Боксты Олимпиадада сақтап қалуға Головкин үлес қосты ма?

Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) президенті Умар Кремлев 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада бағдарламасына бокстың қайта қосылуын қоғамының үлкен жеңісі деп бағалады.
Грекияның Коста-Наварино қаласында өткен 144-ші Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) сессиясында бокстың 2028 жылғы Олимпиада бағдарламасына қосылуы туралы түпкілікті шешім қабылданды.
«Бокстың Олимпиада бағдарламасында сақталуы — ұзаққа созылған күрестің нәтижесі. Бұл әділ спорттың кез келген саяси ойыннан күшті екенін көрсетеді. Жеңіске жеткендер — спортшылар, бапкерлер, федерациялар және біздің спортқа сенгендердің бәрі», — деді Кремлев.
Ол IBA әлемдегі ең мықты бокс ұйымы болып қалатынын, оның жүйесі ашық, стандарттары жоғары және спортшылардың мүдделеріне бағытталғанын атап өтті. Оның айтуынша, федерация боксшылар үшін тұрақтылықты және әділ жағдайларды қамтамасыз етеді, оның есігі әрқашан ашық.
Еске салайық, бұған дейін DAZN Геннадий Головкиннің Олимпиадада бокстың сақталуына қосқан үлесін атап өткен болатын. Ол қазіргі таңда World Boxing ұйымында жұмыс істейді (ХОК-тың уақытша әлем боксын басқарушы құрылымы ретінде танылған ұйым).
2028 жылғы Олимпиада ойындары Лос-Анджелесте 14-30 шілде аралығында өтеді.