Әлеумет

БАҚ: Ресейде Солтүстік Кореяның мыңдаған азаматы дрон құрастырып жатыр

Ресей Украинаға қарсы соғыста қолданылатын әскери дрондарды өндіруге Солтүстік Корея азаматтарын тартып жатыр.

Алабуга

Олардың саны 25 мыңға дейін жетуі мүмкін. Бұл туралы Bloomberg Көпжақты санкцияларды бақылау тобының (MSMT) жаңа есебіне сілтеме жасап хабарлады

MSMT дерегінше, солтүстіккореялықтар Татарстандағы «Алабуга» арнайы экономикалық аймағындағы кәсіпорындарда да жұмыс істейді. Мұнда Ресейдің әскери мақсаттағы дрондары, соның ішінде «Герань-2» құрастырылады. 

Есепте Ресейде 2025 жылдың соңындағы жағдай бойынша 15 мыңнан 30 мыңға дейін Солтүстік Корея азаматы жұмыс істегені көрсетілген. Олар тек дрон өндірісіне емес, қару-жарақ зауыттарына, металл өңдеу, кеме жасау және басқа салаларға да тартылған. 

Жұмысшылар Ресейге студент ретінде кірген

MSMT мәліметінше, БҰҰ санкцияларын айналып өту үшін Солтүстік Корея азаматтарына студенттік және басқа да визалар берілген. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2397 қарарына сәйкес, мүше мемлекеттер табыс тауып жүрген Солтүстік Корея жұмысшыларын 2019 жылдың соңына дейін елдеріне қайтаруға тиіс болған. 

Есеп авторлары Ресейдегі бір солтүстіккореялық жұмысшының орташа жылдық табысын шамамен 7,5 мың доллар деп бағалайды. Алайда жұмысшылар табысының 80–90 пайызына дейін Солтүстік Корея билігінің қарамағына өтетіні айтылады. 

MSMT бағалауынша, 2025 жылы шетелде жұмыс істейтін Солтүстік Корея азаматтары Пхеньянға 450–800 млн доллар көлемінде табыс әкелген. Есеп авторлары бұл қаражаттың бір бөлігі КХДР-дың ядролық қару мен баллистикалық зымыран бағдарламаларын қаржыландыруға жұмсалатынын мәлімдеді. 

Көпжақты санкцияларды бақылау тобына АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапония, Ұлыбритания, Германия, Франция және тағы бірнеше мемлекет кіреді. Топ 2024 жылы БҰҰ-ның Солтүстік Кореяға қарсы санкцияларының орындалуын бақылаған сарапшылар тобының мандаты Ресейдің ветосынан кейін тоқтаған соң құрылған. 

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз