Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:00, 06 Маусым 2024

БОЛАШАҚТЫҢ ДИДАРЫ: VII QAZAQFORUM ҚАЛАЙ ӨТТІ?

QazaqForum 2024
Фото: zhasalash.kz

30 мамыр, 2024 жыл, Астана - Елордамыз Астанада қазақ тілінде онлайн-контент жасаушылардың "Болашақтың дидары. Жаңа технологиялар және медиа" атты VII Qazaq Forum өтті. АҚШ Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылған бұл шара қазақтілді медианың дамуындағы маңызды қадам ретінде есте қалды.

Бұл жолғы форумға 712 адам тіркеліп, оның 699-ы келіп қатысты. Мұндай үлкен қатысушылық форумның өзектілігін және қоғамның қызығушылығын көрсетеді. Медиа сарапшылар, журналистер, блогерлер және түрлі саланың мамандары бір алаңға жиналып болашақтың технологиялары мен медиа саласындағы жаңа мүмкіндіктерді талқылады.

Форумға қатысушылар бұл шараның маңыздылығын атап өтті. АҚШ-тың Уақытша сенімді өкілі Джуди Куо форумның ашылуында қазақтілді контент жасаушылардың еңбегін жоғары бағалап, олардың Қазақстанның медиа кеңістігін ілгерілетуге қосқан үлесін ерекше атап өтті.

"QAZAQFORUM – АҚШ-тың қазақтілді медианы қолдау бағыты бойынша маңызды шарасы. Қазақтілді контент жасаушылардың еңбегі Қазақстанның медиа кеңістігін ілгерлетіп қана қоймайды, қазақ тілінде ақпарат пен танымды контентті тұтынып жатқан өскелең ұрпақтың сана-сезімін қалыптастыру үшін өте маңызды", – деді ол.

Жасанды интеллект: қауіп пе, мүмкіндік пе?

Форумның басты тақырыптарының бірі – жасанды интеллекттің (ЖИ) медиа саласындағы рөлі болды. "Қазақстандық қоғамдық даму институты" ҚеАҚ Басқарма төрағасы Нұрбек Мәтжанидің айтуынша, жасанды интеллектке қатысты үрейлер табиғи құбылыс, бірақ оны дұрыс пайдалану маңызды:

"Адамзат қашан да жаңалықтарға үрке қарап келеді. Сол секілді жасанды интеллектке де қауіппен қарауымыз заңдылық. Бірақ мен ЖИ-ге оң көзқарастамын. Дұрысынан пайдалана білсе, зиянынан пайдасы көп, тіпті қиялымыз жетпеген дүниені іске асыруға мүмкіндік береді", – деді ол.

Ал АҚШ-тан арнайы келген The Atlantic Council талдау орталығының Digital Forensic Research Lab аға ғылыми қызметкері Эмерсон Брукинг:

«Қазақстанға келуді асыға күттім, өйткені әлемде жаңа технология кейде мәдениетті жоя алады, ал мұндағы адамдардың мәдениетті сақтау үшін технологияны пайдалана алатыны өте қызықты болды маған» - деп ағынан жарылды.

Форум барысында креативті индустрия мен мәдениет саласындағы технологиялық өзгерістер де талқыланды. Experts Hive & Digital Hive қауымдастықтарының негізін қалаушы Наргиз Батыршаева күнделікті өмірде нейрожелілер мен промптарды қолданудың әдістерін көрсетті. Бұл көрсетілімдер қатысушыларға жаңа идеялар мен шығармашылық мүмкіндіктерін ашты.

QAZAQFORUM
Фото: zhasalash.kz

ЖИ-дің мүмкіндіктерін көрсету мақсатында форумда Davai.Sxodim медиа жобасының негізін қалаушы Бақдаулет Бекжанов арнайы мастер-класс өткізді. Ол ЖИ арқылы контент жасаудың жолдарын көрсетіп, қатысушыларға бұл технологияны өз жұмыстарында қалай пайдалану керектігін түсіндірді.

Сонымен қатар, Qazaqforum ұйымдастырушыларының бастамасымен және оралдық журналист Еркін Қариннің жетекшілігімен түсірілген Батыс Қазақстан облысындағы су тасқыны туралы 360 форматтағы арнайы репортаж форумға қатысушылар назарына ұсынылды.

Репортаж 1 мамырда Астанадан арнайы жіберілген түсірілім тобының көмегімен түсірілді. Жоба мақсаты – 360 форматта репортаж жасауды қолданысқа енгізу және медиа өкілдерін жаңа технологиялармен таныстыру.

Жаңалық сюжеттерін көруге арналған стендтер 3D көзілдіріктерімен жабдықталған, бұл көрермендерге репортаж атмосферасына толық үңіліп, оқиғаға қатысушы ретінде сезіну мүмкіндігін береді. Бұл жаңа жоба көрермендерге ерекше әсер қалдырып, оқиғаларға деген қызығушылықты арттырады.

Qazaqforum ұйымдастырушылары бұл жобаның медиа индустриясында жаңа дәуірді бастауға көмектесетініне сенімді. Еркін Қариннің айтуынша, мұндай форматтағы репортаждар ақпаратты жеткізудің тиімділігін арттырып, оқырмандар мен көрермендердің қызығушылығын оятады.

Форумның дәстүрлі бейресми бөлігінде танымал әнші Arshat өнер көрсетіп, форум қатысушыларына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

VII Qazaq Forum - қазақтілді медианың болашағына арналған маңызды қадамдардың бірі болды. Форумның нәтижелері мен талқыланған тақырыптары болашақта қазақ тіліндегі контенттің дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз.

Тегтер: