Сараптама

Билік әкім сайлауынан неге бас тартты?

Қазақ билігінің ұранмен басталып, ұзаққа бармай, ұмытылып кеткен бастамалары аз емес. Осындай аяқсыз қалған науқандар тізіміне әкім сайлауын қосқалы отырмыз. Жақында «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға өзгеріс еніп, аудан және қала әкімдерін сайлау тоқтатылды. Азаматтар енді ауыл әкімдерін ғана сайлайды.

сайлау депутат

Ал аудан-қала әкімдерін бұрынғыдай облыс басшысы тағайындайды. Әрине, қағаз жүзіндегі қағида бойынша әкімді тағайындау үшін жергілікті мәслихаттың келісімі керек. Бірақ біздегі мәслихаттар өзінің құзыреті мен қызметін дұрыс атқарып отыр деп айта алмаймыз. Олар әкім не айтса соны орындайтын, әкімдіктің құжаттарын заңдастырып беретін нотариус сияқты жұмыс істеп келе жатқаны жасырын емес. «Мәслихат депутаттары әкімнің жөнсіз шешіміне қарсы тұрып, райынан қайтарыпты» немесе «жоғары жақ ұсынған әкімнің кандидатурасын мақұлдамай қойыпты» дегенді естіген жоқпыз. Демек, енді аудан және қала басшысын тағайындау және қызметтен босату құзыреті толықтай облыс әкімдерінің қолына өтеді деген сөз.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері ауыл-аймақ орталықтан басқарылып келеді. Атқарушы биліктің кез келген тармағындағы басшыны жоғары жақ тағайындайтын. Тағайындалған әкім өзінен бір саты жоғары басшыға бағынып, соған ғана есеп береді. Халықпен мүлде санаспайды. Қызметінен кетерде «өз басшысына» және президентке алғыс айтады.

Сөйтіп жүргенде билік әкім сайлауын өткізуге бел буды. 2021 жылы ауыл әкімдерін сайлау басталды. Ресми дерек бойынша, содан бері 2 500-ден аса ауыл әкімі тікелей дауыс беру арқылы сайланған. Ал 2023 жылы сынақ ретінде аудан әкімдері мен облыстық маңызы бар қала әкімдері сайлана бастады. Билік бұл науқанды елдің саяси процесін демократияландыру және азаматтарды мемлекетті басқару ісіне араластыру деп атады.

Алғашқы аудан әкімдерін сайлау 2023 жылы 5 қарашада өтті. Сол кезде 42 аудан мен 3 облыстық маңызы бар қаланың (Рудный, Балқаш, және Риддер) әкімін халық дауыс беріп, сайлаған. Осы саяси эксперимент екі жылға жалғасып, биыл ресми аяқталып отыр. Ресми дерек бойынша, екі жылда Қазақстанда 50-ден астам аудан мен қала әкімі халықтың тікелей дауыс беруі арқылы сайланыпты. Билік «эксперимент қандай нәтиже берді, аудан-қала әкімдерін сайлау тиімді болды ма, жоқ па» деген сұраққа нақты жауап берген жоқ. Еш себеп айтпай, өздері бастаған науқанды өздері аяқтай салды. Соған қарағанда, бұл бастама билік үшін аса тиімді болмаған сияқты.

Ал халыққа қалай әсер етті? Бұл жайлы нақты зерттеу, сараптама жоқ. Бірақ өткен бірнеше жылдағы сайлау науқандарына қарап, әкім сайлауы көпшіліктің көңілінен шықпады деп бағалауға болатын шығар. Оның басты себебі – сайлау науқандары ашық әрі әділ өткеніне сенім аз. Оның үстіне сайлауға «сырттан келген» кандидаттар көп қатыса алған жоқ, оларға «үш жыл басшылық қызметте болу керек» деген сияқты әкімшілік кедергілер қойылған.

