Бес экс-сенатор Құрылтай сайлауына қатысуы мүмкін
Саяси сарапшы Алмас Әубәкіров жеті партияның сайлау тізімдерін талдап, Құрылтай сайлауына бұрынғы бес сенатордың қатысуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, партиялық тізімдерге енгізілген 550 кандидаттың ішінде Сенаттың VIII шақырылымының өкілеттігі тоқтатылған кездегі төрт депутаты бар. Олардың барлығы «Әділет» партиясының тізіміне енген. Ал бұрынғы шақырылымдардың тағы бір экс-сенаторы Қазақстан халық партиясының тізімінде көрсетілген.
«Әділет» партиясы ұсынған бұрынғы сенаторлар:
- Нұрлан Бекназаров;
- Евгений Больгерт;
- Марат Қожаев;
- Ольга Перепечина.
Ал Ләззат Сүлеймен Қазақстан халық партиясының атынан сайлауға қатысады.
Сарапшының айтуынша, партиялық тізімдерде бұрынғы сенаторлардың балалары да бар. Атап айтқанда:
- Замира Кузиева («Әділет») – бұрынғы сенатор Закиржан Кузиевтің қызы;
- Қуанышбай Озғанбаев («Ауыл») – І шақырылым сенаторы Өмірзақ Озғанбаевтың ұлы;
- Арман Ақылбай (ЖСДП) – Қарағанды облысынан бірнеше шақырылым сенаторы болған Серік Ақылбайдың ұлы.
Алмас Әубекеровтің пікірінше, бұрынғы сенаторлар мен олардың отбасы мүшелерінің партиялық тізімдерде болуы бұрынғы парламенттік элитаның жаңа саяси құрылымда да өз ықпалын сақтауға ұмтылып отырғанын көрсетеді.