Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:04, 13 Ақпан 2024

Батыс Путиннің сұхбатын көріп, Зеленскийдің шешімін талқылады

Карлсон мен Путин
Фото:

Өткен аптада Батыс қоғамы Ресей мен Украинадағы екі оқиғаға айрықша мән берді. Біріншісі – Такер Карлсон деген журналистің президент Владимир Путинмен сұхбаты.

Ол Украинада соғыс басталғалы бері Ресейге келіп, Путиннен сұхбат алған алғашқы америкалық тілші. Екінші оқиға – Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы Валерий Залужныйдың қызметтен кетіп, орнына «мясник» атанған Александр Сырскийдің келуі. Жаздағы сәтсіз қарымта шабуылдан соң президент Владимир Зеленскийдің Залужныйға көңілі толмайтыны, екеуінің арасында майдан даласындағы ахуалға байланысты көзқарас қайшылығы бары баспасөзде біраздан бері айтылып келе жатқан.

ДАБЫРАСЫ КӨП, МӘНІ ТҮСІНІКСІЗ СҰХБАТ

Соғыс басталғалы екі жылдан бері Путин батыс баспасөзінің өкілдерімен сөйлесуді қойған. BBC, CNN сынды беделді телеарналардың, өзге де газет-журналдардың сұхбат беруді сұраған хаттарын жауапсыз қалдырып келген. Бірақ кенет оның таңдауы қазір ешбір ресми басылымда немесе телеарнада істемейтін Такер Карлсонға түсіпті. «Неге дәл осы Карлсон?» деген сұраққа Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков «оның ұстанымы өзгелерге ұқсамайды, дәстүрлі англосаксондық БАҚ-тарға қарама-қайшы» деп түсіндірді. Сұхбатынан бірер күн бұрын Мәскеу төрінен сөйлеген Карлсон әлеуметтік желідегі парағында «Путинге небір өткір сұрақ қоюға келдім. Әлем соғыстың нақты неден басталғанын білуге тиіс» деп, барша көрерменіне уәде берген еді. Күттірген сұхбат 9 ақпанда жарық көрді. Екі сағаттан асатын видеоны Карлсон X (Twitter) парағында, Кремль Telegram арнасында жариялады.

