Саясат

«Баяғы жартас – сол жартас!»

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Т.Дүйсеноваға!

«Баяғы жартас – сол жартас!»

Құрметті Тамара Босымбекқызы!

19 тамыз күнгі Қазақстан ұлттық телеарнасы жүргізген «Жедел желі» тікелей эфиріне Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова қатысып ел алдында халықтың сұрағына бір сағат бойы жауап береді дегенді естігеннен ел-жұрт тағатсыздана сізді күткені рас. Жүз мыңдаған адам көргені ютубтан-ақ белгілі болды. Оның да негізгі себептері халық жұмыс орнын табуы мен әлеуметтік әл-ауқатын көтерудегі күрделі істің күрмеуін шешу үшін министр ханымнан білсек деген ой армандары. Ал зейнеткерлік жасына жеткені зейнетақымыз қанша болады, зейнеткерлікке шығу жасына өзгеріс бола ма, жоқ па деген сұрақ жауабын күткендері… Өйткені халықтың тағдыр тауқыметтері тікелей сіз басқарып отырған министрліктің қызметкерлерінің білімі мен ілімі, біліктілік қабілеттерінің негізінде жүзеге асатыны да шындық.

Тамара Босымбекқызы, сізді халқыңыз, осы министрлікте ұзақ жылдар бойы әртүрлі деңгейдегі қызметтер атқарып, соның ішінде министр лауазымы қызметінде майталман маман, шыңдалған қайраткер, кемеңгер кадр, халық көңіліндегі тұлға қабілетіңізден етене жақын білетіні де рас. Өкінішке қарай осы жолғы тікелей эфирде сіз еш ойланбай жауап беретін көптеген сұрақтар сізге жетпей қалды…

Біріншіден, тілші журналистер өздері қайта-қайта жарнамаға кезекті көп беріп, өз сұрақтарын талқыға салумен уақытты ұтымды пайдаланбады. Мүмкін министрлік кадрлары алдын ала солай келіскендіктен, халық сұрағының көбі жауапсыз қалды десек артықтығы жоқ-ау. Оған негіз министрлік кадрлары бірнеше адамдарды алдын ала дайындағаны көрініп қалды. Жуықта ғана үкімет тарапынан алдын ала келісіліп дайындалған сұрақ-жауаптармен қабылдауды тоқтатып, халық үніне шынайы құлақ асу керек деп ескерткенін кадр қызметкерлердің кейбіреуі әлі де түсінбеген сыңайлы. Бұл мәселе халық айта беретін ескі кадрлар мен Жаңа Қазақстанды құра алмаймыз деуінің куәсі іспеттес болды…

Мысалы, біз бір топ адамдар: 8(7172)757222 нөміріне 15-рет хабарластық, бірақ ешкім жауап бермеді. 87055806623 ватсап нөміріне, jedeljeli@qazaqstan.tv поштасына да жазбаша жолдадық, жауап болмады. Тілшінің министрлікке жеткіздік деген хабарламасы ғана келді. Сұрақ бұлай еді: «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» 2013 жылғы 21 маусым күнгі заңына енгізілген өзгеріске қатысты. Аталған заңның 13-бап 1-тармағы. Жасына байланысты зейнетақы төлемін тағайындау үшін еңбек өтілін есептеу кезінде мыналар есепке алынады: 15) Қазақстан Республикасының аумағында және одан тыс жерде жоғары оқу орындарында, оның ішінде даярлық курстары, арнаулы оқу орындарында, училищелерде, мектептерде және кадрлар даярлау, біліктілік арттыру және қайта мамандандыру курстарында, аспирантура, докторантура және клиникалық ординатура, сондай-ақ рухани (діни) білім беру ұйымдарында оқыған жылдары; 16) ведомстволық бағыныстылығына және арнаулы немесе әскери атағының болуына қарамастан, әскерилендірілген күзеттегі, арнаулы байланыс органдарындағы және тау-кен-құтқару бөлімдеріндегі қызмет; 18) Қазақстан Республикасына тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында келген этностық қазақтардың шығу еліндегі еңбек қызметі; ҚР Президенті Н.Назарбаев Астана, Ақорда 2018 жылы 26 желтоқсан ҚРЗ 203-VI.

Заңға енгізілген осы өзгеріске сай 2019 жылғы қаңтар айынан бастап тарихи отанына келіп Қазақстан Республикасының азаматтығын 20 жыл алдында қабылдаған қандастардың шетелдегі еңбек өтілі, оқу жылы, әскери борышын өтеген жылы есепке алынып зейнетақы беріле бастады да 2020 жылдың бірінші тоқсанынан тек еңбек өтілі ғана есепке алынатын болыпты. Оған Көші-қон комитетінің төрағасы заңда Шетелде оқыған жылы мен әскери борышын өтеген жылы есепке алынсын деген бап жоқ деп облыстарға түсініктеме хат жолдауынан болыпты.

Заңға жаңадан өзгеріс ретінде енгізілген 18) тармақта: ҚР-ына тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында келген этностық қазақтардың шығу еліндегі еңбек қызметі есепке алынсын деп айқын көрсетілген. Яғни этностық қазақ дегеніміз – ол шетелден келіп әлі де болса ҚР азаматтығын қабылдамаған қандас бауырларымыз. Олар Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдаған күні «этностық қазақ» деген атауы заң бойынша жойылып ҚР азаматы, азаматша болып есепке алынады. Ал жиырма жыл (шетелден келген этностық қазақтар 2001 жылдан бастап ҚР азаматтығына қабылдана бастаған) бұрын азаматтыққа қабылданғандарын этностық қазақтар, қандастар деп айту заңға қайшы ұғым. Еңбек министрлігі Көші-қон комитеті өздері қандас, этнос деп атауы жергілікті халықтан бөліп ҚР азаматтығын мойындамай отыр ма?! Сондықтан да мақаланың тақырыбын «Баяғы жартас – сол жартас!» деп атап отырмыз. Бұл азаматтардың барлығы Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы 2013 жылғы заңның 13-бап. 1-тармағы, 15), 16), тармақшаларында көрсетілген заң талаптарын толығымен иеленуге ҚР азаматы ретінде құқылы деп білеміз! Ал 18) тармақша ҚР азаматын әлі де болса қабылдамаған, не болмаса ықтияр хатпен жүрген шетелдік қандастарға қатысты.

Құрметті Тамара Босымбекқызы осы мәселенің оңтайлы шешімін тауып заңда бар талаптардың жүзеге асуына ықпал етуіңізді сұраймыз?!

Тегтер: Без Тега
Құрметбек Сансызбайұлы
Құрметбек Сансызбайұлы Құрметбек Сансызбайұлы

Оқыңыз