«Бозарық» индустриялық аймағындағы өзгерістер
Қазақстан республикасы премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр елімізде 1993 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан түркиялық Alarko ірі холдингінің басшыларымен кездесу өткізді.
Alarko холдингі қазіргі таңда Шымкент қаласында 500 гектардан астам аумақта ірі жылыжай кешенін салу жұмысына 650 миллион доллардан аса инвестиция салып отыр. Жоспар бойынша биыл құрылыс жұмыстары аяқталып, жобаның бірінші кезеңі пайдалануға беріледі.
Шымкент қаласының әкімдігі хабарлағандай, түрік компаниясы салатын жаңа форматтағы жылыжай кешені қалада екі мың жаңа жұмыс орны ашылуына және азық-түлік қауіпсіздігін мен жылыжай бизнесінің дамуына ықпал етеді.
Биылғы жылдың 1 мамырында вице-премьер Серік Жұманғарин премьер-министрдің отандық өндірісті қолдау жөніндегі тапсырмасы бойынша Шымкент қаласына барып, жұмыс істеп тұрған ірі өндірістік және ауыл шаруашылығы нысандарының жұмысымен және құрылыс барысымен танысқан.
Сол кезде вице-премьерге қалада жылыжай кешенін салу жобасы таныстырылған. Құны 650 миллион доллар болатын инвестициялық жобаны «Бозарық» индустриялық аймағында Түркияның Alarko Holding компаниясы жүзеге асыратыны сол кезде белгілі болды.
Жоба жаңа технологияларды қолдана отырып, бес жүз гектар аумақта кезең-кезеңімен іске асырылады. Alarko Holding салған жылыжайда қияр, қызанақ сияқты бақша дақылдары мен басқа да ауыл шаруашылық өнімдері өсіріледі деген жоспар бар. Ол Шымкент қаласындағы қызанақ пен қияр өсіретін ең үлкен жылыжай кешені болады, онда екі мыңға жуық қала тұрғыны жұмыс істейді.
Холдинг басшылары Астанада өткен премьер-министрінің бірінші орынбасарымен кездесуде жылыжай салу барысында кезең-кезеңімен «әлеуметтік белдеу» құру жоспарланып отырғанын атап өтті.
Сонымен қатар кездесуде халықаралық стандарт бойынша агромамандарды даярлау үшін мамандандырылған академия салу жоспары талқыланды. Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан үкіметі мен ірі холдинг өкілдері инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға сөз байласты.
Мамандар Шымкентте салынатын жылыжай кешені өңір экономикасына оң әсер етеді деген болжам айтады. Өйткені елдегі үшінші мегаполиске инвестиция көлемі артып, құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қала әкімдігінің есебі бойынша, биыл жыл басынан бері инвестиция көлемі 17,4 пайыз артып, 203,6 миллиард теңгеге жетті. Оның ішінде мемлекеттік инвестиция көлемі – 29,5 миллиард теңге, ал жеке инвестиция көлемі – 174,1 миллиард теңге болды. Құрылыс жұмыстарының көлемі 55,7 миллиард теңгеге жетіп, 30,7 пайыз ұлғайды.
Айта кетейік, біз сөз етіп отырған түркиялық холдинг бұған дейін де елімізде ауқымды экономикалық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырған. Мысалы, бірер жыл бұрын консорциум құрамында Үлкен Алматы айналма автомобиль жолын салуға атсалысты.
Қуан Өмірхан
Шымкент қаласы