Бектенов пен Мишустин қандай келісімдер жасады?
ҚР Үкімет басшысы Олжас Бектенов РФ Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустиннің шақыруымен Мәскеуге жұмыс сапарымен барды.
Келіссөздер барысында Бектенов пен Мишустин сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерімен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин арасында жасалған уағдаластықтардың іске асырылу барысын талқылаған.
Қазіргі таңда екі елдің бизнес субъектілері құны $26,5 млрд болатын 135 жобаны іске асыруда. Сонымен қатар экономиканың негізгі салаларында, атап айтқанда, машина жасау, металлургия және химия өнеркәсібінде жалпы құны $14 млрд-ты құрайтын қосымша 67 бірлескен жоба пысықталуда. Бірлескен күш-жігердің арқасында 11 мыңнан астам жұмыс орны ашылмақ.
«Елдеріміз арасындағы қарым-қатынастар сауда-экономикалық және мәдени ынтымақтастықтың барлық спектрі бойынша жемісті дамып келеді. Маңызды бағыт – өнеркәсіп кооперациясы. Ол қазірдің өзінде өзара табысты іс-қимылдың нақты көрінісіне айналып отыр. Екі ел үкіметтері елдеріміздің көшбасшылары қол жеткізген барлық уағдаластықтарды іске асыру үшін бар күш-жігерін салады», — деді Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов.
ҚР Үкіметінің басшысы Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасындағы өткізу бекеттерін жаңғырту жұмыстарын жеделдету және үйлестіру қажеттігін атап өтті. Кезеңді жұмыс шеңберінде 2027 жылдың соңына дейін жұмыс көлемін ескере отырып айқындалған 30 өткізу бекетінің 29-ы күрделі жөндеуден өтеді.
Тараптар сауда және инвестиция, өнеркәсіп кооперациясы, энергетика, ауыл шаруашылығы, азаматтық авиация, сондай-ақ транзиттік-көлік салаларындағы бірлескен іс-қимылдарды айқындады. Сонымен қатар мәдени-ағарту саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
«Біз Қазақстанмен арадағы өзара сыйластық, сенім және стратегиялық әріптестікке негізделген қарым-қатынасты нығайтуға басымдық береміз. Өнеркәсіпте, энергетикада, медицинада, көлік инфрақұрылымында, цифрлық технологияларда ауқымды жобалар іске асырылып жатыр. Ресей мен Қазақстанның көлік және логистика саласындағы өзара іс-қимыл үшін зор әлеуеті бар екеніне сенімдімін. Біздің елдер аумақтары арқылы Еуразиядағы аса маңызды транзиттік бағыттар өтеді», — деді Михаил Мишустин.
Фото: ҚР Үкіметі