спорт

«Баланы таеквондоға 4-5 жасынан бастап берген дұрыс»

Таеквондо – әлемдегі танымал жекпе-жек өнерінің бірі. Ол корей халқының ұлттық спорты саналады. Оның жекпе-жек өнері ретіндегі тарихы тереңде жатқанымен, жеке спорт түрі ретінде сәл кеш дамыды. Заманауи күрес жүйесі ретінде XX ғасырда ғана қалыптасқан. Ал Олимпиада бағдарламасына 2000 жылы Сиднейде ғана енді.

таеквондо

Бұл спорт түрі Қазақстанға да сәл кеш жетті. Таеквондоның біздің елдегі тарихы 1991 жылдан басталады. Оны қазақ даласына халықаралық спорт шебері, қара белдіктің 6-дан иегері Мұстафа Өзтүрік әкелген. Ең қызығы, Қазақстанда таеквондоға өз қаракөздеріміз көбірек қызығушылық танытты. Тәуелсіздіктен бергі ұлттық құраманың тізіміне қарап отырып, осындай ойға қалдық.

Біздің елде таеквондоға қызығатын жастар көп. Әсіресе ата-аналар мектеп жасындағы баласын осы спорт түріне беруді жөн көреді. «Мықты спортшы болмаса да, мықты азамат болсын» деп жатады көбі. Кей дерек бойынша, қазір елімізде таеквондомен 20 мыңнан аса адам шұғылданады екен. Бірақ таеквондодан әлемдік аренадағы нәтижеміз керемет деп айта алмаймыз. Бұл спорт түрінен жалғыз Олимпиада жүлдегері шыққан. Атап айтқанда, 2008 жылы Қытай астанасы Бейжіңде өткен жазғы Олимпиада ойындарында Арман Шілманов қола жүлдегер атанды.

2026 жылы 19-22 ақпан күндері Англияның Лестер қаласында таеквондодан студенттер арасындағы әлем чемпионаты өтті. Осы жарысқа қатысқан қазақстандық спортшы Абдельазим Исмаил 87 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алды. Біз әлем чемпионы атанған Абдельазим Исмаилдың өзіне хабарласып, шағын сұхбат құрдық.

Абдельазим Исмаил қазір Англиядағы Nottingham Trent University университетінің екінші курсында оқиды. Жас спортшы 2025 жылы университеттегі таеквондо клубының президенті атанғанын айтады. Сондай-ақ ол Оңтүстік Кореядағы KUKKIWON ұйымы бекіткен қара белбеу және үшінші дан иегері.

– Жақында студенттер арасындағы әлем чемпионатында топ жардыңыз. Кез келген спортшы үшін әлем чемпионы атану оңай шаруа емес. Бұл сіз қатысқан ең ірі турнир ме?

– Иә, бұл мен өнер көрсеткен ең ірі турнирлердің бірі болды. Студенттер арасындағы таеквондодан WT және ITF әлем чемпионаты Ұлыбританияның Лестер қаласында өтті. Жарыс төрт күнге созылды. Оған әлемнің 66 мемлекетінен келген мыңнан аса спортшы қатысты.

Турнирге дайындалу үшін ұзақ уақыт пен көп күш жұмсадым. Жарысқа қатысқан адам көп болғандықтан, 4 жекпе-жек өткізіп, чемпион атандым. Алдымен Греция және Испания спортшыларын жарыс жолынан шығарып, жартылай финалда Англия таеквондошысынан басым түстім. Ал финалда Польша мемлекетінің өкілімен кездесіп, жеңіске жеттім. Төрт қарсыласымның бәрі жоғары деңгейдегі спортшылар болды, жекпе-жектер оңай өтті деп айта алмаймын. Оның үстіне сырттан өте көп қысым түсті. Жақындарымның, жаттықтырушыларымның үмітін ақтауға тырыстым. Тіпті әкем мен інім маған қолдау білдіру үшін арнайы Англияға ұшып келді. Соның арқасында өзімді сабырлы әрі сенімді сезіндім.

– Бір сұхбатыңызда «спорттан гөрі оқуға көбірек көңіл бөліп жүргеніңізді» айтқан едіңіз. Студенттер арасында әлем чемпионы атанып отырсыз. Осы жетістіктен кейін ойыңыз өзгеріп, спортпен шындап айналысуға бел буған жоқсыз ба?

– Өткенде айтқандағыдай, басты мақсатым – ол сабақ оқу. Өзім үшін ең маңыздысы оқу деп санаймын, сол үшін оқуға өте көп уақыт бөлемін. Сондықтан маған ұлттық құрамаға қабылдану өте қиын болады деп ойлаймын. Мен Ұлыбританияның азаматы емеспін, сол үшін олар мені өздерінің ұлттық құрамасына шақыра алмайды. Қазіргі басты жоспарым – Еуропада өтіп жатқан G-1, G-2 турнирлеріне қатысып, ұпай жинау.

Сондай-ақ биыл маусым айында Астана қаласында өтетін Kazakhstan Open турниріне дайындалып жатырмын. Аталған жарысқа көптеген елден ең мықты спортшылар қатысады. Сол жарысқа жақсы дайындалып, шетелден келген спортшыларға Қазақстан таеквондо спортының жоғары деңгейін көрсетсем деймін.

