Басқаны қойып, баладан ұрлау қалып еді
Солтүстік Қазақстан облысының сыбайлас жемқорлықтың ордасына айналып бара жатқаны жаман қынжылтады.
Петропавловск.news басылымы жазғандай, былтыр мектепке деп берілген ноутбуктерді ломбардқа өткізіп жіберген білім беру бөлімі қызметкерлері туралы хабар өңірді дүр сілкіндірген. Бұл оқиға Айыртау ауданында тіркелген еді.Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 30 миллион теңгеге татитын қаржылық заң бұзушылықтарды анықтаған болатын. 2020 жылы жергілікті мектептер үшін ноутбуктер сатып алынған. Бірақ жеме-жемге келгенде оқушылар 177 ноутбуктің орнын сипап қалған. Жалпы құны 28 миллион теңгені құрайтын компьютер жоқ. Қашықтықтан білім алмақ болған мектеп оқушыларына арналған құралдар еді бұл.Тергеу барысында ашылғандай, аудандық білім бөлімінің екі қызметкері мектеп құрал-жабдықтарын заңсыз сатып жіберіп, сонымен байымақ болған екен. Техниканың бір бөлігін ломбардқа өткізіп жіберген, қалғанын OLX сайтына шығарып, өз затындай сата салған. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комитетінің аса маңызды істер бойынша тергеушісі Данияр Биғайдаровтың айтуынша, бұл ноутбуктер аз қамтылған отбасылардан шыққан мектеп оқушыларына арналған болатын.2020 жылғы қатқан карантин кезінде онлайн оқуға мәжбүр болған балаларды қолдауға бюджеттен қаражат бөлінеді. Білім бөлімінің экономисі мен әдіскері қаражаттың бір бөлігін жымқырайық деген жымысқы жоспар құрған. Айыртау ауданына деп 746 ноутбук жеткізілген. Әр ноутбуктың құны 158 мың теңге. Ал СҚО-ның мемлекеттік аудит департаменті қаржылық есеп жүргізу барысында 177 ноутбуктің ұшты-күйлі жоқ болғанын анықтапты.Сөйтсек, мектеп оқушыларына деп сатып алынған техниканың бір бөлігі мектепке жетпей, орта жолда із-түзсіз жоғалып кетіпті. Өзара сыбайласқан экономист Қоспанов пен әдіскер Тілеуов бұл құнды дүниені қолды қылып, оны сатудан түсетін табысты өзара бөліспек болған. Бірақ схемалары тым қарабайыр: әлгі OLX сайты мен ломбардқа жүгірген. Біреуін, тіпті бесеуін ұрласа бір жөн, бірақ 177 ноутбуктың жоқ екенін ешкім байқамас дегендері қалай? Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова атап өткендей, компьютерлік құрал-жабдықтарды сатып алайық деген оң ниетті еңбектің бәрі осылайша еш кетеді.«Өкінішке қарай, атқарылған ауқымды жұмыстарға қарамастан, әрбір мәселені қарастыруға тырысып, компьютерлік техниканы өткізу-қабылдау үрдісінің бейнежазбаларына қарамастан, бізде ұрлық фактілері кездеседі. Бәрін бірдей бақылай алмайсың, біздің ұйымда 600-ге жуық мекеме бар, оларда жұмыс істейтін адамдар саны одан да көп. Жағымсыз жағдайдан енді ел-жұртта теріс пікір қалыптасты, біздің бар жұмысымыз құрдымға кетті десек болады», – деп түсіндіреді Гүлмира Кәрімова бұл жағдайға қатысты.Әлгі екі алаяқ бас бостандығынан айырылды. 2021 жылдың 16 наурызында Қоспанов пен Тілеуовтің үстінен «Аса ірі көлемде жасалған ұрлық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. 28 сәуірде қылмыстық іс сотқа жолданды. 17 маусымда әдіскер Тілеуов 7,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Қоспанов 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Жемқор шенеуніктерге өмірбойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды.СҚО-ны жемқорлық «жұлмалап» жатырПара беру және пара алудан қазақтың көрмеген қорлығы әлі бар екен. Өткен жылы Солтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік қызметкерлерінің бірі ресейлік тасымалдаушыдан 1,5 миллион теңге пара алған. Шенеунік Ресей азаматына «көз қысты» қыламын деп уәде беріпті. Көліктік бақылау инспекциясының бас маманы Жасұлан Мұқанов түбі сотталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлері оны пара алып жатқан жерінен ұстады.Антикор Мұқановтың Ресейден өнімдерді заңсыз тасымалдауға жағдай жасағанын анықтады. Қазақстандық шенді ресейлікке бұрғылау қондырғысын Солтүстік Қазақстан облысының аумағына кедергісіз кіргізіп беремін депті. Бірақ бұл жақсылығы үшін ресейлік ай сайын көліктік бақылау қызметкеріне кассадан тыс 1 миллион теңге төлеуі керек болған. Көз жұма қарап, сені әкімшілік жауапкершілікке тартпаймын деп уәде берген екен Мұқанов.Жүк Ресей Федерациясында тіркелген көлікпен тасымалданған. Ал бұл Қазақстан Республикасының заңына қайшы келеді. 2020 жылдан бері Солтүстік Қазақстан облысының көліктік бақылау инспекциясының 4 қызметкері парамен ұсталды. 2021 жылдың наурыз айында маман Мағзұмов 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Кәсіпкерден жүк тасымалдауда қолдаушылық жасағаны үшін пара алған.Жол-көлік бақылау қызметінің бас мамандарына 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Байзақ және Сәрсенова деген қызметкерлер ірі көліктердің шекарадан заңсыз өтуін қамтамасыз етті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша басқармасы басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин атап өткендей, сотқа дейінгі тергеу барысында инспекция қызметкерлері өз қызметінде бейнежетондарды қасақана қолданбағаны белгілі болды. Осылайша олардың іс-әрекеттерін басшылар байқамаған.Басшылық сөгіс түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Өткен жылы Солтүстік Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді 126 азамат бұзған. Мемлекеттік қызметшілерге қатысты 10 әкімшілік іс қозғалды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды дер кезінде қолданбаған мемлекеттік орган басшыларына қатысты 680 материал жинақталды. 9 тұлғаға 2 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Олардың заңсыз табыстары тәркіленді.