Ресей пропагандасын өте жақсы көретін, АҚШ билігін қаралау сөздерін жиі пайдаланатын 54 жастағы Такер Карлсонның есімі америкалықтарға да, орыстарға да жақсы таныс. Ол сұхбат құрудың шебері емес. Студияда өзі жалғыз отырып сөйлегенді ұнататын, саяси-экономикалық мәселелер төңірегінде, қоғамдық-мәдени тақырыптарға да еркін көсілетін, керек десе шешімі күрделі оқиғаларға өз бетімен үкім шығара беретін Карлсонның АҚШ-тағы атақ-даңқы авторлық бағдарламасына байланысты болатын. Оны журналистиканың мәртебелі стандарттарын сақтаған адам еді деуге келмейді. Керісінше, көпшіліктің көңілінен шығатын сыни пікірлерді, сарказм мен иронияны сәтті қолдана білетін шоумен деп атауға болады. Сөз бостандығына қатты ерік берген Америка қоғамында оның билікті келсін-келмесін сынай беретін, сонысына сай көрермені өте көп хабарына ешкім тосқауыл қоймайтын. FOX NEWS телеарнасында ұзақ жыл авторлық бағдарлама жүргізген шоумен-журналистің әр хабары Америка қоғамында қызу талқыға түсетін. Оның аузынан шыққан дәлелді-дәлелсіз мәлімдемелер, конспирологияға құрылған түрлі болжамдары, байламдары елдегі саяси екі лагерь – республикашылдар мен демократтарға үнемі бітпейтін дау тауып беріп, келесі эфирге дейін бірін-бірі қажауға, айтысып-тартысуға жарап тұрған. Хабарларының ықпалды болғаны сонша, АҚШ-тағы саяси көңіл күйді көрермен Карлсонның көзінен танып, сөзінен сезе қоятын. Ол – республикашыл. Экс-президент, бір басында бірнеше қылмыстық іс бар, әне-міне сотталғалы тұрғанына қарамастан, биылғы сайлауда қалай да жеңіп шығуға барын салып жатқан Дональд Трамптың ашық жақтасы. Демократтарды, олардың қазіргі жетекшісі президент Джо Байденді иттің етінен жек көреді. FOX NEWS қабырғасында жүргенде әрбір бағдарламасында Байденнің, демократтардың одан өзге де лауазымды саясаткерлерінің өткен-кеткенін қазып, жаңылған, жазым басқан тұстарын жалаулата көрсетіп, кейде қосып айтып, асыра сынап жіберетін тілі ащы журналисті ел ішіндегі саяси мәселелерге қызығушылығы бар көрерменнің көбі қолпаштап, жөптеп отырады. Сондықтан да оның көрермені көп, желідегі парақтарында соңынан ерушілер (followers) миллиондап саналады. 2023 жылы эфирдегі кезекті бір мәлімдемесінен соң FOX NEWS сотта жеңіліп, шағымданушы тарапқа 768 миллион доллар төлеуге мәжбүр болады да Карлсонды телеарнадан қуып жібереді. Үнемі сөйлеп қалуға дағдыланған, бірдеңе айтпаса отыра алмайтын журналист арада екі ай өткенде өзі сынды Трамптың ашық жақтасы, миллиардер Илон Маскпен келісіп, X (Twitter) желісінде арнайы хабар ашады. Содан бері ол алдағы қарашада өтетін президент сайлауында Джо Байденді Ақ үйден аластатуға бейіл республикашылдардың әлеуметтік желідегі ең танымал жалаугері. Кейбір расталмаған дерекке қарағанда, Карлсонның эфирлерін X платформасында көбірек көрілетіндей етіп арнайы алгоритм да жасалған.

Карлсонның Путинмен сұхбатында айтарлықтай жаңалық, тосын мәлімдеме болған жоқ. «Украина деген ел болмаған, оны Ленин ойлап тапқан» дейтін, бұған дейін сан мәрте қайталаған мантрасын езіп, америкалық журналистің миын аузына түсірді. (Путиннің «қазақтарда ешқашан мемлекет болмаған, жоқ жерден оны Нұрсұлтан Назарбаев ойлап тапқан» дегенін де ұмыта қоймаған шығарсыздар?) «Сіз Украинаға соғыс ашарда НАТО-ны себеп қылдыңыз және Америка бізге шабуыл жасауы мүмкін дедіңіз. Бірақ америкалықтардың миына мұндай мүлде кіріп шықпайды. Неге олай ойлайсыз?» деген алғашқы сұраққа «шамамен отыз секунд, ары кетсе бір минут тарихқа шегінейікші» деп бастаған Ресей президенті тұп-тура 23 минут жауап берді. Журналист бір-екі рет сөзін ортасынан бөлгісі келгендей түр көрсетсе де Путин тоқтамай сөйледі. Ресей президенті сонау ежелгі Русьтен бастап Алтын Орда дәуірі, бірінші Петр патша заманына кетіп, тарихтан дәріс оқи жөнелгенде әдетте алғыр Карлсон әбжыланға арбалған торғай құсап отырды да қойды. Қызмет жолында талай адаммен сөйлесіп, небір саясаткерді састырған, тәжірибелі журналистің бұл әрекетін Путиннің шешендігіне бас ұру емес, алдындағы адамның көңіліне кірбің түсіріп алмауға тырысуы деп бағалауға болады.

