Бейжіңдегі ең биік ғимаратқа ұшақ соғылды
Қытай астанасы Бейжіңде жеңіл моторлы ұшақ қаланың ең биік ғимараты 109 қабатты CITIC Tower (China Zun) зәулім ғимаратына соғылды.
Оқиға орнына жедел қызмет өкілдері жетіп, аумақ қоршауға алынды.
Әлеуметтік желілерде тараған видеоларда ғимараттан сынықтардың құлап жатқанын көруге болады. Кейбір мәліметтерге сәйкес, құлаған бөлшектердің салдарынан такси көлігі зақымданған. Сондай-ақ оқиға орнынан ұшақтың құйрық бөлігі табылған.
Алдын ала мәлімет бойынша, апатқа Қытайда өндірілген Sunward SA60L Aurora маркалы жеңіл спорттық ұшағы ұшыраған. Ұшақ жергілікті азаматтық авиация компаниясына тиесілі болған. Ұшақтың не себепті ғимаратқа соғылғаны әзірге белгісіз.
Қытай билігі оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жариялаған жоқ. Сондай-ақ зардап шеккендер мен қаза тапқандар туралы нақты ақпарат әзірге хабарланған жоқ. Оқиғаның мән-жайын анықтау жұмыстары жалғасып жатыр.