Сараптама

Студенттер сарайының төбесі неден құлады?: Әкімдік қашан жауап береді

Өмірбек Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайындағы апат – қалалықтар үшін қыркүйектегі ең жайсыз хабарлардың біріне айналды.

Студенттер сарайы

 Кеше ғана жөндеу жүріп жатқан нысан бір түннің ішінде "шаңырағы ортасына түскен" күйге енді. ҚазҰУ мәліметінше, зардап шеккендер жоқ. Алайда Алматының тарихи келбетінің бір бөлігіне айналған бұл ғимараттағы оқиға бұрыннан айтылып келе жатқан дауды қайта күшейтті.

ҚазҰУ не дейді?

Көп өтпей оқиғаға қатысты университет мәлімдеме жасады. ҚазҰУ дерегінше, сарай құрылысы 1985 жылы басталып, 1998 жылы аяқталған. Құрылыстың соңғы кезеңі шаруашылық тәсілмен жүргізілген. Отыз жылға жуық пайдаланылған нысанда күрделі жөндеу болмағандықтан, конструкциялар мен инженерлік жүйелер тозған. 2023 жылғы тексеру кезінде тіреуінің зақымдануы, бағаналардағы коррозия, кейбір конструкциялардың майысуы және шатырдың металл бөліктеріндегі ақаулар анықталған. Университет олардың көбін әрлеу қабатын алмай көру мүмкін болмағанын да атап өтті.

Бұл жауаптан сарайға жөндеу қажет екені түсінікті. Бірақ халық сол сәтте жөндеудің қажеттігін сұраған жоқ еді. Жұрт түнгі гүрсілдің себебін білгісі келді. Ғимараттың қашан салынғанын, қанша уақыт жөнделмегенін тізіп шығу дәл сол түні не болғанын түсіндірудің орнын баса алмайды.  Кейін университет тағы да ақпарат таратты. Мәлімдемеде 23 қыркүйектен 24 қыркүйекке қараған түні ескі шатыр жоспарға сәйкес құлатылғаны айтылды. Жұмыстың түнде жүргізілуін қауіпсіздікпен және оқу процесіне кедергі келтірмеу қажеттігімен байланыстырды. Яғни ҚазҰУ-дың кейінгі жауабына қарағанда, бұл күтпеген апат емес, алдын ала көзделген жұмыс болып шықты.

Студенттер сарайы
Фото newgrodno.by/Студенттер сарайы

Алайда бірінші жауапта неге осы негізгі жайт айтылмаған? Егер төбесі жоспарға сай құлатылса, оның тозғаны туралы ұзақ анықтамадан бұрын, атқарылған жұмыстың мәнін түсіндіру қиын емес еді. Әуелі жұрт алаңдап, содан кейін ғана түсіндірме беру сенімді арттырмайды. Керісінше, бір оқиғаға берілген екі жауап жұртты әрі-сәрі күйге түсірді.

Осы тұста мердігердің айтқанына да назар аударған жөн. Отандық БАҚ-қа пікір берген бас мердігер Exclusive Construction компаниясының өкілі Николай Фальков шатырды бөлшектеп жатқанын жеткізген. Оның айтуынша, 21 қыркүйекте конструкция деформациялана бастаған. Қайта тексеруден соң адамдарды қауіпті аймақтан шығарып, шатырдың өз салмағымен құлауына жағдай жасау туралы шешім қабылданған.

ҚазҰУ-дың күрделі құрылыс департаментінің директоры Айту Қонысбаев та шатырды бұзу жөніндегі шешім бұрын қабылданғанымен, кейін оны бұрынғыдай бөліп алу қауіпті болғанын түсіндірген. Демек, шатырды алып тастау әуелден жоспарланған. Бірақ мердігердің баяндауынша, сол жоспарды орындау тәсілі жұмыс барысында туындаған қауіпке байланысты өзгерген.

 Алайда бұл жерде айта кетерлік бір қайшылық бар. Себебі қоғамға бұл оқиғаны "жоспарлы жұмыс" деген сөзбен түсіндіру жеткіліксіз еді. Қауіп күшейген кезде қандай қосымша есеп жасалды, жұмыстың өзгерген тәртібін кім бекітті, қалған бөліктерге түсетін әсер қалай бағаланды? Бұған нақты құжаттармен жауап берілген жоқ. Алматы тұрғындарының алаңдауына тағы бір себеп, сол маңайдағы жатақханаларда тұратын студенттер қатты дыбыстан шошығанын, алдын ала хабар алмағанын айтқан. Мердігер өкілі де тұрғындарға ескертпегендерін мойындап, кешірім сұраған.

