Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:00, 28 Қараша 2023

Бейбітшілікті талқылаған саммитте Украинадағы соғыс айтылмады

саммит одкб
Фото:

Қазақстанның Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан (орысша ОДКБ) шығатын жоспары жоқ. 23 қарашада Минск саммиті қарсаңында Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Омаров бұл сөзді шегелеп тұрып айтты.

 Ол «ұйымның қайнар көзінде өзіміз тұрмыз және ол мүддемізге сай келеді» деді. Сондай-ақ Омаров жақын арада ҰҚШҰ құрамында өзгеріс болмайтынын мәлімдеді. Алайда Таулы Қарабақ жанжалына байланысты әскер жібермеді деп, әріптестеріне өкпелеген Армения премьер-министрі Никол Пашинян Минскіге бармай қалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан президенті:

– Қақтығыстан бейбіт халық зардап шегіп отыр. Қаншама жазықсыз адам, балалар қаза тапты. Мұндайға бей-жай қарау мүмкін емес.

Садыр Жапаров, Қырғыз президенті:

Тараптарды бейбіт халыққа зорлық-зомбылық көрсетпеуге және қарулы қақтығысты дереу тоқтатып, тез арада келіссөзді бастауға шақырамыз!

Александр Лукашенко, Беларусь президенті:

– Аймақтағы қақтығыс шоғы тағы бір дүниежүзілік соғыстың өртіне ұласып кетуі мүмкін екені алаңдатады.

23 қараша күні Беларусь астанасы Минск қаласында басқосқан Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше елдердің басшылары осындай жалынды мәлімдемелер жасап жатқанда Ресей президенті Владимир Путин біресе қаламсабымен қағазға әлдене жазып, өте маңызды мәселеге бас қатырып отырған адамның кейпін көрсетті. Біресе көзін төңкеріп, жоғары қарап, Лукашенко сарайының төбесіне жалтақтай берді. Жо-жоқ, ол әріптестерінің сөзінен қысылып, ыңғайсызданып қалды десеңіз, қателесесіз. Өзінің ықпалы басым, сөзі өтімді ҰҚШҰ, ТМД, ЕАЭО сынды ұйым саммиттерінде ешкім бетіне келіп көрмеген. Сондықтан әріптестерінің аузынан шығып жатқан «соғыс», «жанжал» деген сөздердің бұған түк қатысы жоқ. Олар анау алыстағы, Таяу Шығыстағы Израиль мен ХАМАС-тың арасындағы атысты әңгіме қылып отыр.

Расында да солай. 2022 жылы Ресей Украинаға соғыс ашқалы бері Путинге одақтастарының бірде-бірі «соғысты тоқтат» дей алмады. Украинада миллиондаған адамды үйінен, елінен бездіріп, жүз мыңдағанын жазықсыз қырып жатқанда сенімді серіктерінің арасынан «болды, жетер енді» деуге ешкімнің дәті бармады. Жақын арада бара да қоймас. Одан да өз шекараларынан шалғайда, экономикасынан жырақ жатқан Таяу Шығысқа ақыл айтып, сол жақтағы жұртқа жанашырлық таныту әлдеқайда оңай әрі ыңғайлы болатынын оның әріптестері де түсінеді.

Минскідегі саммитте елді елең еткізетіндей жаңалық болған жоқ. Лукашенко әдеттегідей, жер бетіндегі зұлымдық атаулының бәріне АҚШ пен Еуропа кінәлі десті. «Аумағын кеңейтуді ойлаған НАТО біздің өрісімізге көз алартады, бірігіп қорғануға мәжбүрміз» деп екіленді Батька. Өзге президенттер оның «жанайқайына» қосыла қоймады. Путин қысқа ғана сөйлеп, одақ аясында қарым-қатынас нығайып келе жатқанын айтты және 2025 жылы «Ұлы Отан соғысының» 80 жылдығын жоғары деңгейде атап өтуді сөз етті. Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның қатысқаны анық, бірақ сөйлеген-сөйлемегені де белгісіз. Егде әріптестері қағаздан оқып жатқанда жалғыз өзі планшет сипап отырған Қырғыз елінің басшысы Садыр Жапаров ұйымның беделін өсіру, Таяу Шығыс пен Ауғанстанға жәрдемдесу жөнінде баяндама жасады. Арасында Лукашенко сөзіне кереғар пікірді Қазақстан президенті айтты. Халықаралық терроризм қаупіне бірге қарсы тұрудың маңызды екеніне тоқтаған Қасым-Жомарт Тоқаев сөз арасында «ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне қатер төніп келе жатқанын, егер ондай қауіп болса да оны үнемі айта берудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Түптеп келгенде, қауіп-қатер әрдайым болған. Халықаралық қоғамдастықтың болмысы осындай. Бұл тақырыпты қайта-қайта көтеру, бізді әлдекімнен қорқатындай көрініс қалыптастырады. Мұндай мәлімдемелер мүлде қате түсінікке алып келуі мүмкін, тіпті қазірдің өзінде солай болып көрінеді» деді. Тоқаев сөйлеп жатқанда Путин өзін сабырлы ұстауға тырысқандай, Лукашенко Путиннің қас-қабағын баққандай көрінді.

