Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:00, 05 Қараша 2024

Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі және әлеуметтік әділеттілік

мүмкіндігі шектеулі
Фото: из открытых источников

  Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекеттік деңгейде көңіл бөліну біртіндеп іске асуда. Соның ішінде оларды жұмыспен қамтудың маңызы зор.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын жақсарту және қоғамға толыққанды интеграциялануын қамтамасыз ету – еліміздің әлеуметтік саясатындағы маңызды басымдықтардың бірі. Жұмыспен қамту арқылы олар өздерін қоғамның маңызды бөлігі ретінде сезініп, қоғам өміріне белсенді араласа алады. Бұл бағытта мемлекеттік бағдарламалар мен жеке сектордың бастамалары бірлесе отырып, мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдағы орнын нығайтуға үлкен үлес қосары анық.

Жұмыспен қамтудың дамуы қоғамның барлық мүшелері үшін тең мүмкіндіктер жасауға және әлеуметтік әділеттілікке жетуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Осы орайда өткен аптада Түркістан қаласында ерекше қажеттілігі бар жандар үшін кезекті бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Түркістан қалалық Мансап орталығының ұйымдастыруымен ерекше қажеттілігі бар жандар үшін кезекті бос жұмыс орындары жәрмеңкеде 11 жұмыс беруші мекеме 38 бос жұмыс орнын ұсынды. Орталық директоры Райхан Нұридинқызының мәлімдеуінше, шараға 30-дан аса жұмыс іздеуші келген. Оларға мемлекеттік жұмыспен қамту бағдарламалары түсіндіріліп, тұрақты жұмыстарға жолдамалар берілді.

«Мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмыспен қамтылуы олардың әлеуметтік бейімделуінің, өзін-өзі дамытуының және тәуелсіз өмірге ұмтылуының негізі. Қазіргі таңда мемлекет мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмысқа орналасуына қолдау көрсету мақсатында арнайы бағдарламалар, квота жүйесі, кәсіби даярлау және қайта даярлау курстары секілді бірқатар шаралар енгізуде. Бұл қадамдар тек қана олардың жұмыспен қамтылуына емес, сонымен қатар кәсіби біліктілігін арттырып, өз қабілеттерін дамытуға көмектеседі. Елімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау мақсатында бірқатар бағдарламалар іске асырылып жатыр. Мысалы, Мансап орталықтарының түрлі бағдарламалары аясында мүмкіндігі шектеулі жандарды оқыту, кәсіби дағдыларын дамыту, өз ісін ашуға көмектесу шаралары қамтылған. Бұл бағдарлама олардың еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтарды игеруіне, заманауи кәсіптік дағдыларын арттыруына ықпал етеді. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар арқылы мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жұмыс орындарын құруға квота беріледі, бұл мүмкіндік те – олардың жұмыспен қамтылуына қосымша көмек. Мемлекеттік қолдаудан бөлек, жеке сектордың мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтуға атсалысуы да аса маңызды. Бірқатар ірі кәсіпорындар мен жекеменшік компаниялар осы топтағы азаматтарды жұмысқа тартып, олар үшін арнайы жағдайлар жасауда. Бұл қадам компаниялардың әлеуметтік жауапкершілігін ғана емес, сонымен қатар қоғамның әрбір мүшесін қолдауға бағытталған құндылықтарын көрсетеді. Жеке сектордағы мұндай бастамалар мүмкіндігі шектеулі жандардың өзін қоғамның қажетті мүшесі ретінде сезінуіне үлкен мүмкіндік береді», – дейді.

Жәрмеңке қорытындысы бойынша Дәулет Нұрекешов есімді тұрғын CAPABLE GROUP мекемесіне, Сұңғат Маратұлы №9 Некрасов атындағы мектебіне жұмысқа орналасты. Жалпы, жыл басынан бері орталықта 8 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Онда 2958 азамат тұрақты жұмысқа жолдама алған. Ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін жұмыспен қамту бағдарламалары жүргізіліп, нәтижесінде жыл басталғалы 20 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысында 100 мыңға жуық мүгедектігі бар тұрғын болса, оның 15 мыңдайы 18 жасқа дейінгі балалар. Жаңа бизнес идеяларды қолдау үшін 300-ден аса мүгедектігі бар адамға қайтарымсыз грант берілген еді.

С.БАҚБЕРГЕН

Түркістан облысы