– Тәуелсіздік алғаннан бері таеквондошыларымыз Олимпиада ойындарында жалғыз медаль алды. Біздің спортшылардың әлемдік деңгейде үздік нәтиже көрсете алмауының себебі неде деп ойлайсыз?

– Қазақстандағы таеквондо спортының дамуына оң баға беремін. Әсіресе кейінгі 2-3 жылда елімізде таеквондо жақсы дамып жатыр. Республикалық чемпионаттарды ұйымдастыру деңгейі жақсарды. Былтыр жаңадан Kazakhstan Open турнирі өткізілді. Олимпиада ойындарындағы нәтижеміз ойдағыдай болмаса да әлем чемпионаттарында медаль алып жүрміз. Былтыр желтоқсан айында 21 жасқа дейінгі әлем чемпионатында 2 алтын және бір қола медаль жеңіп алдық, ал оның алдында ересектер арасындағы әлем чемпионатында 2 қола медаль еншілеген едік.

Кейінгі кезде еуропалық спортшылар жеребе кезінде қазақстандық таеквондошымен түсіп қалса, уайымдап, жасқанатынын байқап жүрмін. Олар біздің спортшылардың деңгейі жоғары екенін мойындап, жекпе-жек өткізу оңай болмайтынын айтып жатады. Мен мұны спортшыларымыздың деңгейінің айтарлықтай өскенінің көрсеткіші деп санаймын. Сондай-ақ 2027 жылы Қазақстанда тұңғыш рет таеквондодан әлем чемпионаты өтеді. Мұны біздің таеквондо федерациясының осы спорт түрін насихаттаудағы сәтті қадамы деп есептеймін. Халықаралық федерацияның бізге назар аударып, әлем чемпионатын өткізуге мүмкіндік бергенінің өзі қазақстандық спортшылардың әлемдік деңгейде жақсы өнер көрсетіп жүргенін білдіреді.

– 27-28 ақпан күндері Болгарияның София қаласында таеквондодан Bulgaria Open-2026 турнирі өтті. Бұл сында Қазақстан құрамасы 5 алтын, 1 күміс және 5 қола медаль жеңіп алды. Құраманың осы турниріндегі нәтижесіне қандай баға бересіз?

–⁠ Ұлттық құрамада менің өнер көрсететін достарым көп, сондықтан оларға қолдау танытып, әр турнирді тамашалауға тырысамыз. Олар үшін қобалжып, әр жарыста үздік нәтиже көрсетуіне тілектес боламын. Әрине, өз достарымның ғана емес, құрамадағы өзге спортшыларды да қолдаймын. Олардың жеңісі маған қуаныш сыйлайтынын айта кеткенім жөн. Өйткені олардың жеңісін Қазақстан таеквондосының жетістігі деп санаймын. Сондай-ақ өз салмақ дәрежемде өнер көрсететін спортшыларды бақылап отырамын. Кім қандай орын алғанын, кім қандай техника қолданатынын көріп, өз дайындықтарыма пайдаланамын.

– Сіз Еуропада оқып, спортпен айналысып жүрсіз. Сол тәжірибеңізге сүйеніп, Қазақстанда таеквондо спортын жоғары деңгейде дамыту үшін қандай жұмыстар атқару керек деп есептейсіз?

–⁠ Қазақстанда таеквондоны жоғары деңгейде дамыту үшін ең алдымен инфрақұрылымды заманауи талаптарға сай жақсарту қажет, сапалы жаттығу базаларын көбейту керек. Сондай-ақ бапкерлердің біліктілігін арттырып, шетелдік мамандармен тәжірибе алмасу мен халықаралық оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастырудың маңызы зор деп есептеймін. Спортшыларды Еуропа және әлемдік деңгейдегі турнирлерге жиі қатыстырып, олардың халықаралық тәжірибесін арттыру қажет. Жасөспірімдер арасындағы резервті жүйелі дайындау керек. Оған қоса, медиа қолдау көрсету де таеквондоның кәсіби деңгейін жаңа сатыға көтеруге ықпал етеді.

– Қазақстанда таеквондоға қызығатындар көп. Ата-аналар оқушы балаларын осы спорт түріне беруге әуес. Сіздің ойыңызша, баланы қай жастан бастап таеквондоға берген жөн? Сондай-ақ таеквондоға қатысып жүрген оқушылар мен олардың ата-анасына қандай кеңес бересіз?

– Көптеген ата-ана баласын 4-5 жасынан бастап үйірмелерге береді. Менің бақылауымша, бұл қате емес. Ерте жастан спортпен айналысу адамды тәртіпке, жауапкершілікке және еңбекқорлыққа үйретеді. Сондай-ақ спорт баланың өзіне деген сенімділігін арттырып, мінезін шыңдайды. Оқушыларға берер кеңесім – сабырлы болу қажет, нәтижеге бірден емес, жүйелі еңбектің арқасында ғана жетуге болатынын түсіну керек. Ал ата-аналарға айтарым – балаға көп қысым түсірмей, барынша қолдау көрсеткен жөн, осы арқылы баланың спортқа деген қызығушылығын сақтауға көмектесу маңызды дер едім.

– Әңгімеңізге рақмет!

Қуан Өмірхан

Тегтер: Таеквондо
Жангүл Есениязова
Жангүл Есениязова Жангүл Есениязова

Оқыңыз