Саясат

Reuters: Ақ үй Пентагонға Украинадағы Starshield спутниктік жүйесінің жұмысын баяулатуды тапсырған

Ақ үй АҚШ Қорғаныс министрлігіне Украина әскеріне арналған Starshield әскери спутниктік байланыс жүйесінің жұмысын шектеу туралы тікелей тапсырма берген.

украина

Бұл туралы Reuters агенттігі АҚШ пен Батыс елдеріндегі ақпарат көздеріне сілтеме жасап хабарлады.

Агенттік дереккөздерінің мәліметінше, Пентагон басшылығына Украина Қарулы күштері пайдаланатын SpaceX компаниясының Starshield спутниктік желісі арқылы деректерді беру жылдамдығын төмендету жөнінде нұсқау түскен.

Алайда бұл шешімді АҚШ әкімшілігіндегі нақты кім қабылдағаны және оның орындалуына кім жауапты екені айтылмаған.

Аталған ақпарат Вашингтонда қарама-қайшы мәлімдемелерге себеп болды.

Ақ үйдің ұстанымы

АҚШ әкімшілігінің жоғары лауазымды өкілі Reuters агенттігіне президент Дональд Трамптың мұндай тапсырма бермегенін мәлімдеген.

"Президент Дональд Трамп мұндай ештеңе сұраған жоқ", – деген шенеунік.

Ал Ақ үй әкімшілігі бұл мәселеге қатысты ресми түсініктеме беруден бас тартқан.

SpaceX компаниясының негізін қалаушы Илон Маск өз компаниясы тек АҚШ билігінің нұсқауларын орындайтынын айтқан.

Оның сөзінше, Starshield әскери жүйесінің жұмысына қатысты шешімдерді АҚШ үкіметі мен президенті қабылдайды.

Украина әскери қызметшілері Starshield жүйесінің жұмысында ауқымды іркілістер болып, деректерді беру жылдамдығы төмендегенін хабарлаған.

Бұл жағдай АҚШ президенті Дональд Трамптың Украина президенті Владимир Зеленскийді қатаң сынаған мәлімдемелерімен тұспа-тұс келген.

Айта кетейік, Starshield – SpaceX компаниясы әскери және мемлекеттік құрылымдарға арнап әзірлеген спутниктік байланыс жүйесі. Ол кеңінен қолданылатын Starlink технологиясына негізделген.

Әзірге Starshield жұмысының баяулауына нақты қандай шешім себеп болғаны және шектеулердің қанша уақытқа созылатыны белгісіз.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз