Әзербайжан мен Армения Трампты Нобель бейбітшілік сыйлығына ұсынды
Әзербайжан мен Армения Трампты Нобель бейбітшілік сыйлығына ұсынды
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Әзербайжан мен Армения АҚШ президенті Дональд Трамптың кандидатурасын Нобель бейбітшілік сыйлығына бірлесіп ұсынғанын мәлімдеді.
Әлиевтің айтуынша, бұл бастама оның ұсынысымен көтерілген. Екі ел осылайша АҚШ президентінің Баку мен Ереван арасындағы бейбітшілік процесіне қосқан үлесін мойындаған.
Әзербайжан басшысы Дональд Трамптың 2025 жылғы 8 тамызда Вашингтонда өткен бейбітшілік саммитінде Армения мен Әзербайжан арасындағы қатынастарды реттеуде тарихи рөл атқарғанын атап өтті.
"Президент Трамптың өңірімізде тұрақты бейбітшілік орнатуға бағытталған тарихи күш-жігері биылғы Нобель бейбітшілік сыйлығы туралы шешім қабылданған кезде лайықты бағасын алады деп шын жүректен үміттенеміз", – деп жазды Әлиев.
Ол Трамптың кандидатурасын бірлесіп ұсыну Әзербайжан мен Армения арасындағы қарым-қатынасты реттеу ісіне қосқан үлесіне берілген баға екенін айтты.
Айта кетейік, 2025 жылғы 8 тамызда Вашингтонда АҚШ президенті Дональд Трамптың қатысуымен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен Армения премьер-министрі Никол Пашинян кездесті. Кездесу барысында екі ел арасындағы бейбітшілік процесін ілгерілетуге бағытталған маңызды келісімдерге қол жеткізілді.