Live

Шетелден келген астықты Қазақстанда өндірілген өнім ретінде экспорттаған

Тергеу дерегінше, импортталған астық кейін Қазақстанда өндірілген өнім ретінде Орталық және Оңтүстік Азия елдеріне экспортталған.

ұн

Тергеу мәліметінше, шетелден әкелінген астық Қазақстанда өндірілген өнім ретінде рәсімделіп, кейін Өзбекстан, Ауғанстан және Тәжікстанға экспортталған. Жалпы көлемі шамамен 130 мың тонна астықтың құны 11,2 млрд теңге болған.

Схеманы жүзеге асыру үшін коммерциялық ұйымдар жалған басшылардың атына тіркелген. Кейін бұл компаниялар отандық шаруа қожалықтарымен астық сатып алуға қатысты жалған келісімшарттар жасаған. Соның нәтижесінде импорттық астық Қазақстанда өндірілген өнім ретінде көрсетіліп, оны тасымалдауға жеңілдетілген тариф қолданылған.

Тергеу барысында экспорттық операцияларда "Bakery Nan", "KazGrano", "Perfect Seed", "Weizen" және "Golden Grain Kazakhstan" компаниялары пайдаланылғаны анықталған. Агенттік мәліметінше, транзиттік тарифтің төленбеуінен "ҚТЖ – Жүк тасымалы" компаниясына 1 млрд теңгеден астам залал келген.

Сонымен қатар күдіктілер салық берешегін өндіріп алудан және кредиторлар алдындағы міндеттемелерін орындаудан жалтару үшін экспорттаушы компаниялардың қаражатын өздеріне үлестес ұйымдардың шоттарына аударған. Кейін бұл компанияларға қатысты банкроттық туралы талап-арыздар берілген. Бұл әрекеттерден мемлекетке 1,2 млрд теңге көлемінде залал келтірілген.

Іс бойынша бес адам күдікті деп танылған. Сотқа дейінгі тергеу аяқталып, қазір процеске қатысушылар қылмыстық іс материалдарымен танысып жатыр.

Тергеу мүддесіне байланысты істің өзге мән-жайлары жарияланбайды.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз