Қоғам

Басты назарда – бұқаралық спорт

Президентіміз өзінің алғашқы жолдауында-ақ бұқаралық спортты дамыту ел үшін маңызды әлеуметтік шаралар қатарында болуы тиіс екенін атап өткен еді.

Басты назарда – бұқаралық спорт

Президент «халқымыздың спортпен шұғылданып, жан-жақты жетілуіне қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің мойнындағы борышы, сондықтан бұл негізгі назарда болуы керек мәселелердің бірі», – деп қадап айтты.

Расында, спорт – денсаулық кепілі. Болашақ ұрпақтың денсаулығы мығымданып, ойы сергектелсе, даму дәрежесі тұрақты болмақ. Ал өскелең ұрпақтың санасы биік, дені сау болса, елдің әлеуеті артатыны айтпаса да белгілі.

Қуанышымызға қарай, қазіргі уақытта ел арасында бұқаралық спортқа деген қызығушылық артып, мемлекеттік бюджеттен де салаға біршама ақша бағытталып жатыр. Бір ғана мысал – «Дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспардың» әзірленіп, бекітілуі. Жоспар нәтижесінде мемлекет азаматтары: кәсіпкерлер спорт кешендерін салуға ниетті екенін білдіріп, қаржы алуға, ата-аналар балаларын кез келген спорттық үйірмелерге тегін жазуға мүмкіндік алды. Бағдарламаға қатысу үшін www.artsport.edu.kz порталы арқылы өтініш берсе жеткілікті.

Салаға байланысты шаралар республикалық статустан бөлек, облыстарда да қарқынды түрде іске асырылып жатыр. Мәселен, биылғы жылы Ұлытау облысында спорттың кенжелеп қалған түрлерін дамытуға басымдық берілді. Облысқа қарасты Қаражал қаласында үлкен теннис корты ел игілігіне жұмыс істеп жатыр. Жоба «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» бағдарламасы аясында жүзеге асқан. Корт – жергілікті тұрғындар үшін бір мезгіл теннис ойнап, жаттығатын мекенге айналған. Сондай-ақ нысанда әртүрлі аймақтық турнирлер де ұйымдастырылып отырады.

Ұлытау облысы тұрғындары спорттан кенде емес. Облыс халқының 33,1 пайызы дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысады. Өңірдің даму бағдарламасына, жергілікті тұрғындардың талабына сай алдағы уақытта маңызды жобалар іске асырылмақ. «Еңбек» футбол клубы жандандырылып, Сәтбаев қаласында «Арыстан» балалар хоккей мектебі құрылмақ. «Ұлытау облысының әлеуметтікэкономикалық дамуының кешенді жоспары» шеңберінде 9 спорт нысанын салу жоспарда бар, оның ішінде 3 объектінің құрылысы жеке инвестициялар тарту нәтижесінде жүргізілмек. Жезқазған қаласында 320 адамға арналған көпфункционалды спорт кешені, Жезді кентінде 160 орындық бірегей дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтермек. Кешенде баскетбол, волейбол, шағын футбол, үстел теннисі, садақ ату, гимнастика, жекпе-жек ойын залдары және бассейн болады.

Сауықтыру және бұқаралық спортты дамыту үшін Қаражал қаласы мен Ұлытау ауылында жабық бассейн, Кеңгір ауылында 160 адамға арналған спорт кешенінің құрылысы басталады. Бастысы облыста алғаш рет спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат ашылмақ. Мектеп-интернат спортшыларды республикалық құрама командалар қатарына қосу үшін дайындықтар жүргізетін болады.

Тегтер: Без Тега
Шыңғыс Атай
Шыңғыс Атай Шыңғыс Атай

Оқыңыз