Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:00, 20 Қыркүйек 2024

Бексұлтан Нұржекеұлы, Қазақстанның Халық жазушысы: «Енді жазбаймын» деді

Бердібек Соқпақбаев

«Жалын» баспасында бас редактор боп қызмет атқарып жүргенімде біз қазақ балалар әдебиетінің антологиясын басып шығардық.

 Оның бір томында Бердібек Соқпақбаев пен Мағзом Сүндетовтің шығармалары басылмақшы болып, антология жайлы мақала жазуды маған тапсырды. Сол кезде Бердібек ағаның шығармаларын қайталап оқыған едім.

Ал ең алғаш әңгімелерімен бастауыш мектепте оқып жүргенде таныстым. Бірінші я екінші сынып оқып жүрген шағымда атама кітап оқып беруші едім. Жазушының «Пионер» журналына жариялаған «Он алты жасар чемпион» повесін оқыдым. Кейін бұл повесінің көлемін ұлғайтып, «Жекпе-жек» атауымен қайта жариялады. Антологияға арнап мақала жазып жүргенімде бұл кісі жайлы біздің зерттеушілер мен әдебиетшілердің аз жазғанын байқап таңғалдым. Шығармаларын қайтара оқып шығып, жазушының шеберлігіне тәнті болдым. Бердібек аға шығармаларында ашаршылық кезеңіндегі халық жағдайын, қиын-қыстау замандардың қасіретін және советтік билік орнаған тұста шала белсенділердің дүбәра қылығы мен өз малын өзіне жегізбейтін замандардың шындығын дөп басып суреттеген. Жазушы бірде: «Мен өзгелердей мұрағатта отырып, архив ақтарып, зерттеп жазбаймын. Мен өзімнің басымнан кешкенімді, көрген-білгенімді ғана жазамын» деген еді. Шығармашылығына да арқау болған – өз ғұмыры, басынан кешкен бүгіні мен ертеңі. Әдебиет қағидаларына қарамай, өзінің қазақы болмысымен жазатын қаламгер. Басқа жазушылармен салыстыра отырып, менің өз бағалауымда Бердібек Соқпақбаев шығармашылығының екі ерекшілігі бар. Біріншіден, ол қазақ балалар әдебиетінің классигі. Екіншіден, қазақ проза саласына өлшеусіз үлес қосқан ірі классик. Екі бірдей әдебиет саласына еңбек еткен мықты жазушының «Өлгендер қайтып келмейді» романында бір тұтам өтірік жоқ. Романда оқырман сенбейтін, күдіктенетін ештеңе болмайды. Өзі кешкен өмір мен сүрген тұрмыстың бүге-шүгесіне дейін қаз-қалпында жазады. Бұл кісінің әдебиеттегі шеберлігі – осы.

Антологияға мақаламды жазып, жариялаған соң, Бердібек ағаның өзі іздеп келді. «Сен балаға амандасайын, рақметімді айтайын деп келдім. Сыншылар бәрін жазады ғой, бірақ менің көңілімдегіні дөп басып айтқандай болдың» деп, ризашылығын білдірді. Сол күннен кейін жазушы ара-тұра маған соғып кетуді әдетке айналдырды. Бір күні баспаға қабағы қатулы кіріп келді, үлкен реніші барын аңғардым. Сол күні: «Өзіңнің көргеніңді, жүрегіңе түйгеніңді жазасың. Оның бәрін баспада отырғандар қысқартып тастайды. Менің «Өлгендер қайтып келмейді» романындағы осындай-осындай тұстарын алып тастады. Сонда мен не үшін жазушы боп жүрмін?! Ойымдағыны айтып, жазғанымды баспадағылар түсінбей, құптамаса несіне жазасың… Бөйтіп жазушы болғаның құрысын! Енді жазбаймын» деген реніші болды. Қазір сол оқиға туралы жиі ойлаймын… «Өлгендер қайтып келмейді» қазір толықтырылды ма екен, жазушының өкінішіне құлақ асып, қолға алған жан бар ма?!

Арада біраз уақыт өткен соң, дүйсенбілердің бірінде келіп, баспадағы жиналыстың үстіне түсті. Тыңдап отырып, «Сен осының бәрін қазақ ел болады деп айтып отырсың ба? Қазақ деген мүлде халық боп жарытпайды. Бір-бірінің көзінен шұқып, өмір бойы бірін-бірі құлатып, жығып жүреді. Бұл алауыздықтан, іші тар, қызғанышынан айықпаса, ел болуы қиын» деп, әбден түңіліп сөйледі де, бір шумақ өлең оқып берді. Халық арасындағы жікшілдік пен алауыздықтан шаршаған, көңілі қалған болар.

Бердібек ағаның адамгершілігі әлдеқайда биік тұратын, біреуге кеп екінші адамды даттап, қаралағанын естігенім жоқ. Қанша оқиға жанын жегідей жеп, не қиындық көрсе де, томаға-тұйық мінезінен жаңылмайтын. Жазушылар арасында көрініп қап, атақ-абырой я лауазым іздеген адам емес. Ол кісілерді анау жақтың, мынау рудың адамы деуге келмейді. Бердібектей ағаларымыз жалпы ұлттың жолында, руханияттың игілігі үшін қызмет еткен жандар. Аға өз қиялындағы мемлекетте, әлемде үнемі томаға-тұйық жүргенімен, арасында айтатын әзілдері болушы еді. Басынан кешкені мен өткен-кеткенді әзілдеп айтып отыратын. Жақын араласқан адамға сері мінезді адам, бірақ көптің көзіне жарқылдап түсе бермейді. Дара мінезді адам еді…