МИНСКІГЕ ПАШИНЯН БАРМАДЫ

ҰҚШҰ-ның Минскідегі саммитінде БАҚ назарын аударған адам – Армения премьер-министрі Никол Пашинян. Ол саммитке қатыспады. Қатыспайтынын күні бұрын Лукашенкоға ескерткен және одақтас әріптестеріне сәлем жолдап, «түсіністік танытуды» сұраған. «Түсіністік танытқаны» ма журналистер қатысқан отырыстарда Лукашенкодан басқалары оны жоқтамады. Зор даусы етжеңді денесін ары-бері ырғаған қызуқанды Беларусь президенті жабық есік жағдайында «Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі мүшелерінің бірі қанағаттанбаған кейбір мәселені талқылағандарын» жеткізді. Ол «күрделі мәселелер үнемі болған, бола да береді, оны шешкіміз келсе себепсіз демарш жасамай-ақ дөңгелек үстелде отырып сөйлесейік» деп салды. Бұл оның Пашинянға қарата айтқан сын жебесі болатын. Былтыр қарашада Ереванда өткен саммитте де Лукашенко Армения премьер-министріне «что ты такой хмурый» деп жүйкесіне тигені бар. Анығында ҰҚШҰ мүшелеріне Пашинянның, қала берді Армения халқының өкпесі қара қазандай. 2020 жылы Әзербайжан әскер кіргізіп, Таулы Қарабақты тартып алып жатқанда Мәскеу бастап, Минск қостап, Астана мен Бішкек, Душанбе де араша түспеді. Әскер жіберген жоқ. Керісінше, одақтас Қазақстан мен Қырғыз билігі Ильхам Әлиевті қолдап, құтты болсын айтты. Тіпті Армения арқа сүйеген Ресейдің өзі «Таулы Қарабақ халықаралық құқық нормалары бойынша Әзербайжанның жері» дегенде Ереван жұрты одақтан шығу туралы ұран көтерді. Көшеге шығып, наразылық білдірді. Содан бері Пашинян Путин қатысатын жиындардан іргесін аулақ сала бастады. Өткен қазан айында Бішкекте басқосқан ТМД елдері басшыларының отырысына да қатыспады. 2022 жылы Қазақстандағы «Қаңтар дүрбелеңі» кезінде үш жарым мың сарбазды әп-сәтте жөнелте қойған ұйымның Таулы Қарабақтағы жанжалға келгенде бітімгер күшін жұмсамай, ұстап қалуын армяндар «одақтастардың сатқындығы» іспетті қабылдаған. Мәселен, Армения биыл ұйымның «Бұзылмайтын бауырластық» атты әскери-жаттығуына қатысудан бас тартты. Бірақ өз аумағына АҚШ-тың әскерлерін шақырып, атыс-шабыс машығын ұйымдастырды. Пашинян болса наурызда «ҰҚШҰ Армениядан шығып барады» деп екіұштылау мәлімдеме жасап, Кремльдің қытығына тиген. Минскідегі соңғы саммитте бармаған ол ертеңінде, 24 қараша күні халықпен тікелей эфирде сөйлесіп отырып ұйымнан шығу туралы мәселені тағы қозғады. Пашинян «ҰҚШҰ құрамындағы әріптестеріміз бізді түсінуге тиіс. Ұйымға мүше бола отырып қажетті көмек пен қолдауға қол жеткізе алмасақ және осы мүшелік өзге жақтан келетін жәрдемге кедергі келтіретін болса, өз мүддемізге сай шешім шығаруымыз керек» деді. Ол осы сөзінде Ресейге ренішін ашық мәлімдеді. Премьер-министр Арменияның Ресейге қару-жарақ үшін миллиондаған доллар ақшасын төлеп қойғанын, бірақ орыстар оны әлі күнге дейін жеткізіп бермегенін айтты. Ол «қару-жарақ қазір Мәскеудің өзіне керек екенін түсінеміз. Сондықтан оның орнына мемлекеттік қарызымызды кешірсін» деген емеурінін ашық білдірді. Мәскеу әзірше бұған реакция танытқан жоқ. Бірақ Кремль Пашинянды алдағы желтоқсан айында Санкт-Петербург қаласында өтетін ТМД елдері басшыларының бейресми саммитіне (жыл сайын осы уақытта ұйымдастырылатын бұл жиынды кейбір сарапшылар Путиннің одақтастарына жаятын жаңа жылдық дастарқаны деп атайды) арнайы шақырған әрі өзекті мәселелерді сол кезде талқылауға ниетті екенін аңғартқан. Пашинян ол саммиттен (Путиннің дастарқанынан) бас тарта ала ма? Оны уақыт көрсетеді.

