Әзербайжан мен Ресей AZAL трагедиясына қатысты келісімге келді
Әзербайжан Республикасы мен Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрліктері бірлескен мәлімдеме жариялады.
Құжатта екі ел президенттерінің 2025 жылғы 9 қазанда Душанбедегі кездесуінде қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес, тараптар AZAL әуе компаниясының Embraer 190 ұшағының апатына қатысты салдарды реттеуге келгені айтылған. Апат 2024 жылғы 25 желтоқсанда Ақтау маңында, Ресей Федерациясының әуе кеңістігіндегі «әуе шабуылына қарсы қорғаныс (ӘШҚ) жүйесінің іске қосылуы салдарынан орын алған болатын. Қазіргі уақытта өтемақы төлеу мәселесі толық шешілді.
Мәлімдемеде бұл қадамдардың екі ел арасындағы «одақтастық өзара іс-қимыл аясындағы тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға деген ортақ ұмтылысты растайтыны» атап өтілген.
Тараптар Ресей-Әзербайжан қарым-қатынасының өзара құрмет, сенім және мүдделерді ескеру негізінде дамуы тату көршілікті нығайтуға және екі ел халықтарының мүддесі үшін ынтымақтастықты кеңейтуге септігін тигізетініне сенім білдірді. Сондай-ақ, мәлімдемеде апаттан қаза тапқандардың жақындары мен туыстарына көңіл айтылды.
Еске салайық, 2024 жылғы 25 желтоқсан таңертең Azerbaijan Airlines әуе компаниясының Embraer E190 жолаушы ұшағы Бакуден Грозныйға бағыт алған. Грозный әуежайына бірнеше сәтсіз қону әрекетінен кейін экипаж Ақтау әуежайына ұшуға шешім қабылдаған. Ұшақ әуежай үстінде екі рет айналып, ұшу-қону жолағы маңында құлап, өрт шыққан.
Бортта 67 адам болған: 62 жолаушы және 5 экипаж мүшесі. Апат салдарынан 38 адам қаза тауып, 29 адам тірі қалған, олардың ішінде экипаждың екі мүшесі бар.
Апаттан кейін ұшақтың сақталып қалған құйрық бөлігінде және басқа да элементтерінде көптеген тесіктер анықталған. Тірі қалған жолаушылар Грозный аспанында ұшып бара жатқанда жарылысқа ұқсас дыбыстарды естігенін айтқан. Мамандар зақымдану сипаты әуе қорғаныс құралдарының зақымдаушы элементтерінің әсерін көрсетуі мүмкін екенін атап өтті.
Әзербайжан билігі мен әуе компаниясы апаттың себебі сыртқы физикалық және техникалық әсер болғанын мәлімдеген. Бакудегі дереккөздердің хабарлауынша, дрондар белсенді болған кезеңде ұшақ «жер-әуе» зымыранымен зақымдалып, байланыс жүйелері радиоэлектрондық күрес құралдары арқылы істен шығарылған болуы мүмкін.
Апаттан соң жақында Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан президенті Илхам Әлиевтен кешірім сұраған. Путин оқиғаның Ресей әуе кеңістігінде, Украина дрондарының шабуылдарын тойтару аясында болғанын айтқан. Алайда Мәскеу апаттың тікелей Ресей әуе қорғаныс жүйесінің әрекеті салдарынан болғанын ресми түрде мойындаған жоқ.
Әзербайжан президенті өз кезегінде ұшақ корпусындағы зақымдар мен жолаушылар алған жарақаттардың сипаты сыртқы әсер фактісін дәлелдейтінін мәлімдеді. Әлиев Ресейден жауапкершілікті мойындауды, кінәлілерді жазалауды және зардап шеккендерге өтемақы төлеуді талап етті. Кейінірек ол Баку нұсқасына сәйкес, әуелі ұшақ радиоэлектрондық күрес құралдары арқылы істен шығарылып, кейін жерден атылған зымыран салдарынан ауыр зақым алғанын нақтылады.
2025 жылғы қазанда Владимир Путин Украина Қарулы күштерінің дрондары Ресей әуе кеңістігіне кіргеннен кейін ұшаққа жақын маңда Ресейдің екі зымыраны жарылғанын мойындады.