Саясат

Бұл митинг бұрынғы митингілерден өзгерек

«Саяси реформа жүрсін!», «Саяси репрессия тоқтасын!», «Арон Атабек, Макс Боқаев сынды саяси тұтқындарды босатсын!

Бұл митинг бұрынғы митингілерден өзгерек

»

31 қазан күні Алматыда Ұлттық ғылым академиясы ғимаратының алдында өткен митингде негізінен осы ұрандар айтылды. Бұл митингіні құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина мен Ғалым Ағелеуов ұйымдастырған.  Қалалық әкімдік рұқсат еткен бұл шараға шамамен 300-ге жуық адам келді және олар карантин талаптарына сай, әлеуметтік арақашықтықты сақтап тұрды. Ал медициналық масқа таққан қара киімді полицейлер келушілерді айнала қоршап тұрды. Олардың бұл тұрысы митингіге келушілерге, саяси реформаларды талап етушілерге, ұранды плакат көтергендерге сес көрсету емес еді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі дайындаған, парламент қабылдаған «Бейбіт шерулерді ұйымдастыру және өткізу»  заңының талабы бойынша енді митингіге келушілердің қауіпсіздігін полицейлер күзетуге жауапты. Сондай-ақ Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі қабылдатқан заң бойынша, қазір митинг өткізу шарасы  бұрынғыдан өзгеріп, рұқсат алу жеңілдеген.

Сонымен,  шағын жүк көлік машинасын мінбер еткендердің қатарынан  саясаткер Зәуреш Баталова, экономист Айман Тұрсынхан, режиссер Еркін Рақышев, оралдық «Уральская неделя» басылымының редакторы Лұқпан Ахмедияров, қоғам қайраткері Ермұрат Бапи, ЖСДП партиясының өкілі Айдар Әлібаевтар көрінді.

— Нақты саяси реформалар жасалуы тиіс. Бізге қоспалаталы парламент керек емес. Сайлауға бір мандатпен де түсетін жүйені қайтару керек, – деді саясаткер Зәуреш Баталова.

— Қазақтар белорустардан, қырғыздардан кем емес. Біз де өзіміздің болашағымыз үшін күресе аламыз. Нақты саяси реформаларды жүзеге асыру үшін митингілерге шығу керек. Сайлауға дейін де, сайлаудан кейін де. Біз әділдікке, бостандыққа митингілер арқылы ғана жете аламыз, – деді өз сөзінде Ермұрат Бапи.

    – Ұлттық қордағы қаржы жұмсалып бітті, экономика ұстайтын ақшаның үштен бірі  ғана қалды. Зейнетақы қорында ақша жоқ, бүкіл қаржы 2045 жылға дейін мемлекеттік облигацияларға салынған. Менімен құрдас не жасы үлкен адамдар бес жылдан кейін зейнетке шығады. Бізге не тиеді? Ештеңе алмаймыз. 2021 жылдың екінші тоқсанында зейнетақы төлейтін ақша болмайды. Сондықтан қазір қажет шараларды қолға алып, жағдайға ықпал етуге тырысу керек. Олай жасамасақ, елді біржолата жоғалтып аламыз, – деген Айман Тұрсынхан экономикалық коллапсты төндірді.

Мінберге көтерілгендер осылайша көсіле сөйлеп, босатылуы тиіс саяси тұтқындардың тізімін жариялап, түрлі талап қойып жатқанда, яғни митингінің «тойбастары» болатын тұста бір «қатын» жиынның шырқын бұзды. Әйелше киініп, боянып-сыланған, биік өкшелі аяқкиімін зорға басып, басына парик киген сақалды еркек түрмеде отырған трансгендер әйел Виктория Беркходжаеваны қолдауға келгенін айтты. Сол-ақ екен, топ арасында жік шығып, ашуға ерік бергендер әлгіні ұрып, құлатып тастады. Содан кішігірім дау басталды. Біреулер оны «үш әріптің арандатушысы» деді. Енді біреулер «дені дұрыс емеске» салды.

Кім не десе де, митингіде жүрген журналистер, жиынды әлеуметтік желіде тікелей эфирде көрген жұрт осы қатын-еркектің тақырыбына ауысып, оның қайдан келгені, қайдан шыққанын талқылап кетті. Ал мінберде айтылған сөз сол жерде қалып қойғандай әсер берді.

Дегенмен бұл митингінің бұрынғы митингілерден өзгерек болғаны байқалды. Біріншіден, митинг өткізіп, саяси талаптар қойғаннан оған келушілердің де, биліктің де басы жарылмайтынын байқадық. Еститін мемлекет азаматтық қоғамның күшімен ғана орнайды. Ал азаматтық қоғам орнауы үшін митинг өткізу мәдениеті жетілуі керек. Жұрт мінберде өз ойын ашық айта білуі керек. Яғни осындай шаралардың жиі өтіп тұрғаны мемлекет үшін пайдалы.

Екіншіден, бұл жиыннан ерекше байқалғаны – тіл мәселесі. Мысалы, қоғамның саяси сергек кезі – 2000 жылдардың басында мінберге шыққандар бәріне түсінікті болу үшін орысша сөйлеуші еді. Ал кешегі өткен митингіде орыстілді спикерлер қатты қиналды. Себебі шараға қатысушылар қазақ тілінде, мемлекеттік тілде сөйлеулерін талап етіп тұрып алды. Ал қазақшаға шорқақтар мінберде көсіліп сөйлей алмады. Бұл құбылыс оның мәсін басып тастапты десеңіз, қателесесіз. Бұл халықтың, көпшіліктің мемлекеттік тілге деген сұранысы мен талабы артқанын байқатады. Яғни ел алдына шығамын, саясатпен айналысамын дегендер енді қазақ тілінде сөйлемесе, онда олардың болашағы жоқ деген сөз. Ертең елде сайлау өтпек. Билік пен саяси партиялар үміткерлерін топқа салғанда осы үрдісті ескермесе, опық жейтіні анық.

Тегтер: Без Тега
Қылыш Сламжан
Қылыш Сламжан Қылыш Сламжан

Оқыңыз