Оқиғалар

«Ботай – Ұлы даланың мәдениеті»: тарихи мұра жаңа форматта таныстырылды

Қазақстанның бай тарихи мұрасын кеңінен насихаттау, ұлттық бірегейлікті нығайту және мәдени құндылықтарды заманауи форматта таныстыру бағытындағы бастамалар соңғы жылдары жаңа қарқын алды.

1

Осындай жобалардың бірі – Астанада өткен «Ботай – Ұлы даланың мәдениеті» көрмесі. Іс-шара Солтүстік Қазақстан облысының тарихи-мәдени мұрасын шығармашылық индустриялармен және цифрлық технологиялармен ұштастырып, келушілерге Ұлы даланың өркениетін жаңа қырынан таныстыруды мақсат етті.

Көрме аясында Ботай мәдениетіне қатысты археологиялық жәдігерлер, Абылай хан резиденциясының тарихы және қазақтың дәстүрлі қолөнеріне арналған экспозициялар көпшілік назарына ұсынылды. Қыш өнері, кілем тоқу, ағаш өңдеу секілді ұлттық кәсіптердің үздік үлгілері көрсетіліп, шеберлердің қатысуымен тәжірибелік сабақтар ұйымдастырылды. Сонымен қатар этностильдегі сән үлгілері мен өңірдің шығармашылық брендтері таныстырылып, ұлттық мәдениеттің қазіргі заманмен үндесуі көрініс тапты.

Жоба барысында өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда Ботай мәдениетінің тарихи маңызы жан-жақты талқыланды. Жиында сөз сөйлеген Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев Ботай ескерткішінің тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлемдік өркениет тарихы үшін ерекше құндылыққа ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, дәл осы өңірде адамзат тарихында жылқы алғаш рет қолға үйретіліп, бұл оқиға әлем өркениетінің дамуына зор ықпал еткен.

Археолог, тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашев Ботай мәдениетінің тарихи сабақтастығына тоқталып, оның кейінгі қола дәуірінің қалыптасуына негіз болғанын айтты. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысында археологиялық зерттеулердің жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқанын, бұл жұмыстар көне тарихты тереңірек тануға мүмкіндік беретінін жеткізді.

Көрменің тағы бір ерекшелігі – дәстүрлі мәдениет пен заманауи технологиялардың бір кеңістікте тоғысуы болды. «Цифрлық киіз үй» аймағында виртуалды және толықтырылған шынайылық жобалары, жасанды интеллектке негізделген әзірлемелер, робот техникасы мен ойын индустриясының жаңа шешімдері таныстырылды. Бұл тарихи мұраны бүгінгі технологиялық мүмкіндіктер арқылы насихаттаудың тиімді үлгісін көрсетті.

«Ботай – Ұлы даланың мәдениеті» көрмесі ұлттық тарихты дәріптеумен қатар, мәдени мұраны креативті индустриялар арқылы таныстырудың жаңа тәсілдерін ұсынды. Мұндай жобалар жастардың ел тарихына қызығушылығын арттырып, қазақ халқының рухани құндылықтарын, тарихи сабақтастығы мен ұлттық бірегейлігін нығайтуға қызмет етеді.

Тегтер: Ботай
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз