Саясат

Біздің бағымызға енді Заманбектей зор азамат бұйыра қоймас

Бүгін – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Алматы астана болып тұрғанда, ел енді ғана тәуелсіздік алып жатқан кезеңде қала әкімі, кейіннен Алматы облысының әкімі (облыс орталығы Алматы қаласы), төтенше жағдайлар агенттігінің төрағасы болған Заманбек Нұрқаділов қаза болған күн.

Біздің бағымызға енді Заманбектей зор азамат бұйыра қоймас

Ел ішінде З.Нұрқаділовтің өліміне қатысты әртүрлі болжамдар айтылады және «нағыз шындық кейін айтылады» дегенді де жиі естисіз. Ресми билік кеудесіне екі оқ, басына бір оқ тиіп, өз үйінде қаза болған оппозициялық саясаткерді «өзіне қол жұмсап қайтыс болды» деген қорытынды шығарды. Ал халық әлі күнге оған қастандық жасалғанын айтып келеді. Осы екідайлықтан болар, Заманбектің көзін көрген, бірге қызмет істескен адамдар былай тұрсын, қарапайым жұрттың өзі ол туралы пікір білдіруден жалтарып тұрады. Осыған орай, «Жас Алаш» газеті пікір білдіруге келіскен бірді-екілі замандастары мен кейінгі буынның естелігін, жеке көзқарасын оқырманға ұсынады.

Туған-туыстарын, жақындарын жанына жинаған жоқ

Жұмаш КЕНЕБАЙ, журналист, ақын:

– Ол кісінің бір кереметі – өзінің ұлтын, қазағын жанындай сүйді. Қазіргі таңда дәл сондай бірде-бір шенеунік жоқ. Зәкеңмен Алматы қаласы әкімдігінде бірге жұмыс істедім. Алматы қаласында оның шапағаты тимеген бірде-бір қазақ зиялысы жоқ шығар. Халқын баспанасыз қалдырмауға тырысатын. Ұлт дегенде, ол кісінің жүрегі ерекше соғатын. Алдына көмек сұрап кірген бірде-бір адамды жылатып шығармаған. Ол тәуелсіздіктен кейін бірінші болып Алматы көшелерін қазақшалаған адам. Осы күнге дейін қолданыстағы қазақша көше атауларының бәрі Зәкеңнің қалауымен жасалған дүниелер.  Шаңырақ оқиғасы кезінде де қаптап келіп жатқан қазақтарды далаға қаңғытып жіберген жоқ. Бәріне 10 сотықтан жер берді. Құжаттарын жасап, сол жұмыстың басы-қасында жүрді. Алматы қаласының орталығында кейбіреулер үйді басып алған жағдайда да  мәселені әділ шешуге, қазаққа қолынан келгенше көмек беруге тырысатын.

Әрқашан «қазақты жылатпаңдар» дейтін. Жерге байланысты дау кезінде ұлттық қауіпсіздік комитеті және басқа да заң органдары күшейіп жатса, «Қойыңдар, бұл – қазақтың жері. Қазақ сұрамағанда, кім сұрайды?» –  дейтін еді. Зәкеңнің тағы бір артықшылығы – әкім болған кезде туған-туыстарын, жақындарын жанына жинаған жоқ. Мен білген Заманбек еліне таза, адал қызмет етті. Өз қалтасын емес, халқының қамы үшін жұмыс істейтін.

Ол кісінің өзін ұстауы да бір қызық еді. Зәкеңнің үстінен сот қозғалған-тұғын. Процесс өтіп жатқан кезде судьяның сөзін қалаған уақытынды бұза беретін. Кезінде өзі тағайындаған адамдар болғасын, солардың алдында үндемей қалмайтын. «Мен тыныш отыра алмаймын, мынау бағытты басқа жаққа бұрып жатыр ғой», –  дейтін. Бұл Заманбектің аңғалдығы еді. Сотқа қатысып отырған журналистер Зәкеңнің қылығына мәз болатын.

