізі қаланды.
Жобаның "Sarqyt" аталуы да кездейсоқ емес. Қазақ үшін "сарқыт" – жай ғана дастарқаннан қалған ас емес. Оның астарында бөлісу, жақыныңды ойлау, асты қадірлеу сияқты ұғым, түсінік жатыр. Қонақтан немесе тойдан қайтқанда үйдегі адамға дәм алып келу – бұрыннан бар дәстүр", – дейді Ш.Қараұл.
"Sarqyt" қосымшасы15 қыркүйекте ресми түрде іске қосылды. Алғашқы бір-екі аптада Шыңғыс жобаның тұжырымдамасын жасап, таныстырылымын дайындаған. Алайда қосымшаны бағдарламалап шығу жұмыстың бір бөлігі ғана еді. Одан бөлек, тамақтану орындарын серіктестікке тарту, оларға жаңа модельдің қалай жұмыс істейтінін түсіндіру, кейін жобаны жұртшылыққа таныстыру қажет болды. Қазір Sarqyt-ты Шыңғыс серіктесі, жобаның операциялық директоры Бақытжан Таирханмен бірге дамытып жүр. Командада бес адам жұмыс істейді. Жоба іске қосылғаннан кейінгі алғашқы он күннің өзінде қосымшаны бес мыңнан астам адам жүктеген. Бүгінде тіркелген қолданушылардың саны екі мыңнан асады. Алғашқы кезеңде негізгі нарық ретінде Алматы таңдалды. Бірақ команда мұнымен шектелмейтінін айтты. Келесі бағыттардың бірі – Қарағанды. Болашақта халықаралық нарыққа шығу да негізгі мақсаттың бірі. Дегенмен Шыңғыс үшін дәл қазір шетелге шығудан бұрын Қазақстанда тұрақты жұмыс істейтін жүйе қалыптастыру маңызды. Яғни қолданушы қосымшаны ашқан кезде өзіне жақын жерден ұсыныс тауып, тапсырысын еш қиындықсыз рәсімдеп, белгіленген уақытта алып кете алуы керек.
"Sarqyt-тың жұмыс істеу тәсілі барынша қарапайым. Мекеме күн соңында сатылмай қалған тағамдардан арнайы бокс дайындайды. Одан кейін қосымшаға бокстың бағасын, санын және оны алып кетуге болатын уақытты енгізеді. Тұтынушы қосымшадағы картадан немесе тізімнен өзіне жақын ұсынысты таңдап, Kaspi арқылы төлем жасайды. Белгіленген уақытта мекемеге барып, тапсырыс кодын көрсетеді де, боксын алып кетеді. Бірақ мұнда бір ерекшелік бар. Бұл – сюрприз-бокс. Оның нақты құрамы алдын ала тұрақты болмайды, себебі сол күні мекемеде қандай өнім сатылмай қалғанына қарай өзгеріп отырады. Сондықтан қолданушы ұсыныстың сипаттамасы мен алып кету уақытын алдын ала қарауы қажет. Жобаны ойластыру кезінде көз алдыма алдымен студенттерді елестеттім. Өйткені студенттік өмірдің қаржы жағы маған жақсы таныс. Дегенмен сервис тек студенттерге арналған жоба емес. Ақшаны орнымен жұмсау кез келген адам үшін маңызды. Мәселен, жұмыстан үйіне қайтып келе жатқан адам жолындағы наубайханадан немесе кофеханадан тағамды тиімді бағамен алып кете алады. Мұнда арнайы бір жерге барудың немесе жеткізу қызметіне қосымша ақша төлеудің қажеті жоқ", – дейді Шыңғыс.
Қазіргі модельде тапсырысты тұтынушы өзі барып алады. Бұл экономикалық себепке байланысты. Арзан бағамен ұсынылған боксқа жеткізу ақысы қосылса, тұтынушының үнемдеген ақшасының едәуір бөлігі қайтадан жол шығынына кетуі мүмкін. Ал адам оқудан немесе жұмыстан қайтып келе жатып, жолындағы мекемеден тапсырысын алып кетсе, қосымша шығын азаяды. Сол себепті Sarqyt үшін қолданушыға жақын маңдағы ұсыныстарды көрсету маңызды. Әзірге тапсырысты өзің барып алып кету сервис жұмысының негізгі бөлігінің бірі болып отыр. Болашақта жеткізу қызметін қосуды қарастырса, оның тұтынушы үшін қаншалықты тиімді болатынын алдын ала есептеу қажет. Жоба жұмысын бастаған алғашқы екі аптада Алматыдағы жеті тамақтану орны Sarqyt-қа қосылған. Бүгінде нақты серіктестер саны онға жеткен. Команда бұл көрсеткішті арттыру бағытында жұмыс істеп жатыр. Шыңғыстың айтуынша, сервиске қосылу кәсіпкер үшін де пайдалы. Күні бойы сатылмай, ақырында шығынға айналуы мүмкін өнімнен қосымша түсім түседі. Бұдан бөлек, сол мекемені бұрын білмеген адам жеңілдікпен ұсынылған бокс арқылы оның өнімінің алғаш рет дәмін татып көруі мүмкін. Егер тағам ұнаса, әлгі тұтынушы кейін мекеменің тұрақты клиентіне айналуы ықтимал.