Мысалы, 2023 жылы 5 қарашада тұңғыш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері сайланғанын айттық. Сол сайлауда көбіне бұрынғы әкімдер немесе олардың орынбасарлары жеңіске жетті. Атап айтқанда, 29 аудан мен облыстық маңызы бар қалада бұрынғы әкім креслосын сақтап қалса, 12 аудан мен қалада бұрынғы әкімнің орынбасары атқа қонған. Яғни 45 әкімшілік орталықтың 41-інде бұрынғы әкім немесе орынбасары қайта сайланып, 4 әкім ғана жаңадан келген. Оның екеуі аудандық мәслихат төрағасы екен. Сөйтіп билік «демократия қарлығашына» балаған алғашқы сайлауда әкімдіктің маңында жүргендер ғана жеңіске жеткен болатын.

Мұны аз десеңіз, Семей қаласы әкімін сайлау науқаны да осыған ұқсас сценариймен өтті. 2025 жылы 12 қазан күні ел тарихында тұңғыш рет тұрғындар облыс орталығының басшысын тіке сайлады. Негізі бұл үлкен саяси оқиға болатын. Бірақ сайлау сәл сүреңсіз өтті. Ең алдымен әкім креслосына үміткер болған 8 адамның төртеуі тіркеуден өте алмады. Оның бірі наразы болып, сотқа жүгінді. Екіншіден, тіркеуден сәтті өткен 4 кандидаттың бәрі «Аманат» партиясының (жақында «Әділетке» қосылды) өкілі болғаны жұртқа ұнаған жоқ. Көпшілік «сайлауға өзге партияның мүшесі немесе азаматтық қоғам өкілдері неге қатыспайды» деп наразы болған. Үшіншіден, сайлауда алдын ала белгілі болған фаворит-үміткер жеңіске жетті. Яғни ешқандай интрига, талас-тартыс бола қойған жоқ.

Сондай-ақ 2021 жылдан бері жалғасып келе жатқан ауыл әкімдерін сайлау науқаны да биліктің сызығынан шыға қоймағаны белгілі. Басқаша айтқанда, ауыл, аудан және облыс орталығында өткен үш деңгейлі сайлаудың ешбірі көпшілік күткендей болған жоқ.

Бірақ бұған қарап, «әкімдерді сайлаудың қажеті жоқ» деп кесім жасауға болмайды. Науқан басталғанына 2 жыл ғана болды. Билік кемшіліктерді түзетіп, демократияға аяқ басқанның орнына эксперимент басталғанына екі жыл болмай жатып, әкім сайлауынан бас тартып отыр. Халыққа тағайындалған емес, сайланған әкім керек. Өйткені сайланған әкім қызмет барысында еркіндеу болады, халыққа арқа сүйейді, халыққа қызмет етеді. Өзін облыс әкіміне тәуелді сезінбейді. Кем дегенде жергілікті әкімдер өзінен бір саты жоғары басшының «өз адамы» болмайды. Саясаттанушы Толқын Әуелғазина «Жас Алашқа» сайлау мен тағайындаудың парқы үлкен екенін айтқан болатын.

«Сайланған әкім жергілікті тұрғындардың, өзін сайлаған халықтың алдында жауап береді. Сайланған әкім халықтың ойынан шығуға тырысады, билікке өз талаптарын халықтың атынан тіке қоя алады. Халық сенімінен шығу үшін белсене жұмыс істейді. Әкімнің қызметіне бағаны тұрғындар беретіндіктен, олардың қызметі жанданады. «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға сәйкес, сайланған әкім өзіне жүктелген міндеттерді орындамаса немесе тұрғындар оның мәселені шешуге қабілетсіз екендігін байқаса, есеп талап ете алады. Себебі үмітін ақтамаған әкімге халық екінші қайта сенім білдірмейтіні анық. Осылайша, халықтың талабы мен әкімнің жауапкершілігі күшейеді. Яғни халықтың жергілікті билікті қалыптастыру мен жергілікті басқару үдерісіне қатысу белсенділігі артады. Ал тағайындалған әкім тікелей аудан, облыс әкіміне бағынып, көбінесе өзін тәуелді сезінеді. Нәтижесінде, тағайындалған әкімнің көпшілігі тұрғындармен ынтымақтаса жұмыс істей алмайды».