Екі сағаттық сұхбатты әлеуметтік желілерден көріп аларсыздар, сондықтан шағын мақалада мазмұндап шықпай-ақ қоялық. Бәлкім, мұхиттың арғы жағындағы америкалықтарға таңсық, тіпті тосын да естілген шығар, алайда «соғысты бастаған біз емес», «аумағын кеңейтпеу туралы ескертулерімізге НАТО құлақ аспады», «Украина билігінде нацистер отыр», «соғыс емес – арнайы әскери операция», «келіссөзден қашпаймыз», «АҚШ-тың өзінде бас ауыртар мәселе көп» деген орыс президентінің сөздері Қазақстан халқына жаттанды. Маңыздысы – батыс қоғамының бұл сұхбатқа айрықша мән беруі. Байденді Украинаға онсыз да көп қаражат шығындады деп сөгетін жұрт үшін ілікке сылтау табылды. Ақ үйдің Украинаны қорғау саясатына қарсы Трамп бастаған тарап «АҚШ-тың жауы алыстағы Ресей емес, ашық шекарадан күн сайын он мыңдап заңсыз өтіп жатқан мигранттар» деп есептейді. Миллиардтаған қаражатты ең алдымен Мексика жақтағы шекараға ұшқан құс өте алмайтындай етіп биік қабырға орнатуға жұмсауға шақырады. АҚШ-тың негізін әуелден осы мигранттар қалағанын алға тартатын демократтар шекараны тарс жауып тастауды «адам құқығын таптау» деп санайды. Кедейліктен, өз еліндегі саяси қуғын-сүргіннен, соғыстан қашып, арып-ашып келген жұртты кеудеден итеру конституцияға қайшы деп біледі. Ресейлік Meduza сайтына Кремльге жақын дереккөздің айтуынша, «сұхбат мазмұны орыс қоғамына арналмаған, керісінше, Байден-Трамп боп тартысып жатқан АҚШ халқына бағытталған. Ал наурыздағы президент сайлауына дайындалып жатқан Кремль үшін сұхбаттың батыста барынша резонансты түрде талқыланғаны пайдалы».

Сұхбатты АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің стратегиялық мәселелер жөніндегі координаторы Джон Кирби «Путин Украинадағы іс-әрекетін жалған, ақылға қонымсыз нәрселермен ақтауға тырысқан» деп бағалады. Ал Ресей қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, бұрынғы президент Дмитрий Медведев, керісінше, «сұхбатта Путин Украина деген ел болмағанын тағы бір дәлелдеді. Карлсон соны сұраудан қорықпай, батылы жеткен бірден-бір журналист» деп жазды. АҚШ-тың «Америка даусы» басылымына жүгінген саяси сарапшылар Путиннің айтқандарында әдеттегідей фейк, шындыққа жанаспайтын мәлімдемелер өріп жүргеніне назар аудара келе «сұхбат журналистика емес, саяси акция» дейтін қорытынды жасайды. Сұхбатты АҚШ-тың CNN телеарнасы «Путин пропагандасының жеңісі» десе, Ұлыбританияның The Guardian басылымы «Бұған дейін Украина президентін «сутенер», «атжалман» деп айыптаған Карлсон Ресейдің диктатор президентін қайта-қайта «мырза» деп, абыройдан жұрдай болды» деп жазады. Бірақ Ресей баспасөзі Карлсон-Путин әңгімесінің әлеуметтік желіде көп көрілгеніне қуанып, «әлемде Путинмен шендесетін саясаткер кемде-кем» дейтін мағынадағы пропагандасын іске қосып, біржақты мақтай жөнелді.

ӨТКЕЛДЕ АТ АУЫСТЫРУ МА?