Зәкең мемлекеттік қызметтен кеткеннен кейін қарамағындағы адамдар, кезінде құрдай жорғалағандар бір келіп сәлем беруге жарамады. Көмекшілеріне дейін жағдайын сұраудан қалды. Зәкең түнгі сағат 3-4 шамасында қоңырау шалып, «такси ұстап кел, ақшасын өзім төлеймін»   дейтін. Барғаннан кейін «керек емес» дегеніме қарамай, жол-пұлымды қалтама салып беретін. Сол кездері газетімізді шығартпай, соттап, жауып тастаған еді. Бізді қаржыландырған ешкім болмады. Солай тиынсыз қалған тұста «азғантай ғана ақшам бар еді, келін екеулеріңнің қарындарың ашып қалмасын» деп, әрқашан көмек қолын созып отыратын. Жүрегі жылы, қолы ашық адам еді. Зәкеңдей адам сол кезде де жалғыз болған, қазір мүлдем жоқ.

Балташ ТҰРСЫМБАЕВ, саясаткер:

               Отыз жылдағы ең ірі тұлға – Заманбек

– Заманбекпен замандас, құрдас ретінде жақсы араластық. Мен ол кезде үкімет төрағасының бірінші орынбасары болып, Зәкең Алматы қаласының әкімі болып тағайындалғанбыз. Сол уақыттан бастап етене жақын болдық. Заманбектің ерекшелігі – қазақ үшін аянбайтыны. Ел оны әлі күнге дейін жақсы көреді, аузынан тастамайды. Оның халқына сіңген еңбегінің бірі – қазағын баспанасыз қаңғытпайтыны. Ол басқарған жылдары Алматы қаласында алғаш рет коммерциялық үй салынды. Оны Крамдс банк қаржыландырған. Банктің бастығы Те дейтін кәріс ұлтының азаматы болатын. Кеңес өкіметі кезіндегі заңға сәйкес, коммерциялық мақсатта салынған көпқабатты тұрғын үйлердің 10 пайызы халыққа бөлінуі керек болатын. Тәуелсіздік алғалы заңға әлі өзгеріс енбеген кез еді. Осы заңға сәйкес, Заманбек сол көпқабатты үйдің 10 пайызын көпбалалы отбасыларға бермек болып, банк бастығына хабарласады. Бірақ Те қарсылық білдіріп, үйін бермейтінін айтады. Алайда Зәкең ешкімнің сөзін тыңдамай, сегіз пәтердің кілтін қазақтарға тапсырған. Кәріс оған ызаланып, жоғары жаққа арызданды. Олар Заманбекке хабарласып мән-жайын сұраған. Зәкең: «Мен үкіметтің рұқсатын алдым, Тұрсымбаев 10 пайызын бере бер деп айтты», ­­–  депті. Бірақ маған бір ауыз ескертпеді. Жоғарыдан хабарласқанда сасқалақтамай, заңның әлі өзгермегенін айтып, Заманбектің сөзін салмақтадым. Кейін Зәкеңнің өзі хабарласып, «Мені алып шығатыныңа сендім ғой, сол үшін сені айттым», –  деген еді. Екеуміздің сөзіміз әрқашан бір жерден шығатын.

Заманбектің еліне сіңірген еңбегі өте көп. Бірақ оны елеп, есімін ауылға қоймаса да, аруағы риза болсын деп, бір көше де берілмеді. Қалтасы қалыңдар облыстарда әкелері бригадир болса да, мәжіліске ақша апарып беріп,  соларға ескерткіш қойып жатыр. Мысалы, Өмірзақ Шөкеев Шымкент облысына алғаш әкім болып келгенде-ақ әкесінің атына ауыл берген. Оның қасында Заманбектің еңбегі ерен. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі 30 жылдағы ең ірі тұлға Заманбек еді. Неге оның атына көше берілмейді? Неге ескерткіш қойылмайды?

                                                       

        

Тегтер: Без Тега
Айжан Бүркітбаева
Айжан Бүркітбаева Айжан Бүркітбаева

Оқыңыз