БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы бір айға қызметінен шеттетілді
Батыс Қазақстан облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мадияр Өтешев қарамағындағы ұйымдардың қызметін тиісті деңгейде бақыламағаны үшін бір ай мерзімге қызметінен шеттетілді.
Бұл туралы БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Мадияр Өтешев қарамағындағы ұйымдардың қызметіне тиісінше бақылау жасамағаны үшін лауазымдық міндеттерін атқарудан бір ай мерзімге уақытша шеттетілді», – делінген хабарламада.
Алайда әкімдік Өтешевтің қызметінен шеттетілуі өңірдегі медициналық ұйым басшыларының жуырдағы ұсталу оқиғаларымен байланысты ма, жоқ па – нақтылаған жоқ.
Аймақтағы дәрігерлердің ұсталу оқиғалары
Еске салсақ, мамыр айында Батыс Қазақстан облысында жеті медициналық мекеме басшысы ұсталған болатын.
Олардың қатарында:
-
облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері;
-
Жәнібек аудандық ауруханасының басшысы;
-
Қаратөбе аудандық ауруханасының басшысы;
-
Теректі аудандық ауруханасының басшысы;
-
Дариян аудандық ауруханасының басшысы;
-
Орал қаласындағы №1 және №6 емханалардың директорлары бар.
Тергеу нұсқасы бойынша, олар ірі жекеменшік медициналық зертханалардың бірі мен басқа да қызмет көрсетуші ұйымдардың өкілдерінен жалпы қамқорлық көрсеткені үшін бірнеше рет пара алған.
Бұған дейін, сәуір айының соңында Батыс Қазақстан облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының директоры да ұсталған еді.