Украина президенті соғыстың 715-күні қарулы күштердің бас қолбасшысын ауыстырды. Генерал Валерий Залужныйды отставкаға жіберіп, жаздан бері ауыздан-ауызға, құлақтан-құлаққа тарап келе жатқан пыш-пыш сөздерге нүкте қойды. Маусымдағы қарымта шабуылдан айтарлықтай нәтиже болмаған соң Владимир Зеленский қатты ашуланып, соғыс тактикасын жоспарлаған бірнеше отырыста бас қолбасшыға дүрсе қоя беріп, оның есеп-қисабының дұрыс болмағанына кейіген. Осы кеюдің соңы елдегі ең абыройлы екі адамның ортасына сызат түсіргендей еді («Жас Алаштың» 2023 жыл, 7 желтоқсан күнгі санында «Ерлікпен екі жүз метр шегіну. Украинаға Зеленский керек пе, Залужный керек пе?» атты мақала жарияланды). Халықтың сенімі жөніндегі әлеуметтік сауалнамаларда Зеленскийден де көп дауыс алған Залужный сол қолдауға сүйенді ме, кім білсін, батыс баспасөзіне саяси мазмұндағы бірнеше мақала жариялады. Мұны «артық кеткендік» деп есептеген президент «саяси амбицияны көздеген адам әскерден кеткені дұрыс» деп, әлдебір мәселенің шетін қылтитты. Ақыры Залужный орнынан алынды. Украина, Ресей, тіпті Батыс баспасөзі Залужныйдың отставкасы қоғамда үлкен шу тудыруы мүмкін екенін болжаған. Бірақ жарты жылға созылған дастанның соңы ың-шыңсыз аяқталды деуге болады. Президент бас қолбасшының кеудесіне «Украина батыры» деген ең жоғары орден тағып, шығарып салды әрі қалаған қызметіңді таңда деп ұсыныс айтты. Залужный да көпшіліктің көкейінде тұрған «ішкі талас-тартыс, берекесіздік» туралы күмәнді сейілткісі келгендей, президентке қайта-қайта алғыс айтып, қыса құшақтап қоштасты.

Ресей ақпарат құралдарының жазуынша, «Залужныйдың қызметтен кетуіне Батыс мүдделі болған». Пропаганда Украинадан 2014 жылы қашып, Ресей асып кеткен бұрынғы премьер-министр Николай Азаровтың «Залужныйды орнынан алуды Зеленский емес, АҚШ шешеді» деген дәйексіз сөзін жарыса жазып, жырғап қалды. Бұған АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан «кімді қандай қызметтен қашан алып тастау Украина президентінің өз құзырында» деп жауап берді. НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг те «шешім Украинаның өзінікі» екенін айтып, Залужныйдың орнына кім келсе де қолдау білдіретінін мәлімдеді.

Залужныйдың орнын генерал-полковник Александр Сырский басты. Ол бұған дейін Украинаның құрлықтағы әскерін басқарған. Оның есімі 2022 жылы соғыс басталған алғашқы айда ақпарат құралдарында жиі аталды. Себебі Ресей әскері Киевке десант түсіріп, қаланы түгел қоршауға алғанда осы Сырскийдің жоспарымен әрекет еткен Украина сарбаздары күші әлдеқайда басым жауға тойтарыс беріп, ел астанасын қорғап қалған. Мұны The Washington Post газетіне сол жылдың соңында шыққан «Киев үшін шайқас» зерттеуінен оқуға болады. Америкалық басылым Сырскийді «совет заманындағы генерал» деп сипаттайды. BBC агенттігіне берген сұхбатында Украина қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары Анна Маляр генералдың соғысқа математика ретінде қарайтынын айтады. «Соғыс Сырскийге математика іспетті. Ол есептің шешуі болады деп түсінетін әрі оны қалайда шешпей тынбайтын адам. Яғни оның ойынша, соғыстағы қағида – жау бар және оның көзін құрту керек» дейді Маляр.

Украина әскерилерінің айтуынша, Сырский шегінуді жек көретін адам. Жауын әбден зерттеп, оның күшті және әлсіз тұстарын түгел бағамдап алып қана шайқасқа кірісетін қолбасшы ретінде сипатталады. 2014 жылдан бері орыстармен соғыста үнемі алдыңғы қатарда келе жатқан генералды әскери орта «Барыс» деп атайды. Бұл лақап ат өзіне де ұнайтын болса керек, Сырский бір сұхбатында «Ол жануарды жақсы көрем. Себебі барыс күші өзінен артық жауын жеңу үшін қулығын, тактикасын, батылдығын орынды қолдана біледі. Біз де қазір дәл сондай жағдайдамыз» дегені бар. The Guardian газеті майданда жүрген әскерилермен сөйлесіп, Сырскийдің мінез-құлқы, күнделікті әдеті туралы сұраған. Сарбаздар оның күніне 4 сағат қана ұйықтайтынын, жай күндері таңғы 5:20-да оянып, спортпен шұғылданатынын, мүлдем темекі тартпайтынын, арақ ішпейтінін айтқан. Жақынырақ танитындар оның «тарихқа қатты қызығатынын», әлем тарихындағы барлық ірі шайқастардың әрбір жеңісі мен жеңілісі неден болғанын бүге-шігесіне дейін зерттеп алған, «жады мықты адам» деп сипаттаған.