Университет жұмыстың түнде жүргізілуін студенттердің қауіпсіздігімен түсіндіреді. Ендеше, сол студенттерге хабарлау неге ұмыт қалған? Қауіпсіздік құрылыс алаңын қоршаумен аяқталмайды. Адамдар өзіне жақын жерде не болып жатқанын, қандай шектеу барын және кімге хабарласуға болатынын білуі керек. Әсіресе қатты дыбыс пен шаң көтерілетін жұмыста мұның маңызы арта түседі. Алдын ала берілген түсінікті хабар жұрттың үрейін де, кейін тарайтын жорамалды да азайтар еді.

Оқиғадан кейін ақпарат алу да қиындады. Себебі құлаған ғимаратты фото-видеоға түсіруге тыйым салынғаны айтылды. Кейін журналистерге ҚазҰУ өкілі мен жобаның бас сәулетшісі түсініктеме берген. Ғимараттың жағдайы қоғамды алаңдатып тұрғанда, мұндай кедергілер күмәнді сейілтпейді. Ашық жауаптың орнына түсіруді шектеу туралы сөз естіген адам қоршаудың ар жағында өзінен жасырылатын бір нәрсе бар ма деп ойлайды.

Шын мәнінде, Студенттер сарайына қатысты сұрақтар осы түнде пайда болған жоқ. 2024 жылдың көктемінде нысан қоршалды. Сол жылдың соңында қасбетіндегі ұлутас қаптамасы алына бастады. Ал 2025 жылғы қаңтарда Алматының мәдениет басқармасы "Власть" басылымына реставрация жұмыстары келісілмегенін хабарлаған. Басқарманың түсіндіруінше, университеттен өтініш түскен, бірақ талап етілген ғылыми-жобалық құжаттама ұсынылмаған.

Бұл жерде сөз қаланың кез келген ескі ғимараты туралы болып отырған жоқ. Студенттер сарайы 2021 жылы жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері тізіміне енгізілген. Сондықтан оның қасбетіне жасалған әрекет те жай ғана әрлеу жұмысы ретінде қабылданбайды. Жұрттың ұлутасқа алаңдауының астарында ғимараттың таныс келбеті жоғалып кетпей ме деген күдік жатты. ҚазҰУ бұл сынға өз түсіндірмесін ұсынды. Университет қасбет қаптамасын алуды сыртқы пішінді өзгерту немесе реконструкцияны бастау емес, конструкцияларды тексерудің бір бөлігі деп атаған. Кейін, 2026 жылғы 24 шілдеде, мәдениет басқармасы ғылыми-жобалық құжаттаманы қарап, ғылыми-реставрациялық жұмыстарды келіскен.

Студенттер сарайы
Фото ашық дереккөз/Студенттер сарайы

7 млрд теңге жетпесе, тағы қанша қажет?

Қазір қоғам арасында сарайдың жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржы да сөз болып жатыр. ҚазҰУ-дың шаруашылық және қаржы мәселелеріне жауапты өкілі Абдрахман Тасыбаевтың мәлімдеуінше, реконструкцияның бастапқы құны 7 млрд теңге болған. Ол бұл сома шамамен үш жыл бұрын келісілгенін, материалдар қымбаттағандықтан құн қайта қаралатынын айтқан. Қазір түпкілікті баға белгісіз, оны нақтылау үшін қосымша техникалық тексеру қажет. Жұмысты 2028 жылы аяқтау жоспары жарияланған.