"Дегенмен Sarqyt тамақ ысырабын қанша пайызға азайтты немесе серіктес мекемелердің табысын қаншаға өсірді деген сұрақтарға әзірге нақты жауап бере алмаймыз. Себебі мұндай нәтижені бірнеше сәтті тапсырысқа қарап бағалау дұрыс емес деп ойлаймын. Ол үшін әр мекеменің жобаға қосылғанға дейінгі және қосылғаннан кейінгі көрсеткіштерін жинап, салыстыру қажет. Бірнеше жақсы нәтижені алып, оны бүкіл бизнестің нәтижесі ретінде көрсету дұрыс болмас еді. Сондықтан мұндай сұраққа тек өлшенген әрі расталған дерек болған кезде жауап берген жөн. Жаңа сервисті нарыққа енгізудің күрделі тұсының бірі – кәсіпкерлерге оның қалай жұмыс істейтінін түсіндіру. Sarqyt алғашқы жеті серіктесін тарту үшін шамамен отыз мекемемен сөйлестік. Алайда бұл да жаңа модельді түсіндіру жұмысының заңды бөлшегі, табиғи құбылыс деп ойлаймын. Өйткені кәсіпкерге "бұл сізге пайдалы" деп айту жеткіліксіз. Мекеме басшысы қызметкерлерінің қосымшамен қалай жұмыс істейтінін, бокс бағасы қалай белгіленетінін, тапсырыстың қалай берілетінін білуі керек. Оның үстіне қызметкерлердің күнделікті жұмысына тағы бір міндет қосылса, кәсіпкер одан нақты пайда көргісі келетіні заңды. Сондықтан отыз мекемемен жүргізілген келіссөзге қарап, бүкіл қазақстандық бизнестің тағам ысырабына деген көзқарасына баға беру де дұрыс емес. Мұндай жағдайда сенім тәжірибе арқылы қалыптасады. Алғашқы тапсырыстар сәтті орындалып, мекеме нақты нәтижені көргеннен кейін келесі серіктестермен сөйлесу де оңайлай түседі. Too Good To Go секілді жобалар осы модельдің қалай жұмыс істейтінін көрсететін жақсы мысал. Негізгі логика ортақ. Кешке сатылмай қалған тағамды жеңілдікпен ұсыну және тұтынушының оны белгіленген уақытта алып кетуі. Алайда Қазақстанда сервистің адамның күнделікті әдетіне бейімделуі маңызды. Мысалы, Sarqyt-та Kaspi арқылы төлем жасауға болады. Ал жобаның атауы жергілікті аудиторияға бұрыннан таныс "сарқыт" ұғымына сүйенеді", – дейді студент.
Сонымен бірге жаңа форматты қолданушыға түсіндіру мәселесі бар. Әсіресе "сюрприз-бокс" ұғымы бәріне бірдей бірден түсінікті бола бермейді. Оның ішіндегі тағам күн сайын өзгеруі мүмкін, өйткені мекемеде нақты қай өнімнің сатылмай қалатынын алдын ала білу қиын. Ұсыныстар саны да шектеулі. Сондықтан қолданушы не сатып алып жатқанын, бокстың қандай қағидамен жиналатынын және тапсырысты қай уақытта алып кету керегін анық түсінуі тиіс. Бір қарағанда ұсақ болып көрінетін осындай мәселелердің өзі адамдардың сервиске деген сеніміне әсер етеді. Sarqyt-тың бизнес-моделі де қазір қалыптасу кезеңін басынан өткеріп жатыр. Шыңғыстың айтуынша, қолданыстағы шарт бойынша әр бокс бағасына 15 пайыз сервис алымы қосылады. Мәселен, мекеме боксты 1 000 теңгеге ұсынса, оған 150 теңге сервис алымы қосылып, тұтынушы жалпы 1 150 теңге төлейді. Алайда сол 150 теңгенің барлығын жобаның таза пайдасы деп есептеуге болмайды. Қосымшаны дамыту, техникалық қызмет көрсету және басқа да операциялық шығындар бар. Сондықтан жобаның өзін-өзі ақтауы тапсырыс санына, орташа чек көлеміне және бір тапсырысқа кететін шығынға тікелей байланысты. Қазіргі уақытта Sarqyt-тың барлық шығыны толық жабылды деуге әлі ерте. Шыңғыс жобаға өзінің жеке қаражатын да жұмсап жүр. Сервис комиссиясының болашақтағы мөлшері жөнінде де әзірге нақты уәде беруге ерте деп санайды. Ол мұндай шешім нақты есепке сүйеніп қабылдануы керек екенін алға тартты. Шыңғыс үшін коммерциялық тұрақтылық пен әлеуметтік пайда бір-біріне қарсы ұғым емес. Керісінше, екеуі өзара байланысты. Жоба өзін-өзі ұстап тұра алса ғана ұзақ уақыт жұмыс істеп, көбірек адам мен мекемеге пайдасын тигізбек.
Ақгүлім Ерболқызы