Әлеумет

БҚО-дағы ауылдар ақ қар, көк мұз құрсауында қалды

Қазіргі уақытта Батыс Қазақстан облысы орталығынан шалғайдағы ауылдар қар құрсауында қалуда.

БҚО-дағы ауылдар ақ қар, көк мұз құрсауында қалды
Жергілікті билік өкілдері «техника сынды», «боран соғып, автожолдарды күртік қар қайта-қайта басып жатыр» деп күн райының құбылуын уәж етіп алған. Жақында облыстық ауылшаруашылығы басқармасы шалғайдағы Қазталов, Жәнібек, Бөкей ордасы аудандары табиғи сипаттағы төтенше жағдай сипатында деп жариялады.  Жәнібек ауданындағы Талов ауылдық округінің тұрғыны, шаруа қожалық иесі Шамиль САЛАХЕВ қарауындағы жылқылар тебіндей алмай, тұралап жатқанын, қытымыр қыстың салдарынан малын сатқысы келетіндер бар екенін хабарлады. — Малымды сатып алуға келіскендердің жіберген екі «Камаз» жүк көлігі қаңтардың 2-сінен бері Жақсыбай ауылынан шыға алмай қаңтарылып жатыр. Жақсыбайдан  Талов ауылына тіке баратын жайдақ жолды қалың қар басқан. Жасым 59-ға келді. Қан қысымым жоғары. Сол себепті Орал қаласына емделуге шығып, Қазталов ауданындағы Қараоба ауылдық округіне қарасты Еңбек ауылында бөгеліп қалдым. Төрт тәуліктен бері жол жоқ. Құтқару қызметінен қайран жоқ. Ауыл басшылығы «қарды ертең аршидымен» отыр. Әбден күдер үздім. Ауылда тұрғындар малын сатқысы келеді. Қыс қаһары қатты. Көктемде мал азығы тауысылып, төрт түлік тұралайды. Билік өкілдері не ойлап отыр? — дейді ауру меңдетіп, күйзелген ақсақал. Қараоба ауылдық округінің әкімі Арман ҒАЛИМОВТІҢ айтуынша, 21 отбасы тұратын Еңбек елді мекені округ орталығынан 20 шақырым қашықтықта. — Қар басқан сайын автожолдарды аршып жатырмыз. Қаңтардың 21-інен бері  бұрқасын жүріп тұр. Еңбектен шығатын жолды аршуға «К-700» тракторы енді келіп жатыр. Жақсыбайда мал тиелген  екі «КАМАЗ»-дың тұрғанын білеміз. Жол салғаннан соң, оларды Қазталов ауданы орталығына дейін шығарып саламыз, — деді ауылдық округ әкімі. Жәнібек ауданы Жақсыбай ауылдық округіндегі Ақадыр елді мекеніне баратын жол Жаңа жыл қарсаңында ғана аршылғаннан бері техникалар ат ізін салмаған. Ақадырда сегіз үй орналасқан. Тұрғындардың бірі Нұрберген ТӨРЕШЕВ осында шаруа қожалығын дөңгелетіп отыр. — Жақсыбаймен арақашықтық 18 шақырым ғана. Тракторден да, ат-көліктен де қайран жоқ. Жолдың жартысына дейін жаяу барып, ауылдан тағы бір кісі қарама-қарсы шығып, азық-түлік алдық. Қазір жол мүлдем жабылды. Ақадырда бірнеше шаруа қожалығы бар. Екі трактор бар. Менікі «ведущий» трактор. Бірақ оппа қардан жүре алмай, дәрменсіз күйінде қалды. Ауыл әкімі жағдайдан хабардар. Қар аршуға шыққан «К-700» траткоры бұзылып тұр екен, — деді Нұрберген Төрешев.Өзінің атын айтпауын өтінген Жақсыбай ауылының тұрғыны дүкен баршылық екенін айтты. Бірақ дүкендерде азық-түлік түгесіліп жатыр. «Астық, сүт жоқ. Дүкендерге тауар тасымалдайтын екі көлік Қараобада, тағы біреуі Қазталовта қаңтарылып жатыр. Сол көліктермен қаладан шыққан студенттер де ауылға жете алмай жатыр», — дейді ол.Жәнібек ауданы әкімдігі ауылдарды қар құрсауынан құтқаруда дәрменсіздік танытып отыр. Аудандағы Ақоба ауылының бір топ азаматы ауылішілік жолды өздері аршуға кіріскені жайында түсірілген видеосы әлеуметтік желілерде кеңінен таралды. Жәнібек ауданы әкімі Азамат САФИМАЛИЕВ  Ақобадағы тұрғындарға есеп беру жиынында «трассаға дейін аршу керектігі» жөнінде ақыл айтып, техникалар жетіспеушілігіне қатысты сабыр сақтауға үгіттеген. Кеше тағы да бет қаратпайтын боран соғып, республикалық маңызы бар жолдар жабылды. Облыстық ТЖ департаментінің баспасөз қызметі сағат 16:30-да  «Ақоба-Жәнібек» жолы бойында 23 адам мінген екі жеңіл және екі жолаушылар көлігі қар құрсауынан шығарылғанын мәлімдеді. Сол күні түнде аудан орталығына жеткізетін республикалық маңыздағы автожолдан 23 шақырым қашықтықта жатқан Ақоба ауылында жас жігіттің ауыр науқастан қайтыс болғаны белгілі болды. Аудан әкімдігі жол аршумен айналысатын жергілікті мердігердің үш техникасы бар екенін ғана хабарлаған еді. Биылғы қыстың қаһары қатты. Жыл басынан бері облыста 184 көлік қардан босатылып, 201 адам құтқарылған.Фото: zakon.kz    
Тегтер: Без Тега
Қуаныш  Қаппас
Қуаныш Қаппас Қуаныш Қаппас

Оқыңыз