Армения ҰҚШҰ құрамынан шығып кете ме? Пашинян Минскіге барудан бас тартқан соң соңғы бір-екі жылда жиі қойылып жүрген сұрақ әлі де өзекті екенін байқатты. Ұйымның бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов 23 қарашада ақпарат құралдарына арнап өткізген баспасөз конференцияда «мұндай мәселе дәл қазір күн тәртібінде жоқ» деп мәлімдеді. «Дәл қазір» дегеніне қарап, алдағы уақытта мәселенің пайда болуы да мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды. Ал Қазақстан ше? Қоғамда бұл ұйымның Қазақстанға пайдасы жоқ деп есептейтіндер құрамынан шығып кетуді жиі айтады. Бірақ Ақорда бұған келіспейді және үнемі ондай ниеті жоғын қайталап отырады.

ҰҚШҰ ҚАНДАЙ ҰЙЫМ?

ҰҚШҰ бастауын 1992 жылдан алады. Негізін қалаушы алты ел – Ресей, Қазақстан, Армения, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан мен Өзбекстан. Арада екі жылдан кейін қатарға Әзербайжан, Грузия мен Беларусь қосылды. Талап бойынша ұйымға мүшелік әр бес жыл сайын ұзартылып отыруға тиіс. Алайда 1999 жылы Әзербайжан, Грузия мен Өзбекстан ұзартпады да, ұйымнан шығып кетті.

Ұйымның келісімшартындағы ең маңызды тұсы – 4-бап. (Бұл НАТО ұйымы келісімшартының 5-бабына ұқсас) Онда ұйымға мүше елдің біріне сырттан бөтен ел немесе қандай да бір топ шабуыл жасаса бұл одақтағы барлық елге қарсы шабуыл боп саналады. (НАТО ұйымының 5-бабына ұқсас) 1992 жылдан бері бұл бапты ұйым алғаш рет 2022 жылы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қана пайдаланды. Оған дейін бұл бапты ҰҚШҰ мүшелері бірнеше рет іске қосуға талпынған. Мәселен, ҰҚШҰ бұған дейін 2005, 2010, 2020 жылдары Қырғызстанда революция болғанда, 2010 жылы Қырғызстанның оңтүстігіндегі ұлтаралық қақтығысқа, 2020 жылы күзде Таулы Қарабақта Армения мен Әзербайжан арасындағы қақтығысқа араласпаған. 2021 жылы сәуірде Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы қақтығысқа да әскер жібермеді. Бірақ 2022 жылғы Қаңтар оқиғасын Ақорда «шетелден ұйымдастырылған, халықаралық терроризм актісі» деп бағалап, көмек сұрағанда Путин мен Лукашенко, Пашинян мен Жапаров дереу келісті де Ресей – 2500, Беларусь – 500, Тәжікстан – 200, Армения – 70, Қырғызстаннан – 150 солдат жіберген. Олар Қазақстанда наразылық басылғанша бір апта жүрген.

Минскідегі саммитте ұйымның бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов қандай дәлелге сүйенгенін кім білсін, «ҰҚШҰ бітімгерлік миссиясына болашақта сұраныс өте жоғары болады» деген болжам айтты. Сену қиын. Мысалы, 2017 жылы Ресей ҰҚШҰ бітімгерлік миссиясын Сириядағы әскери операцияларға жұмсауды ұсынды. Мәскеудің сондағы аргументі «ұйымның халықаралық деңгейде беделін өсіру» болған. Ұсынысты Армения ғана қолдап, өзгелері бас тартқан. Жалпы, саяси сарапшылардың көбі бұл ұйымды Ресейдің бұрынғы постсоветтік елдерде қандай да бір ықпалын сақтап қалу үшін ойлап тапқан жобасы деп біледі. Жыл сайын ұйымға мүше елдердің басшылары кездесіп, түрлі мәселе төңірегінде кеңес өткізіп жатса да әскери сарапшылардың арасында ҰҚШҰ болашағына күмән келтіретіндер көп.

Сондай-ақ ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің жұмысы да тым күрделі. Мәселен, НАТО ұйымы мен ҰҚШҰ бас хатшыларының қызметін салыстырсаңыз құзыреті тұрғысынан арасы жер мен көктей. НАТО бас хатшысының әскери контингентті үйлестіру, жұмысын реттеу тұрғысында жеке-дара өкілеті көп әрі ұйым бір орталықтан басқарылады. Ал ҰҚШҰ мүшелері ұйымға жетекшілікті бір жыл сайын кезектесіп алып жүреді және жылдам шешім шығару үшін әр елдің жеке-жеке келісімі керек. Осы себептен де биыл Ресей ұйым жарғысына «үйлестіруші мемлекет» ұғымын енгізуді ұсынған. Яғни бітімгерлік күштерді кім, қайда жұмсауды сол «үйлестіруші мемлекет» шешсін деген. Ұсыныс әлі жоба күйінде талқыланып жатыр.

Айгүл Баба

Тегтер: