Балабақша ашу – табысты кәсіп пе?

Панфилов ауданында 100 орындық жаңа балабақша іске қосылды. Жергілікті кәсіпкер Кәмшат Молдахметова Көктал ауылындағы ескі ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізіп, ауыл балаларына балабақша ашып, 20 адамды жұмыспен қамтып отыр. Республика күні қарсаңында салтанатты түрде ашылған балабақша есігі ауыл бүлдіршіндері үшін енді айқара ашық.
Бұл ауданда биыл, 2023 жылы ашылып отырған үшінші балабақша. Қазір Головацкий ауылында 200 орындық тағы бір балабақша ашылады деп жоспарланып отыр. Оның жөндеу жұмыстары аяқталған соң, пайдалануға беріледі. Аталған жаңа балабақшалардың дені жекеменшік. Бұдан байқайтынымыз, кәсіпкерлер ауданның құрылысы мен әлеуметтік салаларының дамуына, жалпы экономикалық қуатын арттыруға белсенді түрде үлес қосып келеді.
Ал кәсіпкер Кәмшат Молдахметованың айтуынша, бұл оның ашып отырған екінші балабақшасы.
– Алғашқы 100 орындық балабақшаны 2019 жылы Жаркент қаласынан аштым. Ол кезде «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқып үйренуді аяқтаған едім. Жеке қаражатымды салдым, несие алдым, мемлекеттен қолдау көрсетілді. Бүгінгі таңда балабақша жемісті жұмыс істеп тұр. Осы жолы «Даму» қоры арқылы жалпы сомасы 65 миллион теңгені 8 пайыздық жеңілдікпен несие алдым. Бұл қаржыға бұрынғы дәмхананың ғимаратын сатып алып, қайта жаңғырту жұмыстарын жүргіздім, жаңа құрал-жабдықтар сатып алдым. Қазір әрқайсысы 25 баладан тұратын қазақ және орыс тілді 4 топ құрылды. Көкталда 240 орындық екі балабақшамыз мектеп жанындағы шағын орталық болғанымен, сұраныс көп. Тіпті жаңа балабақшаға да сұраныс бар. Сондықтан болашақта балабақшаның іргесін кеңейтіп, тағы 100 бала қабылдауды жоспарлап отырмын. Бір қуанарлығы, балабақшаның маңында бос жер телімі бар. Сол жерден болашақта оқыту орталығын ашсам деген жоспарым бар.
Толығырақ айтар болсам, мен өзім мамандық бойынша есепшімін. Осы Жетісу облысы Панфилов ауданының тумасымын. Ауылдағы мектепте қатарымнан қалмай білім алып, кейіннен Алматы қаласында банк ісі бойынша жоғары білім алдым. 2013 жылы дипломым қолға тигеннен бастап 10 жыл бойы бухгалтер болып қызмет атқардым. Жаркент қаласындағы әскери бөлімдегі жұмысым табысты болды. Кәсіпке кетемін деген ой келген емес. Кейіннен, бала күтімімен үйде отырған кезде, жоғарыда айтқанымдай, «Бастау-бизнес» бағдарламасы бойынша білім алдым. Өзіме жаңа нәрсені ашар алдында аздаған қорқыныш та болды. Алайда қызығып тұрғандықтан аяқ тартпадым. Сөйтіп, өзіме беймәлім қырларым ашылды. Іштегі қабілеттер мен амбиция ашылуы үшін аздаған ізденіс пен жаңа білімге ұмтылыс керек екенін тағы да түсіндім. Қоғамда диплом алдым, мамандығым бар, жұмысым тұрақты деген көзқарас қалыптасып қалған. Алайда жаңа есіктерді ашуға ешқашан да кеш емес. 5 ағымда оқып, сертификатымды да алдым. Солай жүргенде балабақша ашу туралы идея келді. Бұл былай болды. Біз тұратын ауыл қаладан шалғай еді. Орталыққа қарай баланы тасу, апарып, алып келу қиын іс. Нарықты зерттей келе осы жерге бір балабақша керек деген ойға тоқталдым. Көп күтпей әзірлендім де, «Бастау-бизнеске» өтінішімді қалдырдым. Ол 2019 жыл болатын. Осылайша, өзім тұрып жатқан үйден 100 орындық балабақша аштым. «Балапан» бағдарламасы арқылы жүзеге асқан бұл жоба төңірегінде 100 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Ондағы қызметкерлер де риза, ата-ана мен балаға да бар жағдай жасалған. Барлық стандарттарға сәйкес үйлесімді жұмыс істеуде. Қызмет сапасы мен басқа да аспектілер әрдайым жеке өзімнің қадағалауымда. Бұл жобаны қолға алар кезде мемлекет тарапынан көмек көрсетілді. Атап айтар болсам, «Ауылшаруашылығын қолдау» орталығынан жеңілдетілген несие алдым. 6 миллион теңгені 8 пайыздық жеңілдікпен алу едәуір көмек болды.