Әрине, Студенттер сарайының инженерлік жүйелері ескірген, конструкцияларынан қателік табылған шығар. Оны қауіпсіз етіп, тарихи келбетін сақтап, қалпына келтіру арзанға түспейтіні түсінікті. Бірақ мәселе арзан не қымбат екенінде емес, бастапқы есептің неге өзгергенінде және жаңа сметаның қалай қалыптасатынында болып отыр. "Егер 7 млрд теңге жетпесе, қанша қосымша қаржы керек?" деген сұрақтың ашық айтылғаны дұрыс. Өйткені бұл жеке компанияның өз қаражатына жасап жатқан ғимараты емес. Жоба бюджеттен қаржыландырылады. Демек, реконструкция бағасы өзгерген сайын оның себебі де қоғамға түсіндірілуі тиіс. Әйтпесе "жоспарлы демонтаж" деген тіркес шатырға ғана емес, сметаға да кіріп кетпесіне кім кепіл?

ҚазҰУ-ды Жансейіт Түймебаев 2021 жылдың ақпанынан бері басқарып келеді. Осы кезеңде Студенттер сарайының техникалық жағдайы тексерілді, ғимарат жабылды, қасбеті алынды, реконструкция жобасы әзірленді, мердігер жұмысына кірісті. Соңында шатыр конструкциясы қауіпті жағдайға жетіп, оны "құлатуға" тура келді. Осындай жағдайда университет басшысының да қоғам алдына шығып, ғимараттың қазіргі жағдайын түсіндіргені артық болмас еді.

Студенттер сарайы
Фото Tengrinews.kz / Александр Григорянц/Студенттер сарайы

Бұл дау бір түнде басталған жоқ

Студенттер сарайының төңірегіндегі бүгінгі дау 23 қыркүйектегі түнгі оқиғадан басталған жоқ. Кейінгі екі жылда бұл ғимарат бірнеше рет қоғам назарында болды. 2024 жылдың көктемінде ғимарат қоршауға алынғанда, жұрт оның нақты қашан жөнделіп, қандай күйде қайта ашылатынын білгісі келді. Осы тұста Студенттер сарайының қасбетіндегі ұлутасқа байланысты дау күшейді. Қоғам белсендісі Санжар Боқаев та нысандағы жұмыстарды сынап, "қаптаманың жақсы сақталған бөліктерін неге түгел алып тастап жатыр?" деген сауал тастады. Оның пікірінше, кей бөлігін қалпына келтіріп, қайта пайдалануға болатын еді.

Кейін ҚазҰУ тарихи келбеті сақталатынын, қасбет қайта ұлутаспен қапталатынын мәлімдеді. Бірақ жаңа материалмен бұрынғы пішінді қайталау мен сол ғимараттың түпнұсқа бөлшектерін сақтаудың арасы бірдей емес. Тарихи нысанның құндылығы тек сыртқы кескінінде емес, ондаған жыл бойы сақталған материалында, құрылыс тәсілінде де жатыр. Сондықтан шатырдың түн ішінде құлауы бұрынғы даулардың үстіне қосылған тағы бір оқиға болды.

Түйін

Студенттер сарайына қатысты даудың сонша назар аудартуының тағы бір себебі бар. Зәулім ғимарат ҚазҰУ аумағындағы кезекті оқу корпусы немесе шаруашылық нысаны емес. Бірнеше жыл бойы Студенттер сарайы университет қалашығының ажарын ашып тұрған, алыстан танылатын ғимараттардың бірі болды. Сондықтан Алматы жұрты бүгін оның "шаңырағы ортасына түскеніне" бола алаңдап отырған жоқ, қала жадында орны бар тарихи ғимараттың бұрынғы келбеті мен болмысы біржола жоғалып кетпей ме деп қауіптеніп отыр.

Айтпақшы, редакция ҚазҰУ мен мердігер өкілдері "жоспарлы түрде құлатылды" деп атаған шешіммен Алматы қаласының Қала құрылысын бақылау басқармасы алдын ала хабардар болды ма, мұндай жұмысқа қатысты қандай да бір келісім немесе хабарлама түсті ме деген сауалдарды да жауапты ведомствоға жолдады. Сондай-ақ шатырды жұмыс барысында жоспарлы құлату туралы шешімнің техникалық және рұқсат құжаттары бар-жоғын нақтылауды сұрадық. Алайда мақала дайындалған сәтке дейін басқармадан жауап келген жоқ.

P.S. Алматы қаласының Қала құрылысын бақылау басқармасы 29 қыркүйек күні таңертең "Жоаспардан тыс тыс тексеру басталғанын, алдағы уақытта нәтижесі хабарланатынын" редакцияға мәлімдеді.

Тұрсынбек БАШАР

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз