«Әйелдердің тілі ұзын»: депутат Дементьева әріптесінің мәлімдемесіне пікір білдірді
Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева әріптесінің «отбасындағы кикілжің әйелдің ұзын тілінен басталады» деген жанжалды мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Zhasalash.kz.
Ол әріптесінің мәлімдемені абайсызда айтқанын, әрі оны қолдамайтынын айта кетті.
«Депутаттық рөлімді алып тастайық, мен әйел, ана, жар ретінде бұл жайсыз айтылғанын айтқым келеді. Әйел ретінде мен келісе алмаймын. Соның салдарынан тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған әйел, ешбір жағдайда олай аталмауы керек. Сондықтан мен мұндай пікірлерді қолдамаймын. Бірақ мен 25 жыл білім саласында еңбек етіп, жас аналардың бала тәрбиелеуге дайын еместігін көрген мұғаліммін. Бұны араңдатушылық мақсатта айтып отырған жоқпын, мен әйелдердің ана болуға дайын еместігін, отбасылық құндылықтарды толық түсінбейтінін айтқым келеді», - деді депутат Наталья Дементьева.
Оның пайымдауынша, көптеген ата-аналар кәмелетке толмаған балалары кездескен қиындықтарды қабылдауға дайын болмайды, ал кейбірі балаларды тәрбиелеуде жұбайларымен ымыраға келуді білмейді.
"Мен мәселені бірге шешуге тырысайық дедім. Балаларда белгілі бір жас дағдарысы бар екенін білеміз, отбасылық өмірдің дағдарысы бар. Мүмкін олар бәріне төзе алмайтын шығар, бірақ мен жас аналар мен қыздарда ұстамдылықтың жоқтығын көрдім. Әйелдің даналығы отбасылық жанжалдарды шешуі кезінде байқалатынына көзім жетті. Біз әйелдерміз, отбасы ошақтарының қамқоршысымыз. Мен ер адамдарды қорғамаймын, бірақ мүмкіндігінше жанжалды шешуге тырысу әлі де әйелдің құқығы деп ойлаймын», - деп қосты мәжілісмен.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң жобасын таныстыру барысында зорлық-зомбылықты көбіне құрбандардың өздері тудыратынын айтқан болатын.