Ал мына жаңа балабақшаға келсек, Жаркентке жақын Көктал ауылында 13 мыңнан астам халық тұрады. Онда бір мемлекеттік, бір жекеменшік балабақша жұмыс істеп тұрған. Әлбетте, бұл аз. Нарықтан сұраныс бар болған соң екінші балабақшамды ашуға ниет білдірдім. Міне, осы қыркүйектен бұл жоспарым да жүзеге асып, жаңа балабақшаны аштық. Бұл жолы «Даму» қорынан 65 миллион теңге несие алып, бұрын дәмхана болған ғимаратты қайта жаңғырттық. Мұнда да 100 орын бар. Қызметкерлер саны 20-дан асады.
Білім беру саласында негізге алатын дүниелердің бірі ұлттық құндылықтарды сіңіріп, сапалы білім беру. Әрдайым осы талапты назарда ұстап, бағытымызды белгілеп отырамыз. Мәселен, топтардың атауының өзі үлкен мәнге ие: Абай тобы, Ыбырай тобы, Әл-Фараби тобы және Бауыржан Момышұлы тобы. Мұндағы мақсат – мемлекеттік тіл мен ұлы тұлғаларымызды дәріптеу. Себебі Жаркент көпұлтты елді мекен. Әртүрлі этностар бар. Соның бәріне ортақ осындай топтардың болуы да жақсы нышан.
Кіріс турасында сөз қозғар болсақ, мемлекеттік балабақшалар мен жекеменшік балабақшалардағы төлемақы құнында аса айырмашылық жоқ. Бәрі бірдей. Ауылдық өңірлерде 10-12 мың теңге. Ал аудан орталығында 12-15 мың теңге. Қазіргі таңда ауданымызда 12 мемлекеттік, 50-ден аса жекеменшік бала-бақша бар. Мемлекет тапсырыс бойынша 3 жастан асқан балаларды, осы жылғы қыркүйектен бастап 2 жастан асқан балаларды қаржыландырады. Сондықтан кәсіпкер ретінде табыс жақсы. Кәсіпкердің мақсаты да сол ғой – қызмет көрсете отырып, табыс табу. Әрі енді туу қарқыны өспесе кемімейді, сондықтан бұл сала табысты, болашағы бар сала. Үлкен қалаларда жекеменшік балабақша ұйымдастыруға қажеттілік қатты байқалып жатқаны да осы себептен. Мұндай қажеттіліктің себебі түсінікті – ата-аналардың қолы бос емес, балаларға қарайтын ешкім жоқ, ал мемлекеттік мекемелерде бос орын табу өте қиын. Әлбетте, қажеттілік пен сұраныс бар жерде кәсіп те бар.
Балабақшаға балалар 3 жастан бастап қабылданады, топтар жас бойынша бөлініп, белгіленеді. Жұмыс уақыты таңғы сегізде басталады. Бір күнде балалар 4 рет тамақтанады. Дамытуға арналған, сергітетін ойындар мен сабақтар, серуендеу, күндізгі ұйқы мен бос уақыт кесте бойынша ұйымдастырылады. Тамағына таңғы ас, түскі ас, бесіннен кейінгі ас және кешкі ас кіреді. Барлық азық-түліктің сапасы жоғары, белгілі бір дәрумендер құрамы болуы керек және балалар ерекшеліктерінің ескерілуі тиіс, ас мәзірі әр маусымға құрылады. Бұл орайда қатаң қадағалау маңызды.
Балауса Ділдәбек