Сырский берген сұхбаттарында, әлеуметтік желіде жазған пікірлерінде «ең басты құндылық – адам екенін, қандай қымбат қару-жарақ болса да оның бәрі екінші, үшінші қатарға ысырылатынын» жиі қайталайды. Алайда BBC сөйлескен офицерлер Сырскийдің жауынгерлер арасында «қатал командир» репутациясы барын, маңындағы офицерлерді өзіне өте қатты жақындатпайтынын, бауыр бастырмайтынын, өзі де ешкімге құлай беріліп, сырын ашып, ақтара бермейтінін айтқан. Олардың сөзінше, Сырский тапсырманы орындату жолында қаншама адамды құрбан етуге даяр қолбасшы. Мұны америкалық Politico газеті майдан шебінде жүрген капитан шеніндегі офицердің пікірімен де қуаттайды. Басылымға офицер Сырскийді «генерал 200» деп сипаттаған. Meduza сайты сөйлескен офицерлер де осыған ұқсас пікір білдірген. Жоғары бас штабтың маңына жақын генералдардың бірі Сырскийді «мясник» деп атаған. Сайт аты-жөнін жасырған генералдың сөзінше, «Залужный – аз шығынмен көп жетістікке жетуді ойлайтын, оған мүмкіндік болмаса, шегіне білетін қолбасшы. Ал Сырский үшін адам шығыны емес, тапсырманы орындау ғана маңызды». Басылым Залужныйдың отставкасын осы қырынан түсіндіруге тырысады. Яғни «Залужный Зеленскийдің бұйрықтарын тыңдаса да өз еркімен әрекет ететін, өзінің қалауымен шешім шығаратын, еркін Бас қолбасшы болатын. Бірақ бұл президент әкімшілігіне ұнамады, сондықтан Жоғары бас қолбасшы айтқанынан шықпайтын, жүктелген міндетті қайтсе де бұлжытпай орындауға тырысатын адамды іздеді» деген қорытынды жасайды.

Украина жоғары билігі Батыстан уәде етілген қару-жарақ, оқ-дәрі жеткілікті мөлшерде, дер кезінде келмесе, әскерді кім басқарса да майдан шебінде ахуал қиындай беретінін түсінеді. Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Алексей Данилов өткен жексенбі күні Португалияның Lusa агенттігіне берген сұхбатында оны ашық айтып отыр. «Бізге қару, қару және қару керек» деген ол Еуропадағы қолдаушылардан алдыңғы шептегі ахуалдың күн өткен сайын күрделене түскеніне назар аударуды сұрайды. Қазіргі жағдайға қарағанда шынымен де солай. Соғыстың алғашқы жылында күтпеген қарсылыққа тап болып, біраз уақыт абдырап қалған Ресей қазір есін жинап алған. Путин соғысты ұзаққа жоспарлап отырғанын аңғартты. Оған да ауыз толтырып айтарлықтай жеңіс ауадай қажет. Ал АҚШ конгресі болса Байден сұраған 61 миллиард долларды Украинаға беру-бермеуді әлі талқылап, келісе алмай жатыр. CNN агенттігінің есебінше, бұл көмек тезірек мақұлданбаса, Украина әскеріндегі оқ-дәрі наурыздың ортасына дейін таусылып қалуы мүмкін.

Айгүл Баба

Автор фото: "Деловой Петербург"