Әлеумет

«Байдың балалары көлікке жалған нөмірді жиі пайдаланады» – Бақытжан Базарбек

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Қазақстанда жалған мемлекеттік нөмірлерді пайдаланғаны үшін жауапкершілікті күшейту қажет екенін көтерді. Оның айтуынша, жол-көлік оқиғалары кезінде жиі жалған нөмір қолданған жүргізушілердің кінәсі анықталып жатады.

Базарбек

Депутат мұндай жағдайлар Алматыда ғана емес, өзге өңірлерде де жиі кездесетінін айтты.

«Көп адам зардап шегіп жатыр, апаттар көбейген. Бай адамдар мен олардың балалары жалған нөмірді жиі пайдаланғаны анықталады. Бюджет те үлкен шығынға ұшырап отыр», – деді ол.

Қазіргі заңнамада жалған нөмірді жасау үшін қылмыстық жауапкершілік бар, ал оны пайдалану көбіне тек әкімшілік деңгейде қаралады. КоАП-тың 590-бабына сәйкес, жалған нөмір таққан үшін шамамен 15 АЕК айыппұл қарастырылған, ал көлік жүргізген жағдайда айыппұл немесе жүргізуші куәлігінен айыру жазасы қолданылады.

«15 АЕК деген не? Айыппұл төлейді де, қайтадан сол әрекетін жалғастыра береді. Адамдар қаза болып жатыр. Біз соғыс уақытында емес, бейбіт заманда өмір сүріп жатырмыз. Мүмкін, енді әкімшілік жауапкершіліктен қылмыстық жауапкершілікке өтетін уақыт келген шығар?», – деді депутат.

Ішкі істер министрлігі бұл бастаманы қолдап, ұсыныстың қаралуға қабылданғанын хабарлады.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз