Азаматтық қоғам – мемлекеттің ғана емес, әр азаматтың жауапкершілігі
Елдің дамуы тек қабылданған заңдармен немесе жүзеге асқан мемлекеттік бағдарламалармен өлшенбейді. Нағыз ілгерілеу қоғам өз мәселесіне бейжай қарамай, шешім қабылдау үдерісіне араласқан кезде ғана байқалады. Белсенді азамат, жауапты қоғамдық ұйым және ашық билік – бір-бірін толықтыратын үш маңызды буын. Сондықтан азаматтық қоғамды дамыту бүгінде демократиялық өзгерістердің ғана емес, тұрақты дамудың негізгі алғышартына айналып отыр.
Соңғы жылдары Қазақстанда мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі – азаматтардың қоғамдық өмірге қатысу мүмкіндігін кеңейту болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев түрлі деңгейдегі жиындарда елдің болашағы мемлекет пен қоғам арасындағы сенімге байланысты екенін бірнеше мәрте айтты. Осы ұстаным негізінде қоғамдық диалогты дамыту, мемлекеттік органдардың ашықтығын күшейту және азаматтық бастамаларды қолдау бағытында бірқатар жүйелі өзгерістер қолға алынды. Бүгінде үкіметтік емес ұйымдар қайырымдылықпен немесе қоғамдық шаралар ұйымдастырумен ғана шектелмейді. Олар әлеуметтік саясатты жетілдіруге, экологиялық мәселелерді көтеруге, жастардың әлеуетін арттыруға, ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдауға, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға және басқа да маңызды салаларға белсенді араласып келеді. Мұндай ұйымдар қоғамдағы түйткілдерді ертерек байқап, оны шешудің тиімді жолдарын ұсынатын маңызды институтқа айналды.
Ресми мәліметтер де азаматтық сектордың ауқымы кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. 2026 жылдың маусымындағы жағдай бойынша Қазақстанда 23 194 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Соның ішінде 17 073 ұйым тұрақты жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар 1 041 ұйым өз қызметін тоқтатқан, 2 588 ұйым белсенді емес ұйымдар қатарына енгізілген. 2 233 ұйым заңды түрде таратылса, бір ұйым тарату рәсімінен өтіп жатыр. Ал 258 ұйымның бизнес-сәйкестендіру нөмірі жоқ.
Бұл сандар азаматтық қоғамның сандық тұрғыдан ғана емес, сапалық жағынан да жаңару қажеттігін көрсетеді. Өйткені қоғамдық ұйымдардың көп болуы жеткіліксіз. Ең маңыздысы, олардың нақты нәтижеге жұмыс істеуі, халықтың сеніміне ие болуы және қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге нақты үлес қосуы. Осы бағыттағы маңызды құралдардың бірі – Үкіметтік емес ұйымдардың дерекқоры. Бұл жүйе қоғамдық ұйымдардың ашық жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп, олардың есептілігін қамтамасыз етеді.
2026 жылғы дерекке сәйкес, 2025 жылдың қорытындысы бойынша 4 001 үкіметтік емес ұйым белгіленген мерзімде өз қызметі туралы есепті уақытылы тапсырған. Бұл азаматтық сектордың ашықтық қағидаттарын ұстануға деген ұмтылысын көрсетеді. Президент айқындаған ұлттық басымдықтардың ішінде әлеуметтік әділеттілік, өңірлерді дамыту, жастарға мүмкіндік жасау, экологиялық қауіпсіздік, цифрландыру және заң үстемдігін қамтамасыз ету мәселелері ерекше орын алады. Бұл міндеттердің табысты орындалуы мемлекеттік органдардың жұмысына ғана емес, азаматтық қоғам институттарының белсенділігіне де байланысты. Себебі кез келген реформа қоғам қолдағанда ғана нақты нәтиже береді.
Бүгінде Қазақстанда азаматтық қоғам жаңа кезеңге қадам басты деуге толық негіз бар. Мемлекет қоғамдық ұйымдарды бақылаушы күш ретінде емес, ортақ мақсатқа жұмыс істейтін әріптес ретінде қарастыра бастады. Мұндай әріптестік өзара сенімді нығайтып қана қоймай, халықтың сұранысына негізделген тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Азаматтық қоғам бұл тек үкіметтік емес ұйымдардың қызметімен өлшенбейді. Ол – ел тағдырына бейжай қарамайтын әрбір азаматтың ұстанымы, қоғам алдындағы жауапкершілігі және ортақ болашаққа қосқан үлесі. Сондықтан азаматтық қоғамның дамуы Қазақстанның демократиялық жаңғыруының ғана емес, орнықты әрі әділетті мемлекет қалыптастыру жолындағы ең маңызды кепілдерінің бірі болып қала береді.