Броуд-Пиктегі қар көшкінінен кейін 10 альпинист із-түзсіз жоғалды, олардың арасында Нирмал Пурджа да бар
Пәкістандағы теңіз деңгейінен 8 047 метр биіктіктегі Броуд-Пик шыңында қар көшкіні жүріп, салдарынан 10 альпинист із-түзсіз жоғалды.
Олардың арасында әлемге әйгілі непалдық альпинист Нирмал (Нимс) Пурджа да бар.
Пәкістан Альпинизм клубының президенті Ирфан Аршад Ханның мәліметінше, жердегі іздестіру топтары төрт адамның мәйітін тапқан.
Олардың екеуі Оман азаматы Надира әл-Харти мен непалдық альпинист Пур Бахадур Гурунг («Юкта») екені анықталған.
Іздеу-құтқару жұмыстарына жерүсті жасақтары мен әскери тікұшақтар жұмылдырылған. Алайда биік таулы аймақтың күрделі бедері мен қолайсыз ауа райы операцияны қиындатып отыр.
Альпинизм клубының дерегінше, топ құрамында 43 жастағы Нирмал Пурджадан бөлек АҚШ, Оман, Пәкістан және Непал азаматтары болған.
Нирмал Пурджа 2019 жылы әлемдегі барлық 14 сегізмыңдық шыңды небәрі алты айдан сәл астам уақыт ішінде бағындырып, рекорд орнатқан. Бұл жетістік кейін Netflix түсірген «14 шың: Мүмкін емес ештеңе жоқ» деректі фильміне арқау болды.
Ол 16 жыл бойы Ұлыбритания армиясында қызмет еткен. Сондай-ақ 2019 жылы Эвересттегі альпинистердің ұзын кезегін көрсеткен әйгілі фотосуреті арқылы әлем назарын шамадан тыс адам жиналу мәселесіне аударған.
Броуд-Пик – әлемдегі биіктігі бойынша 12-ші шың. Ол ауа райының құбылмалылығы мен аса қауіпті жағдайларымен танымал.
Айта кетейік, бірнеше күн бұрын Ресейдің Эльбрус тауында алты альпинист қаза тапқан болатын. Олардың бесеуі – Босния және Герцеговина азаматтары, біреуі – Ресей азаматы. Сондай-ақ 31 шілдеде Іле Алатауы шыңдарында қиын жағдайға тап болған екі шетелдік альпинист әйел құтқарылып, тікұшақпен ауруханаға жеткізілген еді.