Ендеше, билік әу баста алаулатып-жалаулатып бастаған саяси науқанды неге аяқсыз қалдырды? Алғаш әкім сайлауы өтетіні белгілі болғанда билікке жақын тұлғалар «елде ашықтық, әділдік, теңдік орнады» деп жарыса жазған. Енді жалт беріп, «әкім сайлау әурешілік екен, қаржы желге ұшты» деп отыр. Тіпті «халықты мемлекетті басқару ісіне араластырамыз» деген ұранның өзі ұмыт қалғанын көріп отырмыз. Соған қарағанда, елде демократия орнатуға биліктің өзі құлықты емес сияқты.

Саясаттанушылар билік әу баста әкімдерді сайланбалы етуге ниетті болған жоқ деп санайды. Мұндай науқанды елде демократиялану процесі жүріп жатқандай әсер қалдыру үшін ғана қолға алып, белгілі бір мерзім өткен соң бас тартып отырған болуы мүмкін. Өйткені билік әділ сайлау өткізуге әлі дайын емес. Әділ сайлау өткізу үшін ең алдымен әкім болғысы келген кез келген азаматты кандидат ретінде тіркеу қажет. Екіншіден, сайлауалды кампанияда әр кандидат тең мүмкіндікке ие болып, қызметтегі әкім билік ресурсын пайдаланбауы керек. Үшіншіден, сайлауда көзбояушылық жасамау, бюллетень санағанда бұра тартпау қажет.

Егер ауыл, аудан және қала әкімдерін осындай әділ жолмен сайлау жолға қойылса, халықтың белсенділігі артып, саяси талабы күшеюі мүмкін. Бұлай жалғаса берсе, барлық деңгейдегі сайлауды әділ өткізуге тура келеді. Бұл қазіргі қалыптасқан жүйе үшін қауіпті болуы мүмкін. Әдетте билік маңында жүргендер «халық әлі демократияға дайын емес» деген уәжді жиі айтады. Әкім сайлауына қатысты да осыған ұқсас пікір айтылғанын естідік. Демек, билік өзінің кемшілігін халыққа таңып отыр.

Әзімбай Ғали
Фото: ашық дереккөз

«Менің ойымша, номенклатуралық сайлауға қарағанда еркін сайлау демократияға жақын. Еркін сайлау номенклатуралық ықпалды азайтады, сондықтан ол демократиялық принциптерге сай келеді. Мұндай жүйе орнаса, қоғамда тазалық орнап, парақорлық азаяр еді. Демократиялық бағыт коррупцияны тежейді, сондықтан еркін сайлауға көшкен дұрыс.

Онда билік әкім сайлауынан неге бас тартып отыр? Бұл жерде билік басындағыларды да түсінуге болады. Өйткені біздің номенклатура тартысты саяси бәсекеден кішкене қорқады. Әділ саяси сайлау өткізгеннен гөрі жоғарыдан тағайындаған дұрыс деп есептейді. Еркін сайлаудың бір жақсы жері – қоғамдық пікірді есепке алады. Бірақ кейбір жағдайда еркін сайлауда жеңген тұлға сәтсіз тұлға болуы мүмкін. Бұл жағы да бар. Бірақ мұндай қателіктен қорықпау керек. Қоғамның дамуы осындай тәжірибеден құралады. Менің ойымша, аудан әкімдерін халық сайлағаны дұрыс, халық ақымақ емес. Сондықтан оны тоқтатпау қажет еді. Аудандық деңгейде, облыс деңгейінде түрлі талқылаулар жүруі мүмкін, номенклатуралық тартыстар болуы мүмкін. Осы арқылы кемшіліктер түзеледі. Бірақ мұндай үрдістер ашық жүруі қажет. Мысалы, демократиялық мемлекеттерде саяси тартыстар болады, бізде де бірте-бірте саяси тартыстар қалыптасады. Одан қорықпау керек», – дейді саясаттанушы Әзімбай Ғали.

Қуаныш Қаппас

Тегтер